Тәрбиелік дәстүрлер - құттықтау

Тәрбиелік дәстүрлер

Бастаңғы
         Жастар «бастаңғы» деп аталатын тамақ істеп, бас қосады. Үйдің үлкендері жол жүріп кеткенде ауыл жастары сол үйге жиналып, «жолаушылардың жолда басы ауырмасын, бастаңғы жаса» дейді. Бастаңғының мәнісі – жастардың сол үйде ойын-сауыққа басқосуы. Дәстүр бойынша бұған тыйым салуға болмайды. Бастаңғыны жастар жасайды.


Тобық жұту
         Халықта қоян тобығын жұту ырымы – ежелден бар дәстүр. Оның шарты – тобықты жұтушы жас адам жұтар алдында:
Батыр болсам – жүрегімнен шық,
Палуан болсам – білегімнен шық,
Шешен болсам – таңдайымнан шық,
Бақытты болсам – маңдайымнан шық, - деп серттесіп барып жұтады. Халық ұғымында тобық қасиетіне қарай әлгі адамның айтқан жерінен шығады деген түсінік болған.


Мүше алу
Ойын-тойда, мерекеде жас жігіттер атпен келіп мүше сұрайды. Жеңгелері оған орамал, сақина, айна, т.б. мүше береді. Алған жігіт оны ала қашады. Басқа жігіттер оны қуып, алып қалуға тырысады. Қашқан жігіт мүшені өзі ұнатқан қызға апарып береді.            


Тыйым
Халқымыздың тәрбиелік құралдарының күнделікті қолданылатын үлгі, өнеге түрлерінің бірі – тыйым, яғни тыйым сөздер.  Бұл балалар мен жастарға «жирен жаман әдеттен» дегендей, жаман істерден сақтандырып, жақсылыққа еліктеу, бейімдеу мақсатынан шыққан таза халықтық педагогикалық ұғым. Міне, осы арқылы олар әркімді теріс мінез, орынсыз қимылдардан сақтандырып отырған. Халық ұғымында тізені құшақтау – жалғыз қалудың, үлкеннің жолын кесу - әдепсіздіктің, қолды төбеге қою – ел-жұрттан безінудің, асты төгу – ысыраптың белгісі деп таныған және ондай ерсі істерге қатаң тыйым салған.


Туған жерге аунату
         Әдетте, басқа жақта тұратын ер-азаматтарды туған жеріне келгенде оны сол жерге аунатып алатын жақсы дәстүр бар. Мұның мән мағынасы көп. Біріншіден, «сен осы жерде тудың, ұмытпа, перзенттік парызыңды өте» деген мағынада. Екінші, «туған жер – ата-анаң, Отаның, оның жақсы қасиеттері бойыңда, ойыңда жүрсін» деген тәлім жатыр. Қалай дегенмен де, халықтың осы әдемі дәстүрінде «Бәрібір сен туған жерге баласың» деген ұлы ұғымды білдіретін, оның отаншылдық сезім - сенімін арттыратын тәрбиелік қызметі өте зор екендігін көру қиын емес.


Шөбере алақанынан су ішу
Қазақ үшін өмірдің бір қызығы – шөбере алақанынан су ішу. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді халық даналығы. Демек, бала сүю, ұрпақ өсіру - әр адам үшін қызық әрі көз қуаныш . Соның ішінде  шөбере деп аталатын төртінші ұрпақ көру көп  нәрсені аңғартады. Бұл – кемеліне келген қарттық өмірдің үлкен белгісі. Оның қазақ әдетінде жөн-жосығы, қағидасы бар. Жөн-жосығы –ата мен әженің жаңа туған шөберенің алақанынан су ішу. Қағидасы  - шөбере  қолынан су ішкен  адам  бұл дүниеде бақытты , о дүниеде де жолы ашық, жеңілдік болады  дейді дін шариғатының білімпаздары. Қалай болған күнде де төртінші, бесінші ұрпақтың көру көп жасау белгісі ғана  емес, ұзақ ғұмыр кешудегі сапарының мазмұнды жолдары екені анық.

Салт-дәстүрлер » Салт-дәстүрлер »