Зейнеп Ахметова қзіргі көзмоншақтар қолдан жасалған - құттықтау

Зейнеп Ахметова қзіргі көзмоншақтар қолдан жасалған

Қазақ халқы - ежелден ерекше балажан халық. "Балалы үй - базар, баласыз үй - қу мазар" деп, дүниесі түгел, қызығы мол базар секілді, балалы үйдің шаттық қуанышы да, байлығы да бала екенін меңзейді. "Артымда тұяғым қалсын, шырағым сөнбесін, түтінім түтеп, әулетім жалғассын" деп армандайды. Қазақтағы өте ауыр сөз - "қубас" атану. Сондықтан төрт құбыласын түгендейтін ұрпақтың өмірге келуін Құдайдан құлшынып тілеген. Баласы қанша болса да көп көрмеген. "Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады" деп, әр бала өз несібесімен келетінін айтады. Шындығында да солай, Жаратқан Иеміз ешкімді үлессіз қалдырмайды. Ырымшыл халқымыз тіпті балаларының санын бадырайтып айтпаған. Біреу сұрай қалса, "4-5 жаман қара бар ғой" деп сырғыта салған. Сұраған кісі де ары қарай қазбаламайды екен. Ұрпағының көбеюіне, өсіп-өніп жетілуіне зор мән бергендіктен болар, балаға қатысты ырым-тыйым, дәстүрлер де жетерлік. Кейбіреулерін ғана атап айтсақ, кішкентай балаға тіл-көз тимесін, сұқ өтпесін, назар түспесін деп олардың баскиіміне үкі, жыланның қураған басын, көзмоншақ қадап, тұмар тағып қоятын болған. Көпшілік бар жерге апарғанда, маңдайына күйе жағады. Балаға үкі тағу бүгінде жоқ деуге болады. Ал көзмоншақты қадап жүргендерді жиі кездестіреміз. Алайда қазіргі көзмоншақтардың бәрі қолдан жасалған. Дегенмен ақ ниет, ізгі тілекпен қолданса, оның да септігі бар. Ал шынайы көзмоншақ деген кез келген жерде жататын, оңай табылатын зат емес. Оны дария мен өзен-көлдердің жаға-жиегінен іздейді. Толқын ұрып шайып, жып-жылтыр болған кішкентай домалақ қарасұр немесе қара тастың бірнеше жерінде ақ дақтары болады. Мұндай тас адам көзінің ағы мен қарасының нышанындай болғандықтан, былайғы тастардан өзгешеленіп, тылсымдау көрінеді екен. Сол ерекше тасты зергерлер шеберлікпен әдемілеп теседі де, ұл балалардың баскиіміне немесе киімінің өңіріне қадап қояды. Ал қыздардың көзмоншағын көбінесе күміске бекітіп, бұралмалы бау жасап сәндейтін болған. Жас балаларға қатысты "көз тию", "тіл тию", "сұқ өту", "аш кіру" деген сөздер негізсіз шықпаған. Әр адамның бойында әртүрлі деңгейде биоөріс, көзінде от болады. Қазіргі тілмен айтсақ, энергия, аура бар. Адамдар сәбиге ешқандай жамандық ойламаса да, көзіндегі назар күші балаға беріліп, кішкентай бала оны көтере алмай, ауырып қалады. Қызуы көтеріледі, іші өтеді, құсады, жылап жүдей береді дегендей, балаға ауырлық түседі. Тәжірибелі әжелер мұндайда не болғанын бірден түсініп, баланы таза сумен ұшықтайды, тұзбен аштайды, адыраспан мен арша түтіндетіп аластайды. Қазір осындай ем-домды халық емшілері қайта жаңғыртып қолданып жүр. Бір таңғаларлығы, осындай ырымдардан кейін бала бірден жеңілденеді. Әжелеріміз немерелерінің маңдайына күйені де білгендіктен жаққан. Өйткені адамның көзі бірден балаға емес, маңдайындағы күйеге түседі де, көз өту қаупі әлсірейді. Үлкен аталар мен әжелер сәбиге өте еміреніп қарауға тыйым салған. Өздері немерелерін қанша елжіреп жақсы көрсе де, "ой, жаман, сұрың бар болсын..." деп еркелетіп жатады. Алты алаштың ардақтысы болған менің қайын атамның көзінің отты әрі жанарының тым өткір болғанын жұрт біледі, аңыз етіп айтады. Атам марқұм ешқашан балаларды сүймейтін, көзіне тура қарамайтын. Өте бір еркелеткенде "жақсы бала екен ғой өзі, адам бол" деп арқасынан қағып не басынан сипайтын. Тіпті өзінің жалғыз немересі Ержанды сүйген емес, тек маңдайынан иіскеп, бауырына қысып қана қоятын. Бұл атаның жас балаларды ұнатпағандығынан немесе қаталдығынан емес, "ауыртып алармын, зияным тимесін" деген аталық парасаты екен. Әлі күнге дейін ел ішінде үлкен кісілердің балалардың қолынан сүйіп, маңдайын иіскеп өз көңіл-ниетін білдіру сақталған. Осы күні кішкентай балаларын көтеріп базар аралап жүрген жас келіндерді көргенде, жүрегім сыздап кетеді. Олар тым болмаса сақтану шарасын, ырымын жасамай, бейқам жүреді. Әсіресе, Алматының "барахолкасы" мен көк базарында кім жоқ дейсіз?! Ондай жерлерде алуан ниетті, сан түрлі мінез-құлықты, неше түрлі биоөрісті пенделер бар емес пе?! Адамдар көп жиналған жерге баламен барғанда немесе базар аралағанда, балаңыз ешқашан баскиімсіз жүрмегені дұрыс. Содан кейін жоғарыдағыдай орындарға барып келген соң, шаршады деп ұйықтата салмай, міндетті түрде суға түсіріп, жуындырып алған жөн. Әртүрлі себептермен шомылдыру мүмкіндігі болмаса, тым құрығанда беті-қолын жуыңыз. "Таза болсаң судай бол, бәрін жуып кетірген" деп халқымыз тегін айтпаған. Тіршіліктің төрт негізінің (ауа, су, от, топырақ) бірі саналатын судың қасиетін тәптіштеп айтпасақ та түсінікті...
ӘР НӘРСЕ ӨЗ УАҚЫТЫМЕН...
Қазақ халқы әу бастан-ақ балаларын әдемі, бойына қонымды етіп киіндіріп, сәндік бұйымдарға көп мән берген. Өйткені балаға тікелей қадалатын жанар, көздегі назар күші алдымен киімге, әшекей заттарға түседі. Кейде өте әдемі балаға жөнсалдау, қоңырқай, жұпынылау киім кигізіп қоятын да болған. Қазір, Құдайға шүкір, ақшаң болса, бала киімінің небір түрін таңдап алуға болады. Бірақ кейде орынсыз шектен шығып та жүрміз. Олай дейтінім, 6-7 жасар бүлдіршін қыздарға үлкендер киетін көйлектің сәнімен тігілген кеудесі кереқарыс ашық, жеңсіз қымбат көйлек, шынтағына дейін капрон қолғап кигізіп жүрміз. Ол аз болса, шашын бойжеткендерше төбесіне түйіп, ерніне далап, қабағының үстіне жылтырақ бояу, бетіне грим жағатын әдет шықты. Мұны кез келген той-думанда, балалардың концерттерінде көруге болады. Титімдей кезінен бояу жағылған соң, 16-17 жасқа келмей-ақ терісі ескіріп, олар табиғи нәзіктіктен айырылары анық. Әр нәрсе өз уақытымен, жолымен лайықты. Жас балалардың бейкүнә періште қалпына, Алла жаратқан пәктігіне ерте қол сұғудың қажеті бар ма?! Қызық үшін басқадан ерекшеленіп, "мәдениетін" көрсету үшін кішкентай өрендерді жасандылыққа үйреткеннен не ұтамыз? Әсіресе, жас ата-аналар осыны бір сәт ойлаулары керек-ақ. Айтпай кетуге болмайтын тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Бүгінде қасиетті ислам дінін бетке ұстап, қазақтың табиғатында болмаған, салтында кездеспеген арабтардың хиджаб деген киімі жайлап бара жатыр (бұл - үлкен тақырып, бөлек әңгіме). "Бояушы "бояушы" дегенге сақалын бояйды" дегендей, басқамыздан "артық" мұсылман екенін көрсеткісі келген қыз-келіншектер өздерінің тұмшаланғанын аз көргендей, 4-5 жасар кішкентай қыздарына да хиджаб кигізетін болды. Байғұс бала не адымдап жүре алмайды, не асыр салып секіре алмайды. Арқа-жарқа ойнап жатқан балаларға мөлие қарап, шұбатылған қара көйлекке шырмалып тұрады. Әрине, ата-ана өз баласын қалай тәрбиелеймін десе де, еркі біледі. Бірақ өз басым, өзі үшін шешім қабылдай алмайтын бейкүнә бүлдіршіннің қайталанбас балалық бал дәуренін ұрлап, "балалық шағың - патша тағың" деген бабалар даналығын аяққа таптауды мұсылмандық дей алмаймын.
ҚАРАҒЫМ, АЙНАЛАЙЫН КЕКІЛДІМ-АЙ... Халқымыздың балаларға арналған ғұрыптарының бірі - айдар қою. Айдар тек ер балаларға қойылған. Айдар қойғанда, баланың төбесіне бір шоқ шаш қалдырып, қалғанын ұстарамен қырып тастайды. Айдар шашты кейде желбіретіп бос жіберіп, кейде жіпке өткізілген маржанды шашқа қосып өріп, ұшына шашақ тағып қойған. Бала сүндетке отырып, мұсылмандық парыздан өткен соң, айдар шашын алып тастаған. Кейбірі мүшелге толғанша, айдарлы болып жүреді. Көнекөз қариялардың айтуынша, төре тұқымының жігіттері де айдар қойған екен. Адамның көзі баладан бұрын ерекше көрініп тұрған айдар шашқа түседі. Кейінгі кездері айдарлы балаларды жиі көретін болдық. Бұл - қазақ үшін тосын нәрсе емес, бұрын болған, ата-бабаларымыз қолданған ғұрыптың жаңғыруы, ұмытқанды еске алып, ескерудің көрінісі. Кекіл қою да - бабаларымыздан қалған ғұрып. Кекіл - ұлға да, қызға да жарасып тұратын шаш. Ұл балалардың маңдайына бір шөкім шаш қалдырып, ұшын тегістеп, қасына түспейтіндей етіп қиып, қалған шашын алып тастаған. Ал қыз бала-лардың негізгі шашына тиіспей, маңдайына кекіл түсірген. Ер балаларға тек кішкене кезінде қойылса, қыздардың бойжеткенде де кекілі болған. Мұны:
Қарағым, айналайын кекілдім-ай,
Аққудың көгілдірі секілдім-ай.
Алтынның қолда барда қадірі жоқ,
Қолдан шығып кеткен соң өкіндім-ай, - деп жігіттің қызға арнаған өлеңінен көруге болады. Кекіл қоюдың өміршеңдігі соншалық, әлі күнге дейін жалғасып келеді. Қазіргі шаш сәндеу үлгісінде кекілді жиі кездестіреміз. Кекіл көбінде қыздар мен жас келіншектерге әдемі жарасып, сән беріп тұрады. Тіпті бүгінде жасамыс әйелдердің өзі маңдайындағы әжімін көлегейлеп, кекіл қойып жүр. Кекіл секілді тұлым қою ғұрпы да атам заманнан бар. Тұлым тек қыздарға қойылған. Екі самайдан құлақтың алдына төмен түсе желбіреп тұрған бір уыс шашты «тұлым» дейді. Қайсыбіреулер айтып, жазып жүргендей, кішкентай қыздар ғана емес, керісінше бойжеткендер де тұлым жіберген. Тұлым шаш қызды наздандырып, бұла етіп көрсетеді. Өзінше сән беріп, әрлендіріп тұрады. Мұны қылқалам шебері, суретші Әбілхан Қастеев атамыздың бұрынғы заман өміріндегі тұлымды арулар бейнеленген картиналарынан көруге болады. Суретші қазақтың байырғы тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жетік білген. Ол кісі - суреттері арқылы көргенін кейінгілерге қалдырған үлкен дарын иесі.
Қазақ қыздарының тұлымы ұзатылар кезде жиналып, бұрымына қосылып өріледі. Бұл - әке үйінің оң жағындағы қыз дәуренімен, ерке өмірімен қоштасудың бір белгісі. Тұлым кәмшат бөрікке, үкілі тақияға, моншақты сорабаға жарасқан. Ендігі жерде мұндай киіммен де, тұлыммен де қалыңдық біржола қоштасады. Ол бір жігітке жар, бір елге келін болып, некеқиярда сәукеле киеді. Бір жыл бойы сәукеленің желегін салып жүреді. Содан кейін ғана күміс щеттікті, маржанды зермен кестеленген кимешек киеді. Қазақ әйелдері шашын қобыратып, самайын көрсетуді ұят санаған. Қазір де қыздардан тұлымды көріп жүрміз. Қазақтың қыздарына тұлым ерекше жарасып тұрады. Өкініштісі, мұны талайлар бізге бейнебір Батыстан келгендей қабылдап, бар жақсы бізге тек солардан жеткендей көріп жүр. Бұл да ғасырдан-ғасырға өтіп келе жатқан өз ата-бабамыздың ғұрпы екенін біліп жүргеніміздің артықтығы жоқ деп ойлаймын.
Тілашар жайлы не білеміз? Мүшелі жастың сыры неде? Қазақта күнтізбе болған ба? Бұл жайлы газетіміздің алдағы нөмірлерінен оқисыздар.
Дайындаған  Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ

Ырым-тыйымдар » Соңғы қосылған дүниелер »