Зейнеп Ахметова Ашамайға мінгізу - еңбекке баулудың басы - құттықтау
Зейнеп Ахметова Ашамайға мінгізу - еңбекке баулудың басы
«Балаң ат жалын тартып мінді» деген сөзді жиі естиміз. «Ашамайға мінетін жасқа келіпті» деп жатамыз. Көшпенді халықтың баласы онсыз да ес білгеннен атқа мініп өседі. Ал баланы ашамайға мінгізуде не мән бар? Қыз баланы атқа мінуге кім үйреткен? Бұл жайлы айдарымыздың тұрақты кейіпкері Зейнеп апайымыз не дейді екен?..Бала өміріндегі қуанышты әрі атаулы күндерінің бірі - ашамайлы тайға міну. Әрине, қазақ баласы үшін атқа міну таңсық емес. Өйткені қыз болсын, ұл болсын 2-3 жасынан бастап-ақ атқа мінген, әке-шешесінің алдында отыратын болған. Өйткені халықтың тұрмыс-тіршілігіне байланысты көшіп-қонуы, жолаушы жүруі немесе екінші ауылға қонаққа баруы дегендей, бала үлкендердің алдына отырып атқа мінген. Қазақтың кез келген баласы кішкентайынан атқа үйірсек болып өседі. Жылап жатқан балаға «атқа мінгізем» дегенде жылауын қоятыны да біраз жайды аңғартпай ма?! Баланың өзіне арналған бәсіреге ата-анасы арнайы ашамай жасатады. Ашамай дегеніміз - екі жаны Х әрпі сияқты болып жасалатын балаға арналған айшықты ер. Баланың аяғы қысқа болғандықтан, ашамайға үзеңгі салынбайды. Жабағы жүннен жасалатын терлікті де, оның үстінен салынатын тоқымды да баланікі болғандықтан көз тартатындай әдемілеп, жиектерін шашақтап, кестелеп, сәнді етіп жасайтын болған. Ашамайдың үстіндегі аткөрпе де балаға лайықталып тігілген. Осының үстінен тепкішек салынады. Тепкішекті («аяққап» деп те атайды) киізден жасалады. Сыртынан қатипа, шұға сияқты маталармен қаптап, ою-өрнек салады әрі балаға арналғандықтан айналасын шашақтап қоятын болған. Тепкішек қоржынға ұқсайды, бала атқа мінген кезде екі аяғын тепкішекке салады. Ашамайлы тайға мінетін күні баланы әдемілеп киіндіреді. Шашу шашылып, тілек айтылады. Бәсіре тайың пыраққа айналсын! Мінген ашамайың таққа айналсын! Айналаң толы қауым болсын! Лайым жолың болсын! Тілейік біз ақ тілек, Атқа жақсы шаба біл! Жасыңнан малды баға біл! Оқу-өнер таба біл! Ел-жұртыңа жаға біл! Әумин, жолың ақ болсын! - деп бата беріледі (бұл бір ғана нұсқасы). Тілек пен батаның адамға рухани күш беретінін мен үнемі айтып келем. Жақсы тілек естіп, бата алып өскен бала жақсылыққа құмар болады, естігенін ұмытпайды. «Пәлен атамның берген батасы», «түген әжем маған осындай тілек айтқан» деп үнемі айтып жүретін болған. АШАМАЙҒА МІНГІЗУДІҢ МӘНІ Баланы үлкен аталарының бірі қолтығынан көтеріп тайына мінгізеді. Тайына мінген бала ағайын-туғанына барып, ауыл аралайды. Олар шашу шашып, баланың тайы мен ашамайына көрімдік береді. Бұл жолы балаға міндетті түрде ерге қажет ат әбзелдерін тарту етеді, қамшы сыйланады. Бұл да - қазақтың өзінің салты. Көшпенді халық болғандықтан әркімнің өзінің жеке ер-тұрманы болған. Өйткені аттың табылуы оңай болғанымен ер табу қиын. Сол себепті де тайына мініп келген балаға барынша тек ер-тұрман жабдықтарын сыйлаған. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазақ баласының атқа мінуі таңсық емес. Сөйте тұра «жайдағыңнан жаяу артық» деп жайдақ атқа мінуді қош көрмеген. Ауыл арасында апыл-ғұпыл асығыста мал қайыруға болмаса, былайынша жайдақ атқа мінгенді қазақтың баласы намыс санап өскен. Сол себепті де әр азамат алдымен ер-тұрманын сайлаған. Үлкендер жағы «міне, сен ат жалын тартып мінер жігіт болдың» деп бұдан кейін өзінің жеке тайы бар екенін балаға ұғындырып өсірген. Ашамайға мінудің ерекшелігі - ендігі жерде баланың өзінің ер-тұрманы, өзінің басыбайлы тайы болғандығында. Көшіп-қонған кезде де бұрынғыдай ата-анасының алдында отырмайды, яғни енді бәсіресі, өзінің жекеменшік тайы бар. Ашамайға мінгізу баланы еңбекке баулудың алғашқы баспалдағы деуге болады. Олай дейтініміз, кез келген бала өзінің бәсіре тайын ендігі жерде өзі бағып-қағады. Оны уақытымен жемдеп, уақытымен суарып, жал-құйрығын, үстін тарап, күтімге алады. Бала тайының алдында жауапты екенін, сол тайдың иесі өзі екенін сезініп өседі. Ендігі жерде тайдың күтіміне өзі жауап береді. Сонымен қатар ол бір ғана бәсіре тайды бағып-қағудың айналасында қаншама жаңа сөздерді үйренеді. Бұрын сөздік қорында болмаған жылқыға қатысты қаншама сөз баланың санасына сіңеді. Айталық, терлік, тоқым, үзеңгі, айыл, ер-тоқым, жүген, ауыздық, шідер, құрық, т.б... Ол бұл атауларды үйреніп қана қоймайды, қалай қолданылуын да меңгереді. Бірте-бірте бала тайына мініп, өз үйінің қозы-лағын қарап, өз шаруасына араласа бастайды. Сол себепті де қазақтың баласы кішкентайынан мал танып өседі. Ол жауапкершілікке осы бастан үйренеді. Ерте есейеді, ақылы толысады, ой-санасы өседі, салмақты, байсалды мінез қалыптасады. Әсілі, біздің қазақтың балалары, қыз болсын, ұл болсын ойыншықпен көп ойнамаған. Оларда көп ойыншық та болмаған. Ал қазіргі отызға келген жігіттерге қарап, балалығы әлі қалмағанын байқаймыз. Бүгінде баласы бар қай үйге барсақ та, бөлме толы ойыншықты көреміз. Отбасында нақты шешім шығара алмайтын, аталы сөзді ұғынбайтын ұрпақтың көбейгенінің бір ұшы осында да жатыр. Бұрынырақта керісінше, баланың ойыншықпен ойнағаны көпке созылмаған... Кішкентай қазақты жауынгер, шабандоз әрі ер-азамат етіп тәрбиелеудің басы - осы ашамайлы тайға мінгізуден басталады. Лездің арасында көшуге, ашамайын ерттей салуға қазақ баласы кез келген уақытта дайын болған. Демнің арасында киіз үй тігуге де қазақ баласы ерте машықтанған, яғни жинақылыққа, сақтыққа бейімделіп өскен.
ҚАЗАҚТЫҢ ТЕКТІЛІГІ ЖЫЛҚЫМЕН ДЕ БАЙЛАНЫСТЫ Бұрынырақта үлкендердің қадағалауымен, бақылауымен балалар арасында тайжарыс жиі өткізілген. Кез келген бала өз тайының бәрінен озып келетінін қалайды ғой, сол себепті тайды да соған бейімдеп баптаған. Ары қарай құнан жарыс, дөнен жарыстар болады. Бұл аралықта бала да есейеді, аты да балаға әбден үйренеді. Бала шабандоз болып өсуінің себебі де осында. Қазақтың кез келген баласының ат құлағында ойнайтыны бала жасынан атқұмар болғандығында жатыр. Кез келген қазақ баласы аударыспақ, теңге алу сияқты ұлттық ойындарға еш жүрексінбей қойып кеткен. Көкпар тартқан, қыз қууға шыққан, бәйгеге шапқан қазақ баласының қанында жылқыға тән мінез, сұлулыққа құштарлық, қазақы болмыс осылай қалыптасады. Жылқы - текті, қасиетті мал. Шөпті таңдап жейді, судың тұнығын, тазасын ішеді. Жылқы арқылы баланың эстетикалық сезімі оянады. Желмен жарысып шапқан кезде балада ақындық, шешендік, жыраулық сезімдер туады, шабыт қысады. Ат үстінде өскен бала ірі әрі мәрт болған. Өмірін ат үстінде өткізген біздің халықтың дені де сау, тіпті үнемі қозғалыста жүріп, қан тарқататындықтан біздің қазақ қан қысымы дегенді білмеген. Бір қызығы, мыңғырған малы бар бай баласының өзі атқа мініп, жылқы баққан. Байдың баласы бола тұра қой, сиыр бақпағанмен, жылқышыларға еріп жылқы қараған. Ат үстінде өскен қазақтың ер-азаматы биіктікті, кеңдікті бағалай білген. Көңілі өр болған, желдей ескен ақ көңіл жомарт болған. Осы қасиеттердің барлығы қазақтың қанына жылқының тектілігімен қоса келген. Қазіргі темір тұлпар мінген қазақ баласында мұндай кесек мінез бен жомарттықтан гөрі менмендік, паңдық, өзгені көзге ілмейтін өркөкіректік басым. Өйткені темір - жансыз. Жансыз нәрсе адамның бойындағы шынайы қасиеттерді жұтып қояды. Әрине, машина мінген қазақтың бәрі бірдей деуден аулақпын. Бірақ жылқы мен темірді салыстырсақ, ұл баланың ер-азамат болып қалыптасуына жылқы малының әсері мол болғанын байқаймыз. Өкініштісі, бүгінде біз аттан ажырап қалдық. Қазіргі кездің өзінде байқасаңыздар, атбегілер мен жылқы баптайтындардың мінезі мүлде басқа. Олар - майда-шүйдеге көңіл бөлмейтін, жақсылық жасағысы келіп тұратын кесек мінезді, сөзге шешен адамдар. Ашамайға мінген кіп-кішкентай баланың көңілінің өсіп, өзгелерден ерекшеленіп, өзгеше сезімге бөленетіні де сондықтан. Қазақтың қыздары да шабандоз болған, кішкентайынан атқа мініп үйренген. Ұл балалардай дабырайтып шашу шашып, ашамайға мінгізбегенмен, қыз балаға да арнайы лайықталып ашамай ер жасалған. Қыздарды атқа мінгізуге тек ағалары үйрететін болған. Жаугершілік заманда әкелерімен, ағаларымен бірге жауға шапқан, соғыс кезінде олардың оққағарындай болып жүрген қазақтың қыздары жайлы тарихтан да белгілі. «Қыз қууда» небір жігіттерді қамшымен осып түсетін қыздардың барлығы да атқа мініп өскен, яғни оларға ағалары атқа мінуді кішкентайынан-ақ үйреткен. Қыздардың да сәнімен айшықталған, күмістеліп жасалған өз ер-тұрмандары болған. Бұрынырақта тіпті кейбір ауқаттылар қызын ұзатқанда берген ер-тұрманының өзі әкелінген қалыңмал құнынан асып түскен екен... Қыз баланың құлағын қашан тескен жөн? Құлақ тесіп, сырға салғанда не мән бар? Бұл жайлы газетіміздің алдағы нөмірлерінен оқи аласыздар Әңгімелескен Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ
Салт-дәстүрлер » тағы басқа »