Зейнеп Ахметова Балаға қатысты ырымдар - құттықтау
Зейнеп Ахметова Балаға қатысты ырымдар
Баланың ана құрсағына біткені, жарық дүниеге шыр етіп келгені, өсетіні - осының барлығы жаратылыстың өз ретімен келетін кезеңі. Балаға қатысты ендігі кезекте сөз еткелі отырған ырымдар жайлы не білеміз? «Бауырынан табақ алу» ырымы неге еңбектеп жүрген балаға жасалады? «Көгентүпте» не мән бар? «Танабау» жайлы білеміз бе? Ендігі әңгіме Зейнеп апайда...Әсілі, қазақ халқы табиғаттың құпия сырларын жақсы білген. Жаратылыстың заңдылықтарымен үндесе отырып, соған орай өзінің тұрмыс-тіршілігін сәйкестендіріп, бағыттап өмір сүрген. Қазақтың толып жатқан ырымдары мен салттары жаратылыстың сондай заңдылықтарымен астасып, сәйкес келіп жатады. Әр нәрсе орнымен ғой, мысалы, ағарып таң атады, таңның шапағы көрінеді, күннің нұры түседі, содан кейін күн шығады, сөйтіп, рет-ретімен көктем келеді, жаз шығады, күз түседі, қыс болады дегендей, табиғаттың әрбір сәті, кезеңі өз уақытында, өз орнымен жүреді. Қазақ халқы осы заңдылықтарды терең түсінген, өйткені табиғаттан ажырамаған. Қазір «техника заманы» деп жүріп, жаратылыспен байланысымызды үзіп алдық. Адам өміріндегі неше түрлі сәйкессіздіктердің, келеңсіздіктердің, ауру-сырқаулардың көбейгенінің бір ұшы осында жатыр деуге болады. Бала дүниеге келді, қырқынан шықты, езу тартты, талпынды, отырады, еңбектей бастады... Бала еңбектеуден де толық өтуі керек. Өйткені, ол да - Алла тағаланың өзі жаратқан пендесінің басынан өткеруі тиіс өсу кезеңі. Қазіргі балалар көп еңбектемейді, өйткені жүруге бейімдейтін арбалар (ходунок) бар. Баланы бірден жүргізуге ұмтылған дұрыс емес. Оның зияны кейін шығады. Сүйектері әлі жетілмеген, буындары дұрыс бекімеген бұл кезеңде бала еңбектеуі керек. Сонда бұлшық еттері де толық жетіледі. Ол біраз уақыт алақандарымен жер тіреп, тізесімен еңбектейді. Еңбектеуге әбден үйренген балалардың «ерініп», кеудесін көтергісі келмей қоятыны бар. Дегенмен, ендігі жерде бала аяғын басып, қаз тұруы керек. Сондықтан «көбірек еңбектеуге үйреніп алып, кеудесін көтермей қоймасын» деп, уақыты келгенде «бауырынан табақ алу» деген әдемі бір дәстүрді ырымдап істейді. Баланың алақаны мен тізесін жерге тіретіп, бауырын көтертеді. Сол кезде оңнан солға қарай қант-кәмпит, құрт-ірімшік толтырылған табақты «бауыры тез жазылып кетсін», «еңсесі тез көтерілсін» деген жақсы тілектерді айтып, жеті рет бауырынан өткізеді. Сосын барып, баланы ақырын қаз тұруға, жағалап жүруге үйретеді. Артынан «бала бауырын жазды» деп ауылдың әйелдері табаққа салынған, түрлі дәмнен ауыз тиіп, «бауырынан табақ алу» шайын ішеді. Әңгіме шай ішуде емес, тілекте жатыр. Біздің халқымыз - өте тілеуқор әрі батагөй халық. Қиын-қыстау заманды, жаугершілікті, аштықты, зобалаңды, қанқұйлы шапқыншылықты бастан өткерген қазақты аман сақтап келе жатқан осы тілеуқорлығы мен ниетінің кеңдігі дер едім. «МЫҢ ШАҚЫРЫМ ЖОЛ БІР ҚАДАМНАН БАСТАЛАДЫ» Қолға ұстауға жарап қалған сәбиінің бірінші рет қонаққа барғанына да дәл біздің қазақтай мән беріп қуанатын халық жоқ шығар. Баланы көтеріп, жақын ағайын-туыстың, құда-жекжаттың үйіне барғанда, көңіл жетер жақын адамдары «бірінші рет үйге келді» деп, «көгентүп» беретін болған. «Көгентүп» дегеніміз - балаға берілетін қозы-лақ, бұзау немесе құлын. «Көген» деп төлдің мойнына байлайтын жіпті айтады, яғни «көгентүп» - балаға «көгеннің түбі болсын», «алғашқы малы болсын» деген ниетпен берілетін малдың төлі. Мұның өзі - келген жақтың қозы-лағының жоқтығынан емес, баланың бірінші рет қонаққа келгенін ескеру, оның алғашқы қадамына «өмірі берекелі болсын», «малды болып жүрсін» деп ниет білдіру. Бір жағынан, ағайын-туыс арасындағы татулық пен сыйластықты одан әрі қоюлата түсу, татулықты бекіту. Баласын елеп жатқанды кім жек көрсін?! «Сыйласаң, баланы сыйла, берсең, балаға бер» дейді, өйткені, бала - періште. Бала шынайы қуанады. Бала арқылы бір-бірінің көңілін сыйлау жатыр мұның астарында. Қазақ көңілге көп қарайды. «Көңілі қалмасын», «көңілін қалдырма» деп жатамыз. «Бір атым насыбайдан көңілі қалды» деген де жайдан-жай айтылмайды. Көңіл жақсы жерде арақатынас та бүтін болады. Қазақтың бірлігі көңіл сыйлай білуде жатыр. «ТАНАБАУ» ДЕГЕН НЕ? Баланың алғаш қонаққа барып, «көгентүп» жетектеп қайтқанын естігенде, пысықтау әйелдерінің бірі келіп: «Балаң бірінші рет қонаққа барып, «көгентүп» жетектеп келіпті, «танабау» қадайық», - деп, баланың кеудесіне «танабау» қадап кететін болған. «Танабау» деген - ақық тасты түйме. Кез келген қуанышты өз қуанышындай қабылдай білетін, шынайы қуана білетін қазақ өзге адамдардың баласын елеп-ескергеніне шаттанған. Тіпті «танабау» қадамағанға «мән бермеді ғой» деп өкпелеп қалады екен. Әжелер болса, «немеремді ешқайсысың елемедіңдер ғой, «танабауларың» құрып қалды ма, біреуіңнің есіңе келмеді ғой» деп абысын-ажындарына ренжіген. Ал «танабау» қадап кеткен соң, баланың әжесі дастарқанын жасап, немересінің «көгентүп» жетектеп келген қуанышымен бөліскен. «Мың шақырым жол бір қадамнан басталады» деп баланың алғашқы қадамының қуанышына ағайын-туған, көрші-көлем жиналып, «алғашқы қонақтығы құтты болсын», «жолы болып жүрсін», «алдынан жақсы адамдар кездессін», «бата беретін ата-әжелері көп болсын», «барған жерінде ашылатын есік көп болсын» деген тілектерін айтып, «танабаудың» шайын ішкен. Біреуден бір асаған несібе болмайды, есесіне бала жетектеп келген «көгентүп» бәрінің басын біріктіріп, ағайын-туғанды дастарқан басына жинаған. «ЖАҚСЫ СӨЗ ЖАН СЕМІРТЕДІ» Жақсы сөздің жақсы энергиясы бар. Біздің халық біріне-бірі жақсы сөзді көп айтқан, тіпті әл үстінде жатқан науқастың өзі хал сұрағандарға жаманмын демей, тәуірмін дейді. Осы жақында ғана атаның Мәскеуден келген қызын (атаның Мәскеуде тұратын қызы Елена Бауыржанқызы) әкесінің туған жеріне Бәкең екеуміз апарып келдік. Елдегі атаның нағашыларына бардық. Атаның нағашылары - Текебай биден тараған текті кісілер. Көкеміз (атаның анасынын туған бауырының баласы) қазір сексеннен асты. Ал жеңешем - сөзге өте шешен, тауып сөйлейтін кісі, көпбалалы ардақты ана. Екеуі де - көпті көрген қарапайым ауыл адамдары. «Айналайын, ұлы атаның сен де бір ұрпағысың. Алдыменен бізге келіп, сәлем бергенің үшін жүрегімді табаныңның астына төсейін», - деді жеңешем. Не деген ғажап сөз! Мінеки, тілек! Бәкең жеңешеміздің сөзін қарындасына аударып беріп, түсіндіріп айтып жатты. Бәкеңнің өзі де қатты тебіренді, менің де көзімнен жас ыршып кетті. Басқа салтты ұстанып, өзге діннің адамы болып өскен, тілі басқа Бәкеңнің қарындасы сонда жылап жіберді. Өйткені, шынайы айтылған тілекті жүрегімен қабылдады, жүрегінен өткізді. Бірінші рет көрсе де, кетер кезде қимай, қайта-қайта құшақтап, жылап қоштасты. Бұл да - жақсы сөз арнаудың, көңіл сыйластығының бір мысалы. Өкінішке қарай, жаһандану деп жанұшырып жүріп көңіл сыйлауымызды сұйылтып бара жатырмыз. Бүгінде көңіл де сатулы. «Мен - саған», «сен - маған» дейтін күйге жеттік. Ата-бабамыз нәрсесін, қарымтасын қайтарсын деп бермеген. «Берген - жомарт емес, алған - жомарт» деп, алып жүретін де - біздің қазақ. «Орамал тон болмайды, жол болады» деп қолындағысын беріп жүретін де - біздің халық. Бүгінде барлығы сатулы болғандықтан да, біз өзіміздің қазақтық иісімізден ажырап барамыз. Бұл күндері бір-бірімізге жылы сөз айтудан қалдық. Ал сөздің қадірін білу, сөзге тоқтау, жақсы сөз арнау, жақсы тілек тілеу - қазақтың табиғи болмысы. Бұл - өзгеге ұқсамайтын етіп Алла тағаланың біздің ұлтқа берген сыйы... Тұсаукесер жайлы не білеміз? Тұсауды кімге кескізеді? Ала жіп ненің белгісі? Бұл жайлы газетіміздің алдағы нөмірлерінен оқитын боласыздар. Әңгімелескен Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ
Салт-дәстүрлер » Балаға қатысты салт-дәстүрлер » тағы басқа »