Сүй, жан сәулем Мағжан Жұмабаев - құттықтау

Сүй, жан сәулем Мағжан Жұмабаев

Сүй, жан сәулем
Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Бұл ляззаттың бір минутын бермеймін
Патша тағы, бүкіл дүние малына.
 
Құшақтатып нәзік талдай беліңнен,
Сүйгіз, сәулем, тәтті балдай тіліңнен.
Бой шымырлап, талықсиды жүрегім,
Балқып денем, барам еріп  деміңнен.
 
Кір қойныма, қыпша белің бұралып,
Тарқат шашың, жатсын жібек оралып,
Жаным! Жаным! Тезірек тисін төске төс,
Көз жұмулы, жиі ыстық демалып.
 
Шашың – қара, денең – ақ бұлт, жүзің – ай,
Тісің – меруерт, көзің, сәулем, құралай.
Ляззат, рақат, бақыт – бәрі қойыныңда,
Сұрамаймын енді жұмақ – жақсы жай!
 
Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Жасағаннан бір-ақ нәрсе тілеймін:
Өтпесе түн, атпаса екен таңы да!

Өлең - сөздің патшасы »