Естайдың өзін ескермей кеткен Қорланым - құттықтау
Естайдың өзін ескермей кеткен Қорланым
Жылатып көрдім, жұбатып көрдім, - болмадың,Жын атып көрдім, гүл атып көрдім, - болмадың.
Бағыты бөтен жолдардан қашып, шарқ ұрып,
Шарлаумен келем шарасыз ойдың орманын.
Жақындап көрдім, қашық боп көрдім, - болмадың,
Салқындап көрдім, ғашық боп көрдім, - болмадың.
Жүрем деп саған жүрегім тайып құлады-ау,
Аңдамай қалып арада қатқан тоң барын.
Жұмсарып көрдім, қатты боп көрдім,-болмадың,
Мұң шағып көрдім, бақ тілеп көрдім,- болмадың.
Елу жылым өзің деп өткен секілді,
Естайдың өзін ескермей кеткен Қорланым...
Сағынып көрдім, сағынбай көрдім,- болмадың,
Бағынып көрдім, бағынбай көрдім,- болмадың.
Дыбыссыз үнмен тынышымды алды тоқтамай,
Әуенсіз, сөзсіз, айтылып бітпес соңғы әнім.
Достасып көрдім, жоғалып көрдім,- болмадың,
Қоштасып көрдім, оралып көрдім,- болмадың.
Ақ сезіміңе аяғы ауыр арманым,
Көз жұмар енді көтере алмай толғағын.
Үмітім уыс топырақ сынды қолдағы
Шашылып жатыр төмпешіктерге жолдағы.
Есімің ғана махаббат деген марқұмның,
Қу моласына құлпытас болып орнады.
Есер сөз айтсам, шошыма, досым, шошыма,
Жүреміз-дағы көңілдің қарап хошына.
Сүйіп те көрдік, күйік те болдық,- болмадың,
"Жүрекке әмір жүрмейді" деген осы да.
Өлең - сөздің патшасы »