Домбыра туралы өлеңдер - құттықтау

Домбыра туралы өлеңдер

Домбыра – махаббатсың
Домбыра тілегімді қуаттасаң,
Үніңе үзіле бір құлақ тосам.
Тарихтың тереңінен сыр ақтарсаң,
Бойдағы қуатыма қуат қосам.
 
Қос ішек толқынды өзен, сұлу арна,
(Екпіндеп еркін аққын, тұрып алма).
Мен білсем, домбыра сен – махаббатсың,
Махаббат тіршілікте суынар ма?!
 
Өзіңсің жанарымның жанған нұры,
Дей қоймас әлдекімдер жалған мұны.
Жасырман, мұң шағамын саған ғана,
Көңілім біреулерге қалған күні.
 
Әдемі сенде әуен бар сезінгенге,
(Менің де оны ұқпаған кезім кем бе?!)
Үніңе құлақ тосам құлап түсіп,
Тірліктің у-шуынан безінгенде.
Мінуар Әкімханов

Өлең - сөздің патшасы »