Тынышбай Рахымның өлеңдері / қосқан Ғабиден Қожахмет Қызылордадан/ - құттықтау

Тынышбай Рахымның өлеңдері / қосқан Ғабиден Қожахмет Қызылордадан/

З тамыз-қазақтың сазгерлiк қырымен де танылған белгілі ақыны Тынышбай Рахымның дүниеден өткен күні. Тынышбай Рахым шығармашылығының ерекшелігі сонда,ол-"музыканы өлеңмен сөйлеттi". Музыка әлемiне соншалықты ынтық ақынның махаббат жырлары да алғаусыз адалдық,асқақ тазалық биiгiне көтерiлген едi. Дүниеден өзі көшкенінде газеттер жазғанындай "махаббаты шекара асып кеткен" ақынның бір топ өлеңін "Құтты болсын" интернет сайтының қоржынына да қосып қойғымыз келді. Ауылда өткен тойлар-ай Ауылда өткен тойлар-ай,ауылда өткен, Ғажап еді ауылда қауым неткен! Сол ортадан білмеймін кеткеннен бе, Көңілімнен жаумай жүр жауын көптен! Аңсаттың-ау,дәурен-ай,ауылда өткен! Маңдайынан ақ үйдің Ай туатын, Атанып ек бет ашып, айтулы ақын! Аңсаттың-ау, "Көп жаса!"-деген алғыс, Құлағымның түбінен айтылатын! Ән шырқалып,ішілмей шәй тұратын. Домбырама қосылған,құрбылар-ай, Сыйлаушы еңдер жаныма гүл-гүл арай. Аңсаттыңдар дәл бүгін,аңсаттыңдар, Ұмытайын той-думан күнді қалай, Домбырама қосылған,құрбылар-ай! Қай жаққа ұшып кеттіңдер тарап бәрің, Сезбеуші ек-ау сарғайып таң атқанын! Кеуде кернер шаттыққа кенелтетін Күлім қағып тұратын қабақтарың, Айтшы,қайда кеттіңдер,қарақтарым? Қамықтым-ау,сол күнге орала алмай, Тұрмайды екен басыңда орал ондай! Оралсаңдар бәрің де қайтадан бір Жетер едім ауылға ара қонбай! Тұрмады ғой басыңда орал ондай! Артта қалған тойлар-ай,ауылда өткен, Әнді тастап қайда сол қауым кеткен? Жас күн өтіп бара ма дүркіреген, Жасын ойнап,жаумай жүр жауын көптен, Аңсаттың-ау,шат күндер,ауылда өткен!      Әншi мен тыңдаушы Әділ досым,айтқанымды дәл түсін, Мен ән салсам сән емес ол-салт үшін. Сезімің сәл серпілмесе сері үнге, Сыртың бүтін болғанменен-жартысың. Әнші болу міндет емес,әрине, Тек домбыра бұйырса екен әр үйге! Тастай қатты тағдыр шығар кінәлі, Ана әлдиін естімеген сәбиге? Уыздайын жүрегіне баланың, Ұялайды ән әлдиімен Ананың. Өзі айтқызып отыратын тыңдамай, Мен қайсыбір жандарға таң қаламын. Жоқ секілді жанында оның түк қайғы, Ойы жоқтан-тыңдаушы да шықпайды. Поэзия парасатын ұқпаған- Музыканың құдіретін ұқпайды! Кереметтей мықты болсын жыр,мейлі, Жырдың тілін сезімсіздер күрмейді. Музыканың құдіретін бiлмеген- Поэзия парасатын білмейді!     Бақытым-сен Бақыт көрем осынау күндерімді, Сенің маған еркелеп күлгеніңді. Бақыт көрем әрдайым қол ұстасып, Қатарласып қасымда жүргеніңді. Қ-сы: Еркелеші,аяулым,жаным деші, Жайнай түссін жастықтың жалын кеші. Мен өмірден армансыз өтсін десең- Бақытымның бағасын қадірлеші. Бақыттымын-көзіңнен мұң көрмесем, Бақыттымын-қасымда жүргенде сен. Көңілімнің аспаны жарқырайды, Ақ сәулелі таңымдай күлгенде сен. Қ-сы: Сен мен үшін бақыт боп жаралдың ба? Мен сен үшін бақыт боп жаралдым ба? Бірімізді біріміз бағалайық, Ақ махаббат,пәк көңіл,ар алдында! Қ-сы:
Сен мені іздеп келдің,өзгеріпсің, Шын айтам-өзгеріпсің. Өткенін он екі айдың сезбедік шын. Қарадың жәутең-жәутең неге,қалқам, Дедің бе жан-күйімді көзден ұқсын. Сырыңды тұрған жоқсың ашып тегін, Сен маған шыныменен Ғашық па едің? Қиялымда бір ғажап күн күлімдеп, Кетті ғой ажарланып ашық көгім. Кешірші жүргенімді баласынып, Жүзіңнен келеді екен таң ашылып. Жатыр-ау жүрегіңде тыным таппай, Айтшы деп айтылмаған ән асығып. Өзің айт қалсам да мен тынып ұдай, Көңіліңнің бүлдірмесін тұнығын лай. Сездірмеген боласың діріліңді, Үркегім,қол тимеген құлыным-ай! Толқыны артта қалған ескегімнің, Мен үшін туып па едің-кеш көріндің. Шырыны қауызында қызыл гүлсің, Білемін,білмей тұрмын не істерімді. Сезімді сырғытпайық сынаптайын, Сыңғырын жоғалтпасын бұлақтай үн. Қош,қалқам,қимасаң да,қиналмашы, Мен сені,айналайын,жылатпайын!
Кінәң бар қоятұғын,аға,қандай? Келеді тұлпар атым тағаланбай. Келеді төгілген тер еленбестен, Келеді сенен алар бағаны алмай. Қайтейін жалған тірлік жан улаған, Қойған ба шын жүйрікті тануды адам? Біреулер кекіліне үкі тағып, Жабылып жабыны да жабулаған. Көргем жоқ өйтіп жүріп бақ ашқанды, Несіне төмендеттік көк аспанды? Бәрібір әбзелдеген ер-тұрманы, Жабыға жапсырғанмен жараспады. Шынымен сенсең атқа-дүбірге қос, Болмаңдар бірің де қас,бірің де дос. Екені нағыз жүйрік рас болса, Қалмайды жүлдесінен түбінде бос. Шүйірген шикі өкпенің тұмсығын-ай, Оңады қайда жетіп бұл сұмырай? Бәйгеде бірі сүйреп,бірі итеріп, Жабымен қатар шапқан тіршілік-ай! Өлеңдерді сайтқа қосқан: Ғабиден Қожахмет
 

Өлең - сөздің патшасы » Соңғы қосылған дүниелер »