наурыз бата - құттықтау

наурыз бата

Иә, Құдайым!
Дәулетті бас берсін,
Бақытты ас берсін,
Ұлыстың ұлы күнінде!
Ұлың оңға қонсын,
Қызың қырға қонсын.
Малың өріске толсын,
Дәулетіңді асырсын,
Дұшпаның басылсын.
Менің берген бұл батам –
Ұлыс күнге сақтап жүрген сүр батам.
Мінгендерің, балалар,
Жорға-жорға  тай болсын.
Жорғалатып келгенде
Көптің көңілі жай болсын.
Ай жағыңа қарасаң,
Алтыннан терек ойнасын.
Айыңда келген мейманың,
Соған атын байласын.
Күн жағыңа қарасаң,
Күмістен терек ойнасын,
Күнде келген мейманың
Соған атын байласын.
Таң мезгілі болғанда
Наурыз күні туғанда
Боз торғайдай шуылдап,
Бөденедей пырылдап,
Берекелері құт болып,
Қыдыр келіп дарығай!
Астыр-астыр,
Жұлдыздармен жалғастыр,
Жақсылармен жанастыр,
Жамандардан адастыр.
Әумин
 


Е, патша құдай, есіңе ал!
өзің жарылқасаң, былайғының несі бар?
Е, патша құдай, әуелі өз кәріңнен сақта,
Шайтанның шерінен сақта,
Патшаның кәрінен сақта.
Қадамы қаттыдан сақта,
Қатты төнгеннен  сақта,
Жиылған нудан сақта,
Тасыған судан сақта.
Ұйытқып жанған өрттен сақта,
Ыңыранып жатқан дерттен сақта!
Әумин



 
Тышқан жылы тыныштық бер,
Сиыр жылы ырыс-құт бер,
Барыс жылы мал-басымды өсір,
Қоян жылы айлы қонысқа көшір.
Қоян жылы жұрттан жылу сұратпа,
Ұлу жылы ұл-қызымды жылатпа,
Жылқы жылы жеткізе гөр мұратқа!

Жылан жылы жұт көріп,
Жырақ кетсе босқан ел:
Жылқы жылы жұрт болып,
Елдің басын қосқан ел.
Ат сабылтып барыссын!
 
Қой жылында қопаңдап,
Ат құйрығын кескен дос,
Мешін жылы мәз болып,
Түйістіріп төс пен төс,
Құда болып табыссын!
 
Тауық жылы шыққан дау –
Ит жылында ел ұйып,
Тойға ұласып жөнелсін.
Доңыз жылы шапқан жау –
Тышқан жылы шөмиіп,
Домаланып ол өлсін!
Жылан жылғы ұрыста
Шейіт болған батырдың
Бесікте қалған баласы
Мүшелге толып жас болсын,
Ағайынға бас болсын.
Әкеге тартып тусын ол,
Әділет жолын қусын ол.
Атына қамшы салсын ол,
Атаның кегін алсын ол!
 
Қоян жылы тақырда
Жесір қалған пақырдың
Жетектеген жалғызы
Мүшелге толып бой жетсін,
Әр қиянға ой кетсін,
Көп боп қорғап тепкіден,
Құтты келін атансын,
Ақсақалдан бата алсын.
Тұрмыс күйі құрулы,
Ел боп өнсін рулы!



Бата-тілектер » Наурыз батасы »