баталар - құттықтау

баталар

Құрдасыңа – қуаныш бол,
Сырласыңа – сынық бол,
Жылағанға жұбаныш бол,
Туысыңа тұнық бол,
Татулыққа  - тамаша бол,
Ықыласқа – иық бол,
Ана алдында аласа бол,
Ар алдында биік бол.
Әумин


 Атаның наласынан сақтасын,
Баланың шаласынан сақтасын,
Ағайынның аласынан сақтасын,
Жамандардың жаласынан сақтасын.
Әумин


Берекеміз қашпасын,
Белімізді ешкім баспасын,
Адал жан болып астасың,
Арыңды күлдей шашпасын.
Бақыт болса бастасың,
Мейманың, сірә, таспасын,
Тірлікте түзу жол тапсаң,
Тәңірім берер басқасын.
Әумин


Әуелі құдай есен ет,
Жиреншедей шешен ет,
Атымтайдай көсем ет,
Лұқпандай береген ет.
Ибраһимнің басын берсін,
Сүлейменнің тақытын берсін.
Қыдыр құсы қонсын басыңа.
Жортқанда жолың болсын,
Жолдасың қыдыр болсын.
Жоғары болсын жұлдызың,
Бақытты болсын ұл-қызың.
Ас иесі байысын,
Бар ойлаған арманың,
Жақсылыққа сайысын.
Әумин


Ағайынға бата
 
Ағайының ала болмасын,
Ақыл-ойы шала болмасын,
Татулығы шырақ болсын,
Табыстары бұлақ болсын.
Бірлігіне біте түспесін,
Тірлігіне түте түспесін.
Жайраңдаумен күліп жүрсін,
Жақсыларды біліп жүрсін.
Әумин


Құдай пейіл тарылтпасын,
Қуаныштан арылтпасын.
Халқым ешбір қамықпасын,
Қасиеті шарықтасын.
Әумин


Ханның тақытын берсін,
Игі жақсының бақытын берсін,
Батырдың жүрегін берсін,
Балуанның білегін берсін,
Бидің әділ төресін берсін,
Кәрінің ақыл-кеңесін берсін,
Шебердің қолын берсін,
Шешеннің жолын берсін,
Ғалымның данасын берсін,
Сабырлының санасын берсін,
Бәйбішенің сабасын берсін,
Ақсақалдың тобасын берсін,
Төренің тектілігін берсін,
Құданың қамқорын берсін,
Қыранның шәулісін берсін,
Тазының құмайын берсін,
Жүйріктің шаңдозын берсін,
Жігіттің жампозын берсін,
Алғанның аруын берсін,
Келіннің тәуірін берсін,
Серінің сәнін берсін,
Салдың әнін берсін,
Байдың дәулетін берсін,
Үйіп-төгіп бәрін берсін.
Әумин




Бата-тілектер » Баталар »