сапар бата - құттықтау

сапар бата

 Бес қаруың сайлы болсын,
Жортқан жолың жайлы болсын.
Күнің шығып жарқырап,
Түнің тыныш, айлы болсын.
Ішкенің зәмзәм су боп,
Ұртың толы майлы болсын.
Бір Алла өзі жебесін,
Аруақтар демесін.
Ғайып Ерен, қырық Шелтен,
Тигізсін дәйім себесін.
Нұх пайғамбар алдыңнан,
Теңізде тоссын кемесін.
Алтын күнде алты айлық,
Арымай-талмай жол алғын.
Аман-есен оралғын,
Дәл бүгіндей қол алғын.
 

 Бақытты бол, қарағым,
Қара көзім маралым.
Алтыннан болсын тарағың,
Күмістен болсын жарағың.
Қуаныш, күлкің тыйылмай,
Жарқырай берсін қабағың.
Мақтанышы бола біл,
Атаң менен анаңның.
Тілегіңе жете бер,
Оңыңнаң есіп самалың
 

Оралуың тез болсын,
Қасқа жолдың бойында
Қызыр бабам кез болсын.
 Өзің жайлы жат елде
Жылы-жылы сөз болсын.
Көре алмаған дұшпанның,
Екі көзі бөз болсын.
Кетілмесін тұлпарыңның тұяғы,
Қайырылмасын сұңқарыңның қияғы.
Барған жерде құшақ жая қарсы алсын,
Жақсы адамдар, жайсаң жандар зиялы.
Жалпақ елмен, жақсы жермен танысқын,
Алла жебеп, ұшқан құспен жарысқын,
Көңілің шат, ат-көлігің арымай,
Отбасыңмен аман-есен табысқын.
                                               Әумин



Бата-тілектер » Сапар бата »