Наурыз баталары - құттықтау

Наурыз баталары

 Уа, Жаратқан Ием!
Халқымды даласымен сақта.
Елімізді данасымен сақта,
Сәбиді анасымен сақта
Азаматты санасымен сақта
Жұртымды қасірет-қайғыдан сақта
Халыққа төнген қауіптен сақта
Табиғи апаттардан сақта.
Уа, халқым бауырың бүтін болсын!
Сарқылмас құтың болсын!
Күніміз ұлысты болсын!
Жеріміз ырысты болсын!
Елбасы бірлікке себепті болсын!
Жаппар Ием жар болып
Бұл бата қабыл болсын!
Әумин, Аллаһу әкбар!


Үстіңнен қаз қаңқылдап өтпесін,
Бұрама темір, сом алтын,
Суға салсаң батпасын,
Тәңір берген несібең
Тепкілесең, кетпесін.
Желіңнің бір шетіне
Оқ шырқасаң,  жетпесін,
Сенен байлық өтпесін.
Есігіңнің алдынан
Елу інген боздасын,
Қораңнан бес жүз саулық қоздасын.
Қойшыңды мақтап салғайсың,
Бұлтты күн жауын жауғанда,
Адырлы жерге жайғанда,
Қойынан айрылып қалмасын.
Қасқырға қойын бермесін.
Сөйтіп құдай оңдасын,
Жылқың сенің мың болсын,
Жылқы деген жақсы мал,
Бес аулыңа бақтырып,
Бес айдыннан суарып
Бетегелі тауға жаба сал,
Сиырың сенің мың болсын,
Қысың қатты болғанда
Қамысты жерге айдап сал,
Әумин!


Аллаһ сені қолдасын!
Көпке басшы көсем бол,
Сөйлер сөзге шешен бол,
Қауіп пенен қатерден
Әрқашан да аман бол.
Ұлы сөзге қысқа бол,
Лұқпандай хәкім бол,
Еңбек етіп еліңе
Халқыңа сондай жақын бол.
Төле бидей әділ бол,
Әйтекедей топ жарған
Еліңе сондай мәлім бол.
Панасызға пана бол,
Баласызға бала бол,
Әділ шешіп әр істі
Ақылың асқан дана бол!
Әумин, Аллаһу әкбар!


Қолыңды жай жамағат,
Мен бір бата берейін,
Әуелі Аллаһ оңдасын!
Бар істі Өзі қолдасын.
Көрген қызық мерейің
Тойдан тойға ұлассын.
Әулетіңе басыңа
Еш жамандық болмасын.
Үйде, түзде болсаң да
Періштелер болсын жолдасың.
Тату-тәтті тіршілік
Елімізге орнасын.
Болашақты алаңсыз
Жаратқан Ием жолдасын.
Әр азамат осыған
Үлес қосуды ойласын.
Біз тілектес адамбыз
Періштелер Әумин деп
Бір Аллаһ бізді қолдасын!
Әумин Аллаһу әкбар!


Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін,
Бәле-жала жерге енсін!
Ұлы халқым тоқ болсын,
Көйлектерің көк болсын!
Қайғы уайым жоқ болсын,
Қуаныштарың көп болсын!
*

Ұлыс бақты болсын!
Әр күніміз жақсы болсын!
Достығымыз берік болсын!
Өнер-білім серік болсын!



Бата-тілектер » Наурыз батасы »