Абайдың жастарға өсиет тілегі - құттықтау

Абайдың жастарға өсиет тілегі

 Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол.
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдында,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек,Өтірік, мақтаншақ,
Еріншек бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап еңбек терең ой,
Қанағат, рахым ойлап қой
Бес асыл іс, көрсеңіз.
Жамандық көрсең нәфрәтлі,
Суытып көңіл тисаңыз.
Жақсылық көрсең ғибрәтлә,
Оны ойға жисаңыз.


Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек,
Жылытқан тұла бойы ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, қалыпты шыдамдылық
- Бұл қайраттан шығады, білсең керек.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі «жақсы» демек.
 
Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап, бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жолын білмек.


Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтан.
 
Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,
Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе.
Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,
Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?
 
Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.
Жүрегіне сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан шын асыл тастай көрме.


Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге
Кетігін тап та бар қалан.
 
Қайрат пен ақыл жол табар,
Қашқанға да қуғанға.
Әділет, шапқат кім де бар,
Сол жарасар туғанға.
 
Бастапқы екеу соңғысыз,
Біте қалса қазақта.
Алдың жалын, артың мұз,
Барар едің қай жаққа?
 
Пайданы көрсең бас ұрын,
Мақтанды іздеп, қайғы алма.
Мініңді ұрлап, жасырып,
Майданға түспей бәйгі алма.
 
Өзіңде бармен көзге ұрып,
Артылам деме өзгеден.
Күндестігін қоздырып,
Азапқа салма езбеден.
 
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға.


Мен боламын демеңдер
Аяқты алшаң басқанға.
Екі көзің аларып,
Құр қарайсың аспанға.
Бір ғылымнан басқаның
Бәрі де кесел аспанға.
Өйткен адам жолығар
Кешікпей-ақ тосқанға.


...Мекен берген, халық қылған Ол – ләмәкен.
Түп Иесін көксемей бола ма екен?
Және Оған қайтпақсың, оны ойламай.
Өзге мақсат ақылға тола ма екен?
 
Өмір жолы тар соқпақ, бір иген жақ,
Иілтіп, екі басын ұстаған Хақ.
Имек жолда тиянақ, тегістік жоқ,
Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ!


Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық боласың өлсең тағы.
Мені мен сен тең бе деп мақтанасың,
Білімсіздік белгісі – ол баяғы.
 
Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бір өмірде онан басқа?!


Өлейін деп өлмейді өлерлік жан,
Әсте өлмесін білгендей қылық қылған.
Ажал келіп бас салса, жанды ұрласа,
Өмір қайда, сен қайда, соны да ойлан.
 
Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасың, білемісің?
Өлмек үшін туғансың, ойла шырақ!
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сенде сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы деп әділетті.



Бата-тілектер » Өсиет »