М. Аяпұлы құрастырған баталар кітабынан - құттықтау

М. Аяпұлы құрастырған баталар кітабынан

Азамат туы ар болар,
Әділдік соған нәр болар.
Жадыңа тұтсаң осыны,
Жақсылық саған жар болар.
Досына құшақ жайғанның
Қасының жолы тар болар.
Тілектен қазына жиғанның
Ошағы орны бар болар.
Ошақта отың маздасын,
Орныңнан ор қазбасын.


Сүлейменнің тақытын берсін.
Қыдыр құсы қонсын қасыңа,
Бұлбұл құсы қонсын басыңа.
Жортқанда жолың болсын,
Жолдасың Қыдыр болсын.
Жоғары болсын жұлдызың,
Бақытты болсын ұл-қызың.
Ас иесі байысын,
Бар ойлаған арманың,
Жақсылыққа жайылсын.


Қуаныштың тұрағы бол,
Ұлан істің бұлағы бол.
Мерекенің құрағы бол,
Мейірімнің шырағы бол.
Сабырлықтың сыңары бол,
Пәк үлгінің шынары бол.
Тұралықтың тұмары бол,
Тұлғалы ұлттың құмары бол.
                                   Әумин!


Жақсы ұлың сүйенетін тау болсын,
Жақсы туыс қалқан менен бел болсын,
Тәңір сені жамандықтан жебесін,
Тірлігінде тұрлаусыз жан демесін.
                                            Әумин


Бедері кеткен қамқадан
Берік тоқылған бөз артық.
Берекесіз туыстан,
Берік байласқан сөз артық.
Жақын деп жаманға қайырылма,
Жат деп жақсыдан айырылма.
Өгізді өрге сүйреме,
Қанат, қарың талар,
Қанат қарың талса,
Қарға-құзғын алар.
Жақыннан зиян қыл,
Алыстан пайда қыл,
Тышқан да інінен алыс жайылады,
Соны да есіңе ал.
Қайтып кірер есікті
Қатты жаппағайсың.
Ол кім десең – сүйек, жекжат.
«Су сүзілмейді, сүйек үзілмейді».
Осы айтқандарымды есіңе сақтасаң,
Ешкімнен қор болмайсың!
                                      Әумин


Ханның  тақытын  берсін,
Халықтың қамын жесін деп.
Игі жақсының бақытын берсін,
Ынсаппен ғұмыр кешір деп.
 
Батырдың жүрегін берсін,
Шабынған жауды қусын деп.
Балуанның білегін берсін,
Тәуекелге белін бусын деп.
Бидің әділ төресін берсін,
Озбырдың құты қашсын деп.
Кәрінің ақыл кеңесін берсін,
Кәріптің көңілі тассын деп.
 
Шебердің қолын берсін,
Өнердің бағын ашсын деп.
Шешеннің жолын берсін,
Ұрпаққа үлгі шашсын деп.
 
Ғалымның данасын берсін,
Көкейге ілім қонсын деп.
Сабырлының санасын берсін,
Дүниені саралап берсін деп.
 
Бәйбішенің сабасын берсін,
Ырыздығы толсын деп.
Ақсақалдың тобасын берсін,
Еліне ұйытқы болсын деп.
 
Төренің тектілігін берсін,
Сүйек сындырмас бекзат болсын деп.
Құданың қамқорын берсін,
Жақсының жекжаты болсын деп.
 
Қыранның шәулісін берсін,
Қаққанда қиядан шалсын деп.
Тазының құмайын берсін,
Қапысыз аңын алсын деп.
 
Жүйріктің шаңдозын берсін,
Еліне олжа салсын деп.
Жігіттің жампозын берсін,
Атаның кегін алсын деп.
 
Алғанның аруын берсін,
Жардың көңілін тапсын деп.
Келіннің тәуірін берсін,
Ағайын, жұрқа жақсын деп.
 
Серінің сәнін берсін,
Салтанат, сұқбат құрсын деп.
Салдың салған әнін берсін,
Сауытқа ойнап-күлсін деп.
 
Молдананың азанын берсін,
Таупықпен тәубаға келсін деп.
Көпестің азабын берсін,
Алыс-жақынды аралап көрсін деп.
 
Байдың дәулетін берсін,
Молшылық құрса деп.
Үйіп-төгіп бәрін берсін,
Игілікке жұмса деп.
                                    Әумин


Жас қосылсын жасыңа!
Оңға басса талабың,
Кеуіп босқа тасыма.
Тайып кетсе табаның,
Жүнжіп бекер жасыма,
Арам ойлы арсызбен
Бола көрме ашына.
Алды-артыңды ойламай
Іс қылмағай асыға.
Жолдас боп ер парықтап,
Жақсы адамның қасына.
Сонда жаның жай тауып,
Ас қосылсын асыңа,
Жас қосылсын жасыңа!
                                        Әумин


Халқыңа жайлы бол,
Судай таза бол.
Желдей жүйрік болып,
Өмірің ұзақ болсын.
Аймағың суат болсын,
Сөзің халқыңа қуат болсын.
Халқыңның қалаулысы бол,
Балапандарыңның қорғаны бол!
                              Әумин


Бүгінгідей ашық күн жайнай берсін көгімде,
Осы күннің астында гүлдей берсін елім де,
Жүрсін дәйім бақыт қана серік боп,
Тұрсын дәйім қуанышы көрік боп.
Ұлы өмірдің өзіндей жайнай берсін жасымыз,
Енді қайғы көрмесін ақ қыраулы басымыз.
Барлық халық тең болсын,
Бір-бірімен қуанышқа дос туысқан ел болсын.
Арандатқан адамды алауыздық жойылсын,
Мал-басымыз мол болып, ел ырысқа тойынсын.
Күніміз ұлысты болсын,
Жеріміз ырысты болсын.
Өрісіміз малға бай, дүбірлі болсын,
Келіндеріміз жанға бай, үбірлі-шүбірлі болсын.
Ер жігіттің ту етер ар-тұрағы,
Қанат беріп түлетер арғымағы болсын.
                                                 Әумин


Е, Патша Құдайым, жарылқағанмен жандас ет,
Ораздымен оттас ет,
Кімді жарылқасаң, соның қасында ет,
Алдағы әзір, шүкір нәубет,
Астыр-тастыр,
Үзілістірмей ойластыр,
Жақсылармен жанастыр,
Жамандардан адастыр!
Дәулетің Зияда болсын,
Дұшпаның пиада болсын,
Құдайым тілегіңді берсін,
Тұсауыңды алсын!
Ерлердің дұғасы,
Жарандардың батасы,
Болмағай менің бұл батамның қатасы!
Тағы да бір Құдайым жарылқасын,
Иманың мен жасыңа Қыдыр дарысын!
Бата бер десеңіз бізге,
Бата бердің сізге.
Әрқашанда бізді
Той думаннан ізде.
Құдайым қуат беріп сізге,
Ұрындырмай күзге,
Жасыңызды жеткізсін жүзге.
Құдайым көктем берсін,
Көктем берсе – көптен берсін.
Құдайым жаздай берсін,
Жаздай берсе – жазбай берсін.
Құдайым күздей берсін,
Күздей берсе – үзбей берсін.
Құдайым қыстай берсін,
Қыстай берсе - қыспай берсін.
Құдайым көңіліңді жас қылсын.
Қастық ойлаған адам болса,
Құдайым састырсын,
Көңілін пәс қылсын.
Қас дұшпаның болса,
Қара таспен бастырсын.
Құдайым абыройыңды астырсын,
Берекеңді тастырсын.
                                Әумин



Бата-тілектер » Баталар »