М. Аяпұлы құрастырған баталар кітабынан - құттықтау

М. Аяпұлы құрастырған баталар кітабынан

Иә, Құдайым!
Дәулетті бас берсін,
Бақытты ас берсін.
Ұлыстың ұлы күнінде!
Ұлың оңға қонсын.
Қызың қырға қонсын.
Малың өріске толсын,
Дәулетіңді асырсын,
Дұшпаның басылсын.
Менің берген бұл батам –
Ұлыс күнге сақтап жүрген сүр батам.
Мінгендерің балалар,
Жорға-жорға тай болсын,
Жорғалатып келгенге
Көптің көңілі жай болсын!
Ай жағыңа қарасаң,
Алтыннан терек орнасын
Айында келген мейманың,
Соған атын байласын.
Күн жағыңа қарасаң,
Күмістен терек орнасын.
Күнде келген мейманың,
Соған атын байласын.
Таң мезгілі болғанда,
Наурыз күні туғанда,
Боз тоғайдай шуылдап,
Бөденедей пырылдап,
Берекелі құт болып,
Қыдыр келіп дарығай!
Астыр-тастыр,
Жұлдыздармен жалғастыр,
Жақсылармен жалғастыр,
Жамандардан адастыр!
                               Әумин


Ұлысың оң болсын,
Ақ мол болсын,
Қайда барса да жол болсын!
Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін,
Бәле-жала жерге енсін!
                         Әумин


Өркенің өссін,
Өрісің кеңейсін.
Ат жалын тартып мініп,
Халқыңның қамын жегейсің.
Тілеуіңді беріп,
Бағыңды ашсын.
Айналып келіп ай мен жыл,
Аман-есен көруге жазсын!
                                 Әумин


Тәңірім жаздай берсін,
Жаздай берсе жазылып,
Көкірегінде иман оты маздай берсін,
Тәңірім күздей берсін,
Күздей берсе құтайып,
Риздығын маңдай термен іздей берсін.
Тәңірім қыстай берсін,
Қыстай берсе, қысылмай
Ынсаппенен тізгінің тең ұстай берсін.
Тәңірім көктемдей берсін,
Көктемде көктей өніп,
Талабың көкке өрлей берсін!
Тышқан жылы тыныштық бер,
Сиыр жылы ырыс-құт бер,
Барыс жылы мал-басымды өсір,
Қоян жылы жайлы қонысқа көшір.
Қоян жылы жұрттан жылу сұратпа,
Ұлу жылы ұл-қызымды жылатпа,
Жылқы жылы жеткізе гөр мұратқа.
                                           Әумин



Бата-тілектер » Наурыз батасы »