Шешендік сөздер - құттықтау

Шешендік сөздер

 
         «Ертеректе жасы тоқсанға келген бір хан елінің аса көрікті жас қызына көңілі ауып, сол қызды жар етпек оймен құда түсуге адамын жіберіпті. Қыздың әке-шешесі жаушыдан хабарды естіп, не деп жауап беруге сөз таба алмапты. Сонда қыз хан жаушыларына жұмбақтап былай деген екен:
         - Менің құным – он қозы, жиырма бөрі, отыз нар, қырық ардагер, тоқсан дорба.
         Қыздың бұл жұмбағын құда түсуге барғандар ханға айтып келеді. Бұны хан да, нөкерлері де шеше алмапты. Кейін сол елдің бір ділмар шешені былайша шешкен екен:
         - Он қозы дегені – адам он жасында секірген қозыдай болады. Жиырма жасында қайтпас қасқырдай, отызда толысып, нардай болады дегені, ал қырықта елге қадірі артады, елуде елде арқыраған айғырдай боласың, алпыс жаста ат тайса, жетпісте ноқталы малдай, сексенде шідерлі аттай тұсаласың. Тоқсан дорба дегені тоқсанға келгенде ілініп қалған қу сүйекке теңелесің дегендерді меңзеген.
         Бұл шешуді естіген хан өз уақытының өткенін, кәріліктің жеңгенін мойындағандай аһ ұрып төсегіне құлаған екен».


Тапқырлық
         Ел аралап жүрген жақсылар қой баққан балаға кезігіп:
         - Анау көрінген қай ауыл? – дейді.
         - «Мезгіл», - депті қой бағушы бала.
         - Одан әрі қай ауыл бар?
         - Оның ар жағында «Қайда-қайда» ауылы, одан әрі «Әттеген-ай» ауылдары бір-біріне жапсарлас қонған.
         - Балам әкең үйіңе кісі қондыра ма? Қонақасы бере ме?
         - Е, неге қондырмасын, қондырады, қонағасын береді. Бар болса, біреу, жоқ болса, екеу немесе үш қой сояды.
         ...Қойшы баланың сөзіне мән бермеген олар ілгері жүріп кетеді. Әлгінде батқан күн байып, бағанағы айтқан ауылдарды таба алмай адасып, кері оралған бұлар алғашқы «Мезгіл» деген ауылға келіп амалсыз шеттегі үйге түседі. Ет піскенде қолына су құйған баланы таныған ішіндегі бір би:
         - Бағана сен жол көрсеткенде дұрыс айтпай, бізді адастырып, азапқа салғаның не? – депті.
         - Менің айтқанымның төркінін түсінбеген кінә өздеріңізде. «Мезгіл» дегенім күн батты, енді ілгері жүрмей қонатын уақыт болды дегенім еді. Алдарыңда «Қайда-қайда» ауылы бар дегенім, түн болған соң адасатындарыңызды ескерткенім еді. Одан әрі «Әттеген-ай» ауылы барын айтқаным, өкінішпен азаптанып, адасып, кері оралатындарыңызды біліп едім.
Әкем қондырса, сіздерге болса біреу, болмаса екі немесе үш қой сояды дегенім, қонағына сойған жалғыз буаз қойының ішінен егіз лақ шықты. Сіздер мені баласынып, сөзімді шаласынып жөндеріңізге кеттіңіздер ғой, - депті.
         Балам, атың кім? – дейді сонда би.
         - Досбол! – депті бала.


Қу мен момын
         Бір қумен момын тамыр болады. Қу соғымға момынның екі жылғы ту биесін алып сояды. Момын баларға ермек болсын деп қудың бір лақты ешкісін алады. Ақыры екеуі айтысып, айырылысып кетеді. Қу момынның жылқысын қайырмайды. Момын малын даулап, ханға жүгінеді. Хан екеуін тергегенде, алдымен қу сөйлейді:
         - Рас, мұның байталы ту еді,
         Бірақ құландамайтын қу еді.
         Менің ешкім егіз табатын
         Іші маңыраған лақ еді.
         Сүті ағып тұрған бал еді.
         Мүйізі қамшыға сап еді,
         Еті тамағыма бап еді.
         Терісі борбайыма қап еді, - дейді.
         - Олай болса мұның ешкісі сенің байталыңмен барабар екен, - деп хан екеуін бітістірген екен.


 

Өсиет » Соңғы қосылған дүниелер »