Баталар - құттықтау

Баталар

Жақсылықты сұратпай,
Жамандықты қақпайла.
Ардың туын құлатпай,
Адалдыққа ат байла.
Әмин.


Ел ішінде сыймаған,
Өріс тауып жарымас.
Бол сондайға жаны қас.
Әділдіктің әрін аш.
Әмин.


Ұрпақтарым!
Бабаларыңа – ар бол.
Аналарыңа – нәр бол.
Жақсыға - жан бол,
Жаманға – зәр бол.


Халықтың қуанышы бол.
Жалпының жұбанышы бол.


Тілеген тілек от болсын!
Тізгінді ешкім қақпасын.
Іргеңде бүлік жатпасын
Ізіңді іріткі бақпасын.
Ағайының аласынан сақтасын.
Жамандардың жаласынан сақтасын.
Босағаңды тептірме
Досқа азап шектірме.
Табалдырығыңды таптатпа,
Пасықтарды аттатпа.
Сұйықты төрге оздырма
Сұғанақ қолын создырма.
Міншілдерден жасып мұңайма
Күншілдерден сасып жұқарма.
Жақсылық нықтаған іргесін
Жандарың қайғы білмесін.
Әмин.


Қырсық қайта шалмасын.
Қырғын-топан салмасын.
Жау жағадан алғанда,
Бөрі етектен алмасын.
 
Ер ел сенімі ерге жүк,
Екі иығың талмасын.
Көш бастаған көсемдер
Өрге тартсын арбасын.
 
Сөз бастаған шешендер
Әділдіктен танбасын.
Ынтымақты кім бұзса
Халық соны қарғасын.
 
Көл жиналып тамшыдан,
Теңіз болып қаңсыған.
Ата мекен тазарып,
Асығы түссін алшыдан.
 
Құт береке кетпесін
Диқаншы мен малшыдан.
Бақыт ашып қақпасын
Бәлі-жала қазақты
Іздесе де таппасын.
Әумин.


 

Бата-тілектер » Соңғы қосылған дүниелер »