Наурыз баталары - құттықтау

Наурыз баталары

Наурыз келіп қар кетті,
Ақ қар, көк мұз жұтатқан
Шаруа елінен зар кетті.
Наурыз келіп жаз кірді,
Жаз періште «Әз» кірді
Күнеске тосып арқасын,
Жан біткенге наз кірді.
Арық-тұрақ төрт түлік,
Көк жеп жапа-тармағай
Қабырға жаппай қалмағай.
Көтеремнің төрт бұты,
Ербегей де сербегей
Енді шығын бермегей.
Бізге келген бәлекет –
Қармен бірге қаңғырып,
Таудан ары өрлегей,
Мұсылман бетін көрмегей.
 
Жарапазан батасы
Қонақтасын берекет,
Қаша берсін пәлекет.
Қиын дейді қиямет,
Жақын дейді ақырет.
Ақыретке барғанда,
Қыл көпірден аман өт!
 
Міне, бата, ақ ниет,
Бола берсін берекет.
Қиын дейді қиямет,
Жақын дейді ақырет,
Құлшылық қыл Аллаға,
Қыл көпірден таймай өт.
Кірсін дәулет,
Шықсын бейнет.
Алла атымен бейнет ет.
Жоқ-жітікке рақым ет.
Тәңір сені қолдасын,
Уайым-қайғы болмасын.
Қабыл болсын оразаң,
Әулетіңді оңдасын!
 

                                                Мұзафар Әлімбаев
Қарық қып құтты Наурыз,
Қазанға толсын сары уыз.
Қайнасын Наурыз көже де,
Толтырып ішкей кезеңе.
Ұлыстың ұлы күнінде,
Көппенен бірге күлімде.
Көбейсін жаңа достарың,
Молайсын елге қосқаның.
Жарасып көңіл хоштығы,
Бекісін халық достығы.
Ішінде жүрсе азғана,
Шайылсын өкпе, наз-нала.
Алдыға сыймай сәбилер,
Құшағын жайсын жаңа үйлер.
Жастардың самсап отауы,
Мейірім төксін Отаны.
Әспеттеп ата дәстүрін,
Әсем боп өссін жас буын.
Кірбің тартпасын кәрілер,
Барыңның дәмді нәрін бер!
Дүрлеген Қазақстанға
Таңғалсын дос та, дұшпан да!


                                                              Асанәлі Әшімов
Ұлыс күні құтты болсын,
Ақ кетпесін таңдайдан!
Ел іргесі мықты болсын,
Бақ кетпесін маңдайдан!
Аллаһу акпар!


                                                               Оразақын Асқар
Ниеттерің ақ болсын,
Наурыздың ақша қарындай.
Бастарыңа бақ қонсын,
Шашыңның барлық талындай.
Санасы өсіп адамның,
Көңілде кір қалмасын.
Құты қашып жаманның,
Жақсы тапсын жалғасын.                                                            
Тыныш болсын даламыз,
Түгел болсын нуымыз.
Таза болсын ауамыз,
Тұнық болсын суымыз.
Қатыгездік жоқ болсын,
Оралмасын кез өгей.
Кірісіміз көп болсын,
Бүгінгі Наурыз көжедей.
Аллаһу акпар!


Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар.
Ұлы кісіден бата алса,
Сонда олжалы жыл болар.


Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын.
Қайда барса жол болсын!
Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін,
Бәлі-жала жерге енсін!


Жаңа жыл бақыт жылы болсын,
Малың тоқ,
Уайым-қайғы жоқ болсын.
Көген толы қозы,
Желі толы құлын болсын.
Малың базарлы,
Ұлың назарлы,
Қызың ажарлы болсын!


Әуелі, құдай оңдай көр,
Оң жолына бастай көр,
Адасса жолға сала көр,
Сүрінсе қолдан ала көр!
Кездессе шайтан қаға көр!
Жұлдыздармен жалғастыр,
Жақсылармен жанастыр,
Жамандардан адастыр!


Бай қылсын,
Төрт түлік сай қылсын,
Кетпес дәулет берсін,
Отауыңа сәулет берсін.
Бастарыңа бақыт қонсын,
Қастарыңа нөкер толсын.
Дұшпандарың жоқ болсын.
Көре алмаған қаскөйдің,
Іші күйіп шоқ болсын.
Ризық, нәсібің тасып,
Көңілдерің тоқ болсын.
Туған балаларың ер жетіп,
Өсіп үлкен ел болсын,
Бақталасың кем болсын.
Дәулетің шалқып, сел болсын,
Дастарқаның кең болсын!



Бата-тілектер » Наурыз батасы »