Ораза айт құтты болсын, Жамағат! - құттықтау

Ораза айт құтты болсын, Жамағат!

"Ана тілі" газетінен
Қадірлі мұсылман бауырлар, құрметті отандастар! Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын! Міне, айлардың төресі, күллі мұсылман баласы үшін қасиетті Рамазан айымен қимай қоштасатын күнге де таяп қалдық. Еліміздегі барша мұсылмандар күннің аптапты ыстығына қарамастан, тамыз айын жақсы ниетпен, тақуалықпен, оразамен өткізді. Кездескен қиындықтарға сабыр етіп, Жаратушы Иеміздің разылығына ұмтылды. Ми қайнатар ыстықты ауырсынбай ораза ұстауға төзе алған жан, өмірдің басқа да сынақтарына сабырлық таныта алатыны сөзсіз.
Рамазан – құлшылық пен сабыр, береке мен бірлік, мейірім мен қайырымдылық айы болса, үш күн бойы тойланатын Ораза айт мейрамы – адамдардың көңіліне көктем сыйлап, жанын жадырататын ұлық мереке. Баршаңызды Ислам үмбетінің ең қасиетті де ұлық мерекесі – Ораза айт мейрамымен құттықтаймын! Еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін барша мұсылман шат-шадыман қуанышқа бөленетін бұл мейрам Қазақстан жұртшылығына да құт-береке, ынтымақ, ырыс әкелсін! Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға көшіп келгенде, жергілікті халықтың мейрамдап, көңіл көтеріп жатқанын көріп: «Бұл қандай мереке?» деп сұрағанда: «Бұл біздің Исламға дейін тойлап келе жатқан мерекелеріміз», деген жауап естіді. Сонда Расулулла (с.ғ.с..): «Алла сіздерге бұдан да ұлық екі мейрам берді. Олар Рамазан және Құрбан айттары», деп осы ислами мейрамдардың мәртебелі екендігін білдірген. Ораза айты адамдарды бауыр­малдылық пен кішіпейіл­ділікке, кешірімділік пен сүйіспеншілікке шақырады. Ислам шариғатында пітір садақасының осы айт қарсаңында берілуі де жайдан-жай емес. Ораза айттың хадистерде «Ғидул-фитр», яғни «Пітір мейрамы» деп аталуы да сондықтан. Пітір садақалар жағдайы нашар, мүмкіндігі шектеулі отбасыларды қуанышқа бөлеп, айт мейрамында дастарқан жаюға жағдайы келмегендерге демеу болады. Сонымен қатар бұл күні мұсылмандар өлілерін де еске алып, Алладан оларға шапағат тілеп, дұға етеді. Айт күнінің өзіне тән жарасымды да сауапты амалдары мол. Бұл күні ғұсыл құйынып, үстіне жұпар иіс сеуіп, айт намазына қатысу сүннет. Әр үйде сәні мен салтанаты ерекше мерекелік дастарқан жайылады. Мұсылмандар туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаңды аралап, бір-бірінің үйінен дәм-тұз татып, мәре-сәре болады. Ренжісіп қалған кісілермен татуласу, қандай да бір келіспеушіліктің салдарынан қатынас үзілген туыстардың үйлерін арнайы аралау да ерекше маңызды. Өйткені Алла Тағала: «Сен кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр» («Ағраф» сүресі, 199-аят) деп мұсылмандарды барынша кешірімді бола түсуге шақырған. Күндегі оразасын құрмамен ашуды сүннет еткен Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айт намазына барарда алдымен құрмадан дәм татып барып үйінен шыққанды ұнататын. Дәл осы күні балаларды жаңа киім, тәттілер мен сыйлықпен қуантуды дағдыға айналдырсақ, ораза айтты олар да асыға күтетін болады. Жалпы, Ораза айты қасиетті Ра­мазан айы аяқталғанының белгісі ғана емес, ол – бір айлық құл­шы­лығымыздың қуанышы мен жемісі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Ораза тұтқан адам екі рет қуанады: бірі – ауызашарда, екіншісі – ақыретте ұстаған ора­засының сауабын алғанда», – деген екен.


Әбілхан қажы Балтаұлы
Қызылжар қалалық мешітінің Бас имамы

Мейірімді, Рахымды Аллаһтың атымен бастаймын! 
ҚАСИЕТТІ РАМАЗАН АЙЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
 Барлық мақтау мен мадақ Әлемдердің Раббысы болған Аллаһқа болсын! Сансыз салауаттар Оның елшісі, Пайғамбарлар Сардары Мұхаммедке (с.ғ.с.) болсын! Мінекей, көптен сағындыра күткен Рамазан айы да келіп жетті. 
Ұлы Жаратушының құлдарына тартқан теңдессіз сыйы болған Қасиетті Рамазан — сансыз сезімдер мен толып тасыған ойлардың салтанат құрған, күн мен түн де тұтастай құдайлық рақымдылық пен мейірімділікке толып тасыған айы. Олай болса, басқа уақыттарда жасалған жақсылықтар мен сауаптардың екі еселеніп жазылар айы да осы  – Рамазан.
Аллаһ Тағала рамазан айында дүние аспанына ахирет күнiне дейiн үкiмдерi, тiптi  бiр әрiпi де өзгертiлмейтiн, пенделерге әрдайым қажеттi болған қасиеттi Құранды  түсiрген. Мiне осының өзi рамазан айы Аллаһтың алдында ұлық  мәртебеге ие, әрi сүйiктi айлардың бiрi екендiгiне дәлел.
Рамазан айының қасиеті жөнінде Ибн Аббас пайғамбарымыздан келтiрген хадисiнде: «Егерде менiң үмметiм рамазан айының iшiнде қандай қасиеттер бар екендiгiн бiлсе, онда жылдың барлығы рамазан айы болса екен деп үмiт еткен болар едi»,- дегенін жеткізеді. Сондай-ақ, Аллаһ тағала Мұса (ғ.с.)-ға: «Мен Мұхаммедтiң үмметiне екi қараңғылықты жоятын екi нұр бердiм»,- дедi. Мұса(ғ.с.): «Ей жаратқан ием, екi нұр деген не?», — деп сұрады.
Аллаһ Тағала: «Ол Рамазан айының нұры мен Құранның нұры», — деп жауап бердi.
Мұса (ғ.с): «Екi қараңғылық қайсы?»,-деп сұрағанда, Аллаһ Тағала: «Қабыр қараңғылығы мен ахиреттiң қараңғылығы», — деп жауап берді. Міне, бұл біздерге берілген Аллаһтың үлкен нығметі деп түсінуіміз керек. Ислам діні бес тіректен тұрады: Иман келтіу, намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру және шамасы келген адамның қажылық жасауы». Осы бес парыздың бірі – ораза. Ораза адам жанын тазартып, жаман қылықтардан  сақтайды. Құранда Аллаһ Тағала былай дейді: «Ей, иман еткендер! Күналардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді».  (Бақара сүресі, 185 аят)
 Бұл аятта айтылғандай оразаның мақсаты – мұсылманды тазартып, тақуалық дәрежеге жеткізу. Тақуа дегеніміз – сақтану, қорқу, сиыну, Ұлы Жаратушының қорғанына кіру дегенді білдіреді. Ендеше тақуалық – Аллаһ Тағалаға бойұсыну, әмірлеріне құлдық ұрып, тыйғандарынан аулақтап, иманды, көркем мінезді, парасатты жан болып, Ұлы Жаратушыға қарсы келуден сақтану болып табылады.
Нәпсі – бойдағы құмарлық сезім. Жалпы адам баласының толық адам шыңына жетуі мен көркем мінезді болуының негізі – нәпсіге ие болуында жатыр. Міне, осы нәпсіні жолға салуда аштық пен шөл өте үлкен рөл ойнайды. Бірақ бұл Аллаһ Тағала үшін болуы керек. Кісі өздігінен аш қалып, діттеген мақсатына жете алмайды. Өйткені,  ораза – Аллаһ Тағалаға жасалатын ғибадат. Қасиетті хадисте Аллаһ Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін мен үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен сусағандықтан шыққан ауыз исі мен үшін миск әтірінен де тамаша», — дейді. 
Сондықтан да ораза шынайы ниетпен Аллаһ ризалығы үшін ұсталуы тиіс. Себебі оразада тек қана ішіп-жеуден емес, өсек-ғайбат айту, балағаттау сынды жаман қылықтардан да аулақ болу керек. Өйткені, ораза тек ішіп-жеуден емес, құлақ, көз, ауыз күналарынан да сақтану үшін ұсталады. Сол үшін құлшылық амалдарымызды көбейтіп, көбірек Аллаһты еске алып, Құран оқуымыз керек.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні сахабаларына ораза ұстауды бұйырып, артынша былай деп қатаң ескерту жасады:
– Мен рұқсат етпейінше кешке ешкім ауыз ашпасын!
Елдің бәрі жаппай ауыз бекітіп, ораза ұстады. Кеш түскенде жеке-жеке келіп, ауыз ашуға рұқсат алып жатты. Дәл осы тұста бір кісі жақындап келіп:
– Уа, Расулулла! Екі қызым күні бойы ораза ұстаған еді. Ұялғандықтан өздері келіп сізден рұқсат сұрай алмады. Рұқсат етсеңіз, оразаларын аяқтап, ауыздарын ашса, жақсы болар еді, – деп өтініш білдірді.
Алайда, рұқсат берілмеді.    
Әлгі кісі тағы екі рет келіп рұқсат сұрады. Үшінші рет келгенде пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
– Өкініштісі, олар бүгін ораза ұстаған жоқ. Күні бойы «кісі етін жеген» (әркімнің сыртынан өсек айтып, ғайбаттаған) адам қайтіп ораза ұстасын?! Бар да оларға айт: егер ниет етіп ораза ұстағандары рас болса, дереу құсып тастасын, – деді.
Әлгі кісі мұны қыздарына айна-қатесіз жеткізді. Олар бұйрықты орындап, өздерін күштегенде кесек-кесек қан құсып жіберді. Әлгі кісі келіп бұл жайды пайғамбарымызға (с.ғ.с.) білдіргенде, ол:
– Құдіреті күшті Алла тағалаға ант етейін, егер олар әлгі ұйыған қанды құсып тастамағанда, тозақта күйдіретін от асаған болар еді, – деді.
Иә, тек қарынға ғана емес, тілге де, көзге де, аяққа да, қолға да ораза болса, сонда ғана ол нағыз ораза болмақ.
Аллаһ Елшісі (с.ғ.с) рамазан айы туралы тағы бір хадисінде: «Рамазан келгенде жәннат есіктері ашылып, дозақ есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді», сондай-ақ,  «Шынында жәннатта бір есік бар, ол – «Райиан» деп аталады. Ол есіктен тек ораза ұстаушылар ғана кіреді», — деген.
Ахиретімізді жарық қылатын бұл айда көбірек Құран оқып, зекет беріп, Аллаһтың тыйған амалдарынан тыйылу мұсылмандығымыздың белгісі болмақ.
Тағы бір мүбарак хадисте Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) «Ораза үстаған адамның екi қуанышы болады. Бiрiншiсi ауызашардағы қуанышы екiншiсi, қияметте Жаратқан Иесiне кездескенде, ораза үстағанына қуануы»,-деген болатын. Шынында да Жаратушы Иесінің разылығына қауышудан артық қандай қуаныш болсын?!
Сонымен қатар Рамазан айы кезінде әрбір мұсылман  жан садақасы –  пітір садақа беруі қажет. Пітір сөзі (араб тілінде) – «жаратылыс» деген мағынаны білдіргендіктен, кейбір ғұламалар пітірді «дененің зекеті» деп атаған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Рамазан айында ораза ұстаған адамдарды пітір садақа беруге бұйырды. Абдуллаһ ибн Омардың (р.а.)  риуаят етуі бойынша: «АллаҺ Елшісі (с.ғ.с.) Рамазан айында пітір садақаны парыз етті. Бір сағ (3, 334 кг) құрма немесе бір сағ арпа беріледі. Бұл мұсылмандардан әрбір кұл, ерікті, еркек, әйел, үлкен, кіші үшін уәжіп»,–деген (Бухари, «Зәкәт», 70-78 беттер).
Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) ораза ұстаған пендені тазалау үшін пітір садақаны парыз етті. Бұл міндет ораза ұстаушыны бос сөздерінің кірінен, әдепсіз айтқан сөзінінің күнәсінен пәктейді және кембағалдар үшін азық. Кімде-кім оны (айт) намаздан алдын берсе, ол қабыл болған зекеттей саналады. Кімде-кім намаздан кейін берсе, ол тек  жай садақа»,-деген. (Әбу Дәуіт, ибн Мәжаһ риуаят еткен).
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірде Өзінің мінберіне шығып бара жатып, бірінші баспалдақты басқанда «әмин» дейді, екінші баспалдақты басқанда тағы да «әмин» дейді, үшінші баспалдақты басқанда да «әмин» деген дейді. Намаз соңында сахабалар: иә, Аллаһтың елшісі, сіз неге мінберіңізге мініп бара жатып, үш мәрте «әмин» дедіңіз? Дейді. Сонда Сүйікті Пайғамбар: бірінші баспалдаққа келгенде Жәбірейіл періште келіп; иә, Мұхаммад, кімде-кім рамазан айы келіп тұрып, ораза ұстамаса, масқара болсын деді мен «әмин» дедім. Екінші баспалдақты басқанда «Иә, Мұхаммад, кімде-кім сенің атың аталып тұрғанда салауат айпаса сол адам масқара болсын деді мен «әмин» дедім, үшінші баспалдақты басқанда «Иә, Мұхаммад, кімде-кім, ата-анасының екеуі не біреуі қолында қартайып солардың разылығын ала алмаса сол адам масқара болсын деп айтты мен «әмин» дедім деген екен. Ендеше рамазан айын қадірлеп, ораза ұстайық!
Құрметті мұсылман қауым! Тұтқан оразаларыңыз қабыл болсын! Аллаһ Тағала баршамызды шынайы ықыласпен ораза ұстаушы құлдарынан етіп, жәннаттың Райиан есігінен кіруімізді нәсіп етсін!
Қасиетті Рамазан құтты болсын!

Ресми мерекелерге » Ораза айт / Құрбан айт »