Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған құттықтау - құттықтау
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған құттықтау
ЕҰУ ректорының құттықтауыБиыл Қазақстанда алғаш рет 1 желтоқсан күні ҚР Тұңғыш Президенті күні – мемлекеттік мереке аталып өтпек.
Қазақстан атты еліміздің, Тәуелсіздік атты басты құндылығымыздың синониміне айналған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіздік жолында атқарған істері мен ел үшін еткен еңбегі ұшан-теңіз. Елбасының тәуелсіздік туын қолға ұстағалы бері әлем алдындағы, еліміз халықтары алдындағы көрсетіп келе жатқан ұлан-ғайыр қажыр-қайраты қайран қалдырады.
1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстан тарихында тұңғыш рет жалпыхалықтық сайлау өтіп, ел сенімін арқалаған сарабдал саясаткер, әлемдік деңгейде өзіндік орны бар тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Мемлекет басшысы болып сайланған болатын.
Қазақстан бүгінде Орталық Азия елдері ішінде экономикасы, әлеуеті дамыған, әлем таныған мемлекет болып дараланды. Ел дамуының 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған стратегиялық бағдарламасы - Қазақстан-2030 Стратегиясын жүзеге асыру, ел экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосқан «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы, «еуразияшылдық» идеясының тұжырымдамасын енгізу сынды еліміздің стратегиялық даму бағдарламалары халықаралық деңгейде мемлекеттің абыройын асқақтата түсті. Бүгінде ШЫҰ мен БҰҰ, ТМД, ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ және басқа да халықаралық ұйымдар арасында түсіністік және ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойылған. Бұл тұста Елбасының алғыр да көреген, ойы озық мемлекет басшысы, әлемдік деңгейдегі кемел саясаткер екендігін тағы бір мәрте дәлелдемек.
Еуразиялық тұтастықтың озықтығы, осы кеңістіктегі интеграцияны құрудың өмірлік қажеттігі, ортақ бірлестіктің қағидаттары мен бағдарламасы туралы идеяны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет 1994 жылдың наурыз айында Мәскеу мемлекеттік университетінің оқытушылары мен студенттерінің алдында сөйлеген сөзінде көтерген болатын. Бүгінгі күні сол идея іске асып, өзінің жемісін бере бастады. Тәуелсіз ел атанудың эйфориясына шырмалған көптеген ТМД елдері көшбасшыларының бұл идеяны қабылдауға саяси қарымы мен ерік-жігері жетпеді. Тек алысты болжай алған Нұрсұлтан Назарбаев қана оның өміршеңдігін көре білді. Бұл ретте Елбасының бастамасымен құрылған Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ үшін бұл бастаманың орны бөлек.
Қадірменді әріптестер және студенттер! Баршаңызды мемлекеттің іргетасын қалаған Тұңғыш Президентіміздің күнімен құттықтай отырып, болашағымыз бекем, мемлекетіміз берік болсын дегім келеді. Егеменді еліміздің айтулы мерекесін атап өту мемлекет тағдырына тіреу болған Ұлт көшбасшысына деген зор құрмет деп білемін.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев - қазақ халқының ынтымақтастығын жарастырып, бүкіләлемдік тыныштыққа, дүниежүзіндегі халықтар мен мемлекеттер арасындағы келісімге, дүниежүзілік мәдениетті, бейбітшілікті арттыруға сүбелі үлес қосып, жаңа мемлекеттің келбетін қалыптастырды, елдің болашағын айқындап, экономиканың өрлеуіне ерекше серпіліс берді. Ел тізгінін ұстаған Елбасымен еліміздің болашағы баянды болатынына сеніміміз мол.
Ресми мерекелерге » ҚР Тұңғыш Президенті күні »