Оразақын Асқар Екеуіңе - құттықтау
Оразақын Асқар Екеуіңе
Оразақын АсқарҚиын да емес, оңай да емес үй болу,
Ой бөлу үйге, қамқорлық жасап үйрену,
Көңілін табу, қабағын бағу жарыңның,
Екеу боп өмір сүрудің жолын игеру.
Болады онда ішкі де сыртқы – саясат,
Аяйық жарды біреуді егер аясақ.
Жақсы үйде болмақ әскери қатаң құпия,
Жүрмеңдер әсте ішкіні сыртқа жая сап.
Қашанда жарға керегі жылы назарың,
Жалғызсыратпа, тартқызба күту азабын.
Мен сүйтіп едім, сен неге бүйтпей жүрсің – деп
Сауданың үйге орнатпау керек базарын.
Асығыстықтан, ашудан абзал безінген,
Дос болу керек қашанда сабыр төзіммен.
Жар деген өзің, өзім деп тапқан жалғыздың,
Кешірімді бол, келіспей жүрме өзіңнен.
Киелі зат жоқ – жарыңның махаббатынан,
Екеуіңді де аялауға оны шақырам.
Көсегелерің көгерсін! - берген ақ батам,
Беремін барлық үлкен үйлердің атынан.
Үйлену тойы » Өлең - сөздің патшасы » Шығармалар »