Кемел Кеніш Құдалық тілектері - құттықтау
Кемел Кеніш Құдалық тілектері
Байлық, дәулет,бақыт туралы әңгіме қандай көп.
Сондай бірінде «Бай – байға құяды, сай – сайға құяды, шұқанаққа түк жоқ» депті бір ел ішінде жүрген елеусіз Дана.
Екінші бір Дана «Бай мен бай құда болса арасында дәнекер болып жорға жүреді, кедей мен кедей құда болса арасында дәнекер болып дорба жүреді, бай мен кедей құда болса бір-біріне қарай зорға жүреді» депті.
«Барлық не дегізбейді, жоқтық не жегізбейді».
Ұл-қызымыз «тереземіз тең» деп қосылса – не тұрыс бар, ендеше төскейде малымыз қосылсын, сырласып жанымыз қосылсын!
Досымыз қуанып, дұшпанымыз тосылсын!
Егіз арна қосылды – аяғы теңіз болғай! Бауда ойнаған екі құлынымыз бір ноқтаға бас сұқты – аяғы сегіз болғай!
Біздің ұлымыз – Сіздікі, Сіздің гүліңіз – біздікі! Барша гүлдің сыйлайтын ләззаты – бір, сұлулық.Ұл-қыз –перзент, ортақ немере сүйіп қуанышымызды бір етелік!
Көзіміздің ағы менен қарасы қос қошақанымыздың бақыты үшін келіңіз, төс түйістіріп құшақтасайық, құдалар!
Қазақтың бір сөзінің қатесі жоқ;
Алдымен бауыздау құда, кейін қылауы түспеген құда, сосын белгілі бел құда, кейін Абай жарықтық қаһарлы қысқа теңеген кәрі құда болады екен. Абай атамыз кәрі құдадан қаймыққан, санасқан. Себебі кәрі құда іші-бауыры араласа келе бауырына айналып барлық сырын біліп қояды. Шынымен білек сыбанып кіріссе – біліп айтады, батырып, жаныңды ауыртып, бетті тіліп айтады. Яғни, дос болып жылатып айтады. Абай - дана міне осы құданы айтқан.
«Жігіттің үш жұрты болады» деп жатады. Дегенмен жақсы болса құдаларың да бір жұртың екені Айдан анық. Ақылды құдаң – құрдасың,ақылды құдағиың – сырласың емес пе?
Құрметті, қымбатты құдалар! Қазақтың «Асауды –ноқта, құданы – құдай қосады», «күйеу – жүз жылдық, құда – мың жылдық» деген нақылында бір мысқал қоспа сөз. Біз де құдай қосып құда болдық, ...........! күйеу бала мен келіннің – екі жастың ғұмыры жүз жылдық болсын! Құдалығымыз мың жылдық болсын!
Дәстүрлі тойларға » Құда түсу »