Кемел Кеніш Ұзату тойына - құттықтау
Кемел Кеніш Ұзату тойына
Әкенің қыз ұзату тойындағы тілек аманатыҚұрметті халайық, бүгін біздің қуанышымызды бөлісуге келіп отырған ағайын, туыс, бауырлар!
Құрметті құда-құдағи! Сөзімнің бірінші бөлігін сіздерге арнағым келеді!
«Біздің еккен дәніміз пісті. Үйімді жарық еткен нұрым, жүрегімді тербеген жырым, ана – жұмыртқасын жарып, ақ құсқа айналып, көрші бәйтерекке ұя салмаққа ұшып барады деп ойлаймын.
Әлемде әке үшін өзінің қызынан асқан сұлу қыз жоқ. Менің қызым өзім үшін – «Тау Баян деп жаңғырады, өзен Баян жеп ағады, орман-тоғай Баян деп шулайды» деп жар салатын Қозы Көрпештің Баянынан да асқан сұлу. Ер Тарғынға тар жерден жол тауып берген Ақжүніс арудан да өткен ақылды! Әйткенмен, Қобландының Қыз Құртқа баптап –жаратқан қырық күндік кемдігі бар Тайбурыл –тұлпары сынды өмір-тәжірибесі әлі жеткіліксіз, аз. Ендігі кемдігін өзің толтыр, құрметті құд-құдағиым!
Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, күнге күйдірмей, суыққа тоңдырмай бой жеткіздім, өсірдім. Ендігі жерде Еңлікгүлімнің сүйегі – менікі, еті – сіздікі. Менен - өтті, Сізге- жетті. Қыз бала - өзге елдің аманаты. Өзге ел – Сіз үшін асырап-жеткерген көзімнің нұры, бауыр еті баламның ендігі жердегі тағдырын сізге аманаттаймын, құрметті құда-құдағи!
Бұдан былайғы жерде обалды мен сауабы да, қызығы мен рахаты да Сіздің босағаңызда, құрметті құда-құдағи!
Менің мәпелеп өсірген аппақ гүл-қызым! Ендігі жердегі тілегім саған арналады. «Қыз бала – қонақ» деген осы екен. Маған өзіңе сөз арнау өте ауыр, қызым! Сені мұңайтқым келмейді, қуантқым келеді. Өйткені, өз қалауыңмен тең қосағыңды тауып, бақытты сапарға шығып барсың. Мен осыны ойлап қуанамын! Бүгін жота басына қатар тігілген қос шыбықтарым – күйеу балам екеуіңе бар айтар тілегім; қараған ел қызығатын, қою көлеңкесі ел игілігіне асатын жемісті бәйтерекке айналыңдар. Ертең аппақ желегі желбіреп келін болғалы тұрған қызым, саған айтарым; сен де құдағилыққа жетіп, тілек айт! Бастарыңды - бұлт, бауырыңды мұз шалмасын!
Бақытты болыңдар!
Қыдыр ата болсын балам жолдасың,
Көкірегің елдің күйін толғасын.
Атқан таңың бағыңды ашып әрдайым,
Ата бабаң әруағы қолдасын!
Ашық болсын аспаның мен айналаң,
Ардақтасын ақ орамал байлаған.
Таң сәріде тілек тіле Тәңірден,
Тартынбасын қолыңды енді жай балам!
Әумин!
Қыз ұзату тойындағы ана тілегі.
Құрметті тойға жиналған ағайын-жұрт, достарымыз бен жолдастарымыз!
Шынымды айтсам, сіздердің алдарыңызда шаңырағымыздан ұшырғалы отырған ақ көгершіндей аяулы қызыма қандай ақ жол, сәт сапарлық тілек тілерімді білмей толқып тұрмын. Ең дұрысы, негізгі сөзімді қызыма арнағаным жөн сияқты....
Үйіміздің сәні, әкең екеуіміздің аялап өсірген қызғалдағымыз, сүйікті де сүйкімді қызым менің!
Кеше ғана «іңгәлап» өмірге келгенің де,тұлымшағың желбіреп жүгіріп жүргенің де, шашыңа ақ бантик тағып алғаш мектеп табалдырығын аттағаның да, жоғарғы оқу орнына түскенде «Мама, Папа! Мен студент атандым!» деп қуаныштан жүрегің жарыла сүйінші сұрағаның да... – бәрі-бәрі де кеше ғана сияқты еді. Уақыт неткен жүйрік десеңші! Енді міне бүгін өмірлік серік-сыңарыңды тауып, ұядан ұшқалы тұрсын.
Сені жат босағаға қанша қимасақ та табиғаттың талабы, өмірдің заңы осылай екен - қыз бала жат жұрттыққа жаралған.
Айналайын қызым........!
Сен арқылы өрісіміз кеңейіп, жаңа жекжаттар тауып, құда-құдағи болып жатырмыз. Сен енді екі елдің арасындағы елшісің. Алдыңда жаңа өмір, жаңа орта, жаңа туыстар мен достар күтіп тұр. Сол ортамен тіл табысып, үйренісіп, босағасын аттаған әулетіңе туған қызындай болып сіңісіп кететініңе сенемін. Өйткені осы күнге дейін папаң екеуіміздің берген тәрбиемізді зая кетірмей, жаман сөз келтірмей, сенімімізді ақтап, айналаңа, қоршаған ортаңа әрқашан сүйікті, сүйкімді болып жүрдің емес пе?!
Менің тілегім. Осы қалпыңнан айнымағайсың, күнім! Құдайым басыңнан бағыңды тайдырмасын!
Бастағалы отырған жаңа өмірің бақытты, қызықты күндерден құралсын. Табалдырығын аттағалы тұрған босағаға жаңа басқан қадамың құт әкелсін!
Әкең мен шешеңді қалай құрметтеген болсаң, атаң мен енеңді солай құрметтегін, күнім! Сыңарыңмен жұбың жазылмай, бақытты да тату-тәтті ғұмыр кешіп, өсіп-өніңдер. Бақытты болыңдар!
«Жолаушы мұраты - жету, қыз мұраты – кету» екенін ұғынғанымызбен, бауыр етінен жұлып алғандай етіп қызын өзге жұртқа аттандыру кімге болса да оңай емес екен. Дегенмен, теңін тауып, көңіл жарастырып, біздің, яғни ата-анасының, туған-туыстарының ризашылығымен кетіп бара жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.
Қолымыздан ұшып бара жатқан қызымыздың қонған жері құтты болсын! Барған еліне тастай батып, судай сіңсін, көп балалы ана болып өркенін жайсын!
Құдай қосқан жарына бақ болып қонсын, қосағымен қоса ағарсын!
Құда-жекжаттарымызға айтарым, бір-бірімізге деген жылы ықыласымыз суымай,сыйластығымыз жоғалмай екі жастың қызығына кенелейік. Той сіздерге де құтты болсын! Екі жас бақытты, өмірлері ұзақ болсын!
Дәстүрлі тойларға » Қыз ұзату »