жас жұбайларға бата - құттықтау

жас жұбайларға бата

Жас жұбайларға бата
Үйлену оңай, үй болу қиын деген бар,
Саналы жастар бұл сөзді  ұғып бағыңдар.
Қос өзен сынды қос тағдыр бүгін қосылса,
Жарасын тауып жасалсын ізгі қадамдар.
Өмір жолында серік боп ылғи сәттілік,
Шамшырақ сынды жетелей берсін тәтті үміт.
Беу қарақтарым, алтын тойды да тойлаңдар,
Отауларыңнан қуаныш кетпей бақ тұнып.
Көңілде көктеп махаббат гүлі, нұр гүлі,
Естілсін үйде күміс күлкінің сыңғыры.
Өрісі кеңіп бабадан қалған әулеттің,
Тербеліп бесік, естілсін сәби былдыры.
Адами ғұмыр болары айқын бір нүкте,
Жақсылық келер ынтымақ барда, бірлікте.
Бас қосқан жастар, сендерге үлкен тілегім,
Біріңе бірің сүйеніш болғын тірлікте.

Үйлену тойы » Бата-тілектер » Жас жұбайларға бата » Өлең - сөздің патшасы » Шығармалар »