Қырық жыл үйіме - құттықтау
Қырық жыл үйіме
Ғафу ҚайырбековҚырық жыл Құдай бізді сақтағаннан,
Қаншама асу-белес артта қалған,
Қаншама қайрат жұмсау керек болды,
Бітпеуге адал үміт, аппақ арман.
Қырық жыл - ауыз үшін айту оңай,
Өткелден өттік біздер талай-талай,
Қайысты қабырғамыз, жан күйзелді,
Аллаға жалбарынып қарай-қарай.
Сан рет шаңыраққа төнді қауіп,
Қисайып, орта жолда жүгім ауып,
Тұрғанда, жаутаңдадым жан жарыма,
Ол сонда шығушы еді жолды тауып.
Тапқаны - дүниені сірестіріп,
Жинамай, жүрді жұртқа үлестіріп,
Құдайдың күтуші еді несібесін,
Құдай да қоймайды оны түгестіріп.
Қазақтың қасқа қайсаң сабаздары
Бас қосты мұсылмандай намаздары,
Соларға дәс татқызып, бата алушы ек,
Сонда да жүрек тозып, жан азбады.
Мақтады ақ Бәдешті соның бәрі,
"О, шіркін, жақсы болса ердің жары,
Осындай болсын" деген дауыстары,
Жаңғырып құлағымда тұрады әлі!
Зәрем жоқ тіл мен көзден сонда менің,
"Уа, аруақ, уа, Тәңір, қолда!" дедім.
Қолдады, бір ғажайып қуат берді,
Таусылмас дәмім шығар ол да менің.
Қырық жыл, қырық дұға, қырық шырақ,
Жағайын, тағы жанға қызу сұрап,
Қасыма келші, Бәдеш, ақ бәйбішем,
Баяғы қыз күніңдей жылыұшырап.
Кеш мені, көп қажытсам бейнет беріп,
Сабырмен соның бәрін сен өткеріп,
Қозғалмас алтын қазық секілденіп,
Тұрасың көз алдымда бөлектеніп.
Ал, шүкір! Жеттік, міне, қыр басына,
Жан болмас сенен артық ұрғашыда,
Қыпшақтай асыл тұқым, бір нәсілі,
Қасиетін үйіп-төккен бір басыңа!
Болғанмен өзің - алтын, жарың - күміс,
Тоздырмай қояр ма оны дүние - тұрмыс.
Солардың бәрін көріп, солқылдамау,
Емес пе бір пендеге оңай жұмыс.
Адалсың, жаңа жауған қар секілді,
Биіксің, жібек жабу нар секілді.
Қырық жылда мен мақтамай, кім мақтайды,
Жар болдың, жар болған соң жар секілді.
Рахмет, не айтайын, қалқам Саған,
Риза, риясыз ортаң Саған.
Өмірдің қалған жағын біз білмейміз,
Әлі де көз тиер деп қорқам Саған.
Бақытым, Ғафурам мен Әлимашым,
Үш қара - мен жасаған жарым жасым,
Сыйлаған сенің маған үш маржаның,
Құдайым тек солардан жарылқасын.
Ағайын, айналайын құрметіңнен,
Жерің жоқ ақ көңіліме кір келтірген.
Буйырсын сендерге де осындай той,
Әрқашан орын алып күн бетінен.
Шығардым көңіл күйін, жан дыбысым,
Осындай қуаныштың барлығы үшін,
Ғафудың қырық жылдық қазынасы,
Мынау бір шаңырағының саулығы үшін!
Отау көтерген мерей тойларға » Өлең - сөздің патшасы » Шығармалар » Соңғы қосылған дүниелер »