Қыз ұзату тойына тілек - құттықтау

Қыз ұзату тойына тілек

         Қазақ қызын қашанда қадір тұтқан. Қасиетке балаған. Төрін ұсынған. Себебі, қыз - өріс. Қыз – кие. Қыз – ұлтының ұяты. Қыз – халқының шырайы. Қыз - өмірдің бастауы. Қыз – тіршіліктің тірегі.
         Бұл қасиеттер қыз ғұмырдың пешенесіне әуел бастан-ақ бұлжымастай етіп жазылғандай. Ал сол ақ үрпек балапанын аялы алақанынан ұшырарда қай ата-ананың болмасын көңілі тоқып, жан тебіренісіне түсері хақ. Сосын өзегін жарып шыққан балапанына: «Құтты орныңа қонып, бағың ашылсын!» деп Жаратқаннан тілек тілеумен болады.


         Міне, бүгін қызымыз ата-ана ұясынан ұшып, жүрегінің қалауымен өмірлік серігі ......(аты) қол ұстасып, қызығы мен қиындығы қатар үлкен өмір жолына аттанды. Сөйтіп ата-анасының өрісін кеңейтті.
         Отбасын құру – үлкен абыройлы іс. Абыройлы іске биік рух керек. Барған жеріңде бағың ашылсын, шаңырағың биік, босағаң берік болғай! Екеуің қазақтың үлгі тұтар отбасына айналыңдар!



Қыз ұзату » Соңғы қосылған дүниелер »