Сексен Кенен Әзірбаевқа - құттықтау

Сексен Кенен Әзірбаевқа

Атақты сексен келдің бе,
Алайын деп сырымды.
Сезікті сексен, келдің бе,
Табайын деп мінімді.
Сүйкімсіз сексен, келдің бе,
Қатырғалы буынды.
Айналдырмай аулақ жүр,
Көрсетпеймін шенімді.
Тұсауым жоқ аяқта,
Сүйенгем жоқ таяққа.
Сыр алдырман сексенге,
Тоқсан, жүзің қай жақта?
Кіндік кескен, кір жуып,
Мәтібұлақ жартасты,
Қозы жайған, қой баққан,
Өскен жерлер алғашқы.
Жүрген өлкем сұлутөр,
Қордай, Жайсаң, Қоңырбел,
Тұрған жерім "Киров-ты".
Шалқыған өлкем Жетісу,
Жүрген жерім думан ду,
Салқын сая көк торғын,
Мөлдір бұлақ, орман ну,
Аралаған Алатау,
Қазақ, қырғыз тамаша-ау!
Алтай, Арқа, Көкшетау,
Айналасы бақша-бау,
Кенді көне Қаратау,
Кеннің қоры ана тау,
Орал, Орда, Маңғыстау.
Барған жерім ән шырқау,
Тоғыз бардым Мәскеуге,
Елдің тойын бастауға.
Бардым бірде Кавказға,
Алып Жамбыл қарт барда,
Ұлы Отанның көп жерін,
Өнеріммен көргенмін.
Ел алғысын көп алып,
Ел уызын емгенмін...
 
Тай уйреттім тепсеңге,
Келді Кенен сексенге.
Екі Кенен тумайды,
Алатауға ексең де.

Қарттық (73-тен кейін) » Өлең - сөздің патшасы » Соңғы қосылған дүниелер »