Отбасы және жауынгер /әзіл/ қосқан Ғабиден Қожахмет Қызылордадан - құттықтау
Отбасы және жауынгер /әзіл/ қосқан Ғабиден Қожахмет Қызылордадан
Отбасы және "жауынгер"(әзіл) -Кеше күйеу баланың туған күніне бардық,-деді таныс келіншек әңгіме үстінде,-өңкей қайын апалар жиналыппыз.Жақсылап сыйлық апардық."Күйеу-дұшпан"-деген бар ғой.Сіңліміздің миын мүжіп жүрер әйтпесе. -Не дедің? -Күйеу-дұшпан,-деймін. -Сонда сендер күйеу балаларыңды дұшпан санайды екенсіңдер ғой.Онда сіңлің "дұшпанға" қарсы "ұрыс жүргізуші" "жауынгер-қыз" шығар.Келіншек сылқылдай күлді.Бұл әзіл-шыны аралас әңгіме осы қысқа диалогтан кейін туындап кетіп еді.Әлдебір қарулы күштер бөлімінде немесе құқық қорғау органдарының құрамында арнайы дайындықтан өткен сарбаздар қызмет етеді деседі.Оларды былайғы жұрт "спецназ" деп әспеттеп жатады.Мен қыздарды осы "спецназға" теңер едім."Ау тепсе темір үзетін зіңгіттей-зіңгіттей жігіттер мен гүлдей майысқан қыздардың арасынан қандай ұқсастық таптыңыз?" Өйткені бұлар да арнайы дайындықтан өтеді."Ұстазы"-анасы."Дәрісханасы"-ас бөлме,яки қонақ бөлме,болмаса дастархан үсті."Дұшпанмен" "соғысудың" әдіс-айласын меңгереді. Әлдебір соғыс жайлы киноларда жауынгерлерді анасы,апа-қарындастары майданға салтанатты түрде кернейлетіп-сырнайлатып шығарып салып жатады."Аман бол! Жеңіспен орал!" Қыздарды да дәл осыдан бір кем емес салтанатпен шығарып салады.Тек мұнда "орал" деген сөз айтылмайды."Түпкілікті жеңіске жет!" Бұл сөздің мағынасы- "баянды бақытың үшін күрес,сол жолда жеңіс тұғырына көтеріл" деген сөз.Қыздың жанына "ұстазы"-анасы келіп былай дейді:"Қызым,сен енді "жауынгер" атандың."Оқу-жаттығу жиынында" өткен әр бір сабақты мұқият есіңде сақта,оны тәжірибе жүзінде дұрыс пайдалана біл.Сенімімді ақта". "Дұшпан"-қашан да мыкты. "Диверсиялық" іс-әрекеттермен айналысады.Бірдеңені әманда бүлдіріп жүреді."Жауынгер" осының бәрін қайта қалпына келтіріп отыруы тиіс.Бұл нағыз майдандағы дұшпан қиратып кеткен темір жолдар мен көпірлерді тез арада қайта қалпына келтіріп отыратын жанкешті сарбаздардың еңбегінен бірде-бір кем емес."Дұшпан" кейде "десант" болып түседі.Міне,түнгі сағат екі,әлде үш.Дүңк-дүңк есік қағылады.Десанттар әдетте "біз барғалы жатырмыз" деп хабарлап,жариялап бармайды ғой. "Дұшпан да" солай етеді,тұтқиылдан келеді.Ал "жауынгер" әр қашан сақ,тіпті ол "десанттың" түсетінін алдын ала болжап білген.Кәнігі жауынгерлерше лып етіп тұрады,сақа солдаттардан да жылдам киінеді. "Десантты" күтіп алу үшін баспалап есікке жақындайды: -Бұл-кім? -Мен! Күйеуің! "Десант!" "Десант" болсаң қайтейін,-деді "жауынгер" ішінен.-Сен "десант" болсаң,мен де "арнайы дайындықтан" өткен "жауынгермін". Есік ашылады. "Десант" шайқатылып тұр."Жауынгерді" қапы қалдырғанына мәз.Масайраған."Ұрыс" "жауынгердің" пайдасына шешілді,ол "десантты" "ұйықтатып тастады".Қандай әдіс,тәсіл қолданды.Ол-"спецназдың" өз құпиясы."Жауынгер" көрші бөлмеге өтеді,балаларының көрпесін қымтайды,жеңіл күрсінеді,қабырға сағатына көз жүгіртеді."Ұрыс" бүгін бір сағатқа созылыпты-ау.Ештеңе емес.Бұдан да зор "ұрыстарды" бастан өткізген". Ертеңіне "жауынгерден" әлдекім қал сұрайды: -Қал қалай? -Тамаша!-деп жауап береді "жауынгер".-Бәрі жақсы! "Жақсы "жауынгер" "әскери құпияларды" сақтай білу керек,-деген "ұстазы".-Әсіресе,"көрші мемлекеттерге" сыр шашпа". Кейде "жауынгерлер" "дұшпанның" төпелеген соққысының астында қап қояды.Назік дене жерге сұлап түседі. -Тұр!-"Дұшпан" талтайып тұр. "Жауынгер" өз-өзін іштей қайраттандырады:"Шыда,"жауынгерім",шыда.Бұл "дұшпанның" уақытша масайрауы.Түпкілікті жеңіс әлі сенің қолыңда болады.Жараландым ғой деймін шамасы,оқа емес,"соғыс" жарақатсыз бола ма? Ең бастысы "контузия" алмасам болды"... -"Госпитальге" барасыз ба,"жауынгер" ханым? -Жоқ,-деп тістене жауап береді "жауынгер".-"Майдан даласында" қалам. "Жауынгер" соғыс шебіндегі ер жүрек солдаттарша басын байлап алған күйі "майдан даласында" қала береді. -Қал қалай? -Жақсы! "Әскери құпияны" жария ете беруге болмас". Кейде "жауынгерлердің" "майдан шебін" тастай қашатын да кездері бар.Ондайда "медальдарін" қолына қысқан күйі зытып береді."Медаль"-балалары.Ол "соғысқа" енді әзірленіп жүрген "болашақ жауынгерлердің" арасына үрей туғыза келеді: -Қыздар деймін,қыздар! "Соғыс"-сұмдық! "Дұшпан"-мықты,жеңілмейді.Мұны естіп бір әлсіздеу қыз айқайлап жібереді: -Құрысын! Бармаймын "соғысқа!" Қу тіземді құшақтап өткенім артық. Өзге "болашақ жауынгерлер" әлгі қызға жақтырмай қарады."Есің дұрыс па,"соғысқа" бармағаны несі? "Соғысқа" бармасаң "медальді" қалай тақпақсың? Нағыз "жауынгер" "медальді" "соғыста" жүріп абыроймен алады. Енді бір қыз тізерлеп отыра кетіп,тәңіріне жалбарына бастайды:"О,құдайым! Маған мейрімді "дұшпан" бере көр.Ол-интеллигент болсын".Мұны естіп тұрған қыздар мырс-мырс күледі:"Интеллигент "дұшпандарды" осал деп кім айтты саған?" Ал "жауынгерлік әзірлігі" мықты қыздар сыр бермей үнсіз қалды:"Көріп алдық!" Кейде "дұшпандар" "психологиялық соғыс" жүргізеді.Бұл-"жауынгердің" жүйкесіне тиетін,төзімін сынайтын "соғыс". Бұл "соғысты" "дұшпан" "жауынгердің" жанына жақындамастан-ақ алыста жатып жүргізе береді. Міне "дұшпан" екі қолын басына жастанған күйі кереует үстінде жатыр.Есіктен кіріп келген "жауынгерге" алғашқы соққыны бағыттады: -Қайдан келдің? -Әжетханадан келдім,-деді "жауынгер". -Жоқ,сен әжетханадан келген жоқсың.Сен біреумен кездесіп келдің. "Жауынгердің" мына соққыдан кейін жүйкесінің сыр бермеуі екіталай еді.Көзі қарауытты. "Пулемёттерді" сақылдатып қоя беруі де мүмкін еді.Бірақ көз алдына "ұстазы" келді. "Сабыр,әр нәрсеге байыппен қара".Лезде бойын жиып ала қойды да былай деді: -Кіммен кездесейін.Әжетханадан келдім,арыстаным."Дұшпан" күтпеген соққыдан есеңгіреп қалды.Ол соққыны басқа жақтан күткен еді:"Енді туалетке де барғызбайсың ба,оңбаған?" "Дұшпанның" "тактикалық жоспары" бұзылды.Іргеге қарай аунап түсті де күңк ете қалды. "Пәлесін көрдің бе өзінің.Әбден ысылған "жауынгерге" айналыпты. Арыстаным деуін қарай көр.Жоқ,"жауынгерім","ұрыстың" соңы бұл емес".Мұны "жауынгер де" іштей анық сезеді. "Мейлі,"майдан даласын" тастай қашатын "жауынгерің" мен емес". "Дұшпан" таңертең тұрып орындық арқалығында ұқыпталып өтектелген күйі тұрған көйлек,шалбарын көрді."Жауынгер" "дұшпанға" екінші соққыны да беріп үлгерген екен. -Тамағыңды іш. "Дұшпанға" үшінші соққы кетіп қалды және бұл соққы ең талмау жерден тиген еді."Дұшпан" ойланды:"мына түрімен мені алмай қоймас". "Дұшпан" тамағын ішіп алып,қойқаңдап көшеге шығады.Анығында бұл "соғыста" алған "медаль" "дұшпанда да" бар.Бірақ "дұшпан" кішіпейіл,қарапайым көрінгісі келеді ме,кейде "медальдарiнiң" барын жасырады. Міне "болашақ жауынгер" қыз "дұшпанға" сұрақ қойды: -Қанша "медаліңіз" бар? "Дұшпан" таңғала сұрады: -Қайдағы "медальді" айтасыз? Мен тіпті әлі "соғысқа да" араласа қойғам жоқ қой. "Болашақ жауынгер" бұған әуелде сеніп қалады.Әдемі кірпіктерін көтеріп "дұшпанға" қарады:"сымбатты жігіт екен,"медаль" сыйлап жіберсем бе екен?" Сонан-соң көз алдына ас бөлме-"дәрісханадағы" "ұстазы" елестеді. "Ұстазы" қолына оқтауды алып тұрып былай деген еді:"Болашақ жауынгер",біз бұл тақырыпқа бірнеше сағатымызды арнаймыз.Бұл "Дұшпанның айла-шарғысы" деп аталады."Дұшпан" әдетте үнемі өңмеңдеп,бетпе-бет келе бермейді.Кейде іші-бауырыңа еніп,өз адамыңдай болып көрінетіні бар.Сондықтан әрқашан сақ бол". "Болашақ жауынгер" ойланып қалды. "Жоқ,алдын-ала "барлау жұмыстарын" жүргізу керек екен. "Құпия құжаттарды" қолға түсіру керек.Мына "дұшпан" әлдеқандай "майданда" "соғысқан ба",жоқ па,ал "соғысса" неше "медалі" бар?" Кейде "жауынгерлер де" бұл "соғыстан" шаршайды.Олар "түпкілікті жеңіске" қашан жетер екенбіз?" деп ойланады. Бұл "соғыста" "түпкілікті жеңіске" жеткен жан бар ма өзі? Бар,неге болмасын.Міне "түпкілікті жеңіске" жеткен "соғыс ардагері" "жас жауынгерлерге" "әскери-патриоттық" тәрбие сабағын өткізіп отыр.Жаны толған шүпірлеген "медаль".Бұлар "соғыс ардагерінің" "мерекелік медальдарі". "Жеңістің" пәлен жылдығына","жеңістің" түген жылдығына" деп ұл-қыздары тарту етіп отырған. "Соғыс ардагері" сөйлейді:"Ойбуй,қарақтарым,"соғыс" деген қашан да оңай болмаған.Сендер қайта "соғысқа" бертінде түсіп жүрсіңдер ғой,мен жиырмаға жетпей түскем."Ұстазым" мықты болды менің,әйтпесе менің де "дұшпаным" осал болған жоқ.Өткенде "штаб"-загс-тің мәліметтерін тыңдап отырсам,қазір "майдан даласын" тастап кететін "жауынгерлер" саны артып бара жатырған көрінеді.Осының бәрі "Соғысқа әзірлік" сабағының дұрыс жүргізілмеуінен бе екен деп те ойлаймын кейде."Тәжірибесіз ұстаздар" көбейді ме екен.Бұрынғы "ұстаздар" "соғыстың" оты мен суына шыңдалған жандар еді.Омыраулары "медальдан" көрінбейтін.Қазір "Соғысқа әзірлік" сабағының бағдарламасына да жат елдің "әскери тәсілдерін" әкеліп кіргізетін болыпты.Ол "әдіс-тәсілдер" біздің қарадомалақ "дұшпандарға" жүрмейді,құлындарым.Бар құндылық мына аяқтарыңның астындағы топырақта жатыр". ..."Соғыс ардагеріне" оңаша бөлмеде "жас жауынгер" шағым айтуда: -Апа,деймін,менің "дұшпаным" мықты,шыдай алар емеспін,апа. -"Дұшпан" қашан да мықты құлыным.Баяғыда батыр бабаларың "дұшпаным мықты болса екен" деп тілейді екен.Айызы қанып соғысқысы келді ме екен жарықтықтар. -Амалым таусылды,апа.Шегінем,апа,шегінем. -Шегінесің,неге шегінбейсің.Шегініп жүріп "соғысасың".Шегінудің өзі-"әскери өнер"."Бір қадым кейін,екі қадым ілгері" деген.Көзсіз батырлықтың керегі жоқ,құлыным. "Соғыс ардагері" "жас жауынгердің" арқасынан қақты. Көрші бөлмеден бір топ "соғыс ардагерінің" әндете салған даусы естіледі: Жеңдік қой жауды арман не,құрбым, Күркіреп күндей өтті ғой соғыс...
Көшеде қос құрбы жайраң қағып келе жатыр.Жүздерінен жастыққа тән шаттық лебі білінеді,қара көздері ұшқын атады.Бұлар-"әскери мектептің" түлектері. -Қал қалай,қыздар? -Тамаша!-Қос құрбы қатарласа жауап берді. -Әзірлік қалай? -Дайынбыз. "Дұшпанның" тілін тауып,жеңіске жетудің барлық әдіс,айла,амал,тәсілдерін меңгергенбіз. -Той қашан? -Күзде деп отырмыз. -Жаңа жыл қарсаңыңда. -Бақытты болыңдар,қыздар! -Рахмет! Айтқаныңыз келсін! Қыздар аяқтарын саптағы солдаттарша бiр лекпен алып,адымдап жүрiп кеттi.Асфальтқа қадалған биiк өкше туфлидың тық-тық еткен дыбысы оларды бейне бiр баянды бақыт жолына бастап бара жатырғандай. Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы
Үйлену тойы » Әзіл-қалжың » Соңғы қосылған дүниелер »