Астана туралы ашық сабаққа материалдар - құттықтау

Астана туралы ашық сабаққа материалдар

Кәкімбек Салықов Астана. Жеті ғажайып. Ақорда Ақ маңдайлы ақ үй қандай тамаша! Ажары айқын, өңі тартқан жаңаша. Ақорда осы іргесінен көк Есіл, Төсеп қойған секілді көк алаша.   Аңыз етсек Вашингтонда «Ақ үйді», Кремль де Ресейге көп тақ үйді. Нақ солардай тағзым етіп әр қазақ, Киелі төр Ақордасын таниды.   Елмен жалғас бұл ғимарат ғұмыры, Аруақ қонған ақ міндеті тым ірі: «Абылай ханның ақ үйінің» жалғасы Ақордада Елбасының тұғыры.   Мейірім төккен, сырты абзал, кең жүрек, Іші ғажап, жан баурағыш елжіреп. Мәңгілікке жетсін осы қалпында, Күмбезінде көгілдір ту желбіреп.   «Бәйтерек» Тамаша Бәйтерегі Астананың, Айшықты белгісі сол жас қаланың. Жер шары жатыр сыйып дос құшаққа, Аспалы бесігіндей жас баланың.   Сарыарқа қылаң етсе жаңа таңы, Сиқырлап, еріксіз жалт қаратады. Көрінер бата беріп жайылғандай, Мейірбан аналардың алақаны.   Бәйтерек бәйге төрі өрісімнің, Жүлдеге алуан түрлі жеміс ілдім. Ұлтымның рухы бар, таңбасы бар, Болашақ бақытым мен жеңісімнің.   Гүл шоғын күн сәулесі өпкен жеңіл, Не деген мырза мейір көркем өмір. Ертеңге қанат жайған сұлу төрдің, Сәт ғажап саясында өскен көңіл.   Сыры бар халқым шеккен тер мен шердің, Қасиетті қазығы осы ел мен жердің. Бәйтерек Астанаға ажар берген, Тірегі үміт артып сенгендердің.   Таңырқап қарай берем нұрлы асылға, Армандас болып кетті сырласым да. Жүректі жыр оятса Шабыт қозғар, Бәйтерек біздің көше тұр басында.   Атағы аңыз болар жер мен көкке, Мол екен шапағаты берер көпке. Қызығып тереземнен қарап тұрмын, Ғашықтар Бәйтеректі көрмей өтпе.   Бейбітшілік және келісім сарайы Қара таудай үшбұрышты ғаламат, Жалт қарайсың атын естіп бағалап. Ақ мойнына Алла тұмар таққандай, Берді тарих Астанаға аманат.   Пирамида Еуразияны нұрлы етті, Елордаға аруақ қонды құдіретті. Елбасымыз өзі бастап орнатып, Алды ресми ел қолдаған құрметті.   «Бейбітшілік және келісім сарайы», Деген қандай… Әлемге әйгі арайы. Пирамида еренғайып құбылыс, Киелі төр – аруақ қонған маңайы.   Кең көңілде ақ тілегім мол қандай, Айту қиын сезім селін толғанбай. Қанаттандым біздің тұңғыш Президент Бар қазақтың Фараоны болғандай.   Иә, солай… Ой қаулайды не түрлі, Өрге ұмтылған ел қарқыны жетілді. Шалқып кеттім… Көне Мысыр сүйсініп, Астанаға бата берген секілді.   Пирамида мыңжылдықтар құрылысы, Болса-дағы бізге қонды жыл құсы. Жер-жаһанды жалт қаратты Астана, Еуразиялық айғақ болып үлгісі.   «Қазақ   елі» Зәулім, заңғар мұнара – ел айғағы, Елорданы ерекше арайлады. Самұрық-Ана аспанға қанат жайса, Ұшқан құс та бас иіп қарайлады.   Бер жағында әйгілі Пирамида, Үшбұрышты ғаламат тұнған сыйға. Тәуелсіздік сарайы жел жағында, Сүйсіндірген дүбірі жылдан-жылға.   Жан-жағында Астана жарқыраған: Қарсы алдында Бәйтерек сән құраған. Ғимараттар бірінен-бірі сұлу, Орнатқандай барлығын Алтын адам.   Самұрық-Ана басында мұнараның, Қос қанаты жебеп тұр нұр алаңын. Аждаһадан ұясы аман қалып, Көкке ұмтылып салғандай құмар әнін.   Талпынысы өзгерткен сұм өмірді, Алтын қанат, апайтөс құс көңілді. Қиял-ғажайып қуаныш құлшындырып, Есіме алдым әйгілі ән Үшқоңырды.   Ақ мұнара түбінде төрт дөңгелек, Көшпелі ел ғой мұң шеккен көп дөңгелеп. Бүгін қазақ өзгертті заман сырын, Жаһандану қарқынын көтермелеп.   Іргетасын көркейтіп ақ діңгектің, Бара жатыр намыскер – айбынды екпін: Кеше, бүгін, ертеңнің саңлақтары, Ерліктері алғысын алған көптің.   Қазақ елі тамаша мұнарасы, Ұмытылмас қазақтың мұң-наласы. Дербестіктің символы асыл айғақ, Тарих көзі, шежіре сырнамасы.   «Әзірет Сұлтан» мешіті Тәуелсіздік бой жазғалы елімде, Алға басты дінге адал сенім де. Қазақстанда мешітсіз қалған қала жоқ, Кей мешітті салды достар тегінге.   Ең зор мешіт Әзірет Сұлтан атанды, Ол Мекке мен Түркістаннан бата алды. Астанада Алланың бұл ақ үйі, Әлемде бар шебер қолмен жасалды.   Барша қазақ салынды ортақ Қорымен, Дін мұсылман Мұхаметшіл жолымен. Орталық Азия ғаламаты безенді, Оза білер сәулетшілер қолымен.   Сұлу мешіт келбетіне нұр шашып, Қарай қалды Күн де бірге сырласып. Көрген жанның дінге артты құмары, Құран сөзін тұмар етер мұң басып.   Әсем таңба, белгі-бедер төрледі, Әдемілік ашты діни көрмені. Әлемдегі бар тамаша үлгіге, Әшекей қосты қазақ ою-өрнегі.   Жаңа мешіт сүйсіндірер әр досты, Төрт мың адам бірге кірер зал тосты. Төр мұнара, көк күмбезді ақ мешіт, Астананың сәулетіне сән қосты.   «Хан шатыр» Хан шатыр ғимараттар сұлуысың, Жанымның сені көрсем жылуы шын. Алыстан ақбоз аттай көрінесің, Жалының жел көтерген бір уысын.   Басқаша теңеу іздеп түсінер ем, Ақшаңқан бұлтартпайды түсің берен. Абылай хан тастап кеткен шатырдайсың, Айбатты, рухың биік. Күшің ерен.   Көрген жан елге аңыз, ертек еткен, Төбесі үкілі бөрік көкке жеткен. Ақ көйлек сұлу қыздай сылаңдайсың, Самалы Сарыарқаның еркелеткен.   Адамның қарқын алар жан талабы, Күш қосып құлшынғаның байқалады. Айдынға жаңа қонған көрінеді, Аққу құс үлбіреген ақ тамағы.   Жарқ еткен көк теңізді толқындатып, Шапшыған нән жайындай шоршып шалқып. Хан шатыр, селк еткізіп, көз арбайсың, Ұласқан ақша бұлтпен көркің тартып.   Қалайша соның бәрі таныс деме, Салмасын сан көрініс жарыс неге?! Биікке Елордадан ұша тартқан, Еріксіз елестейді ғарыш-кеме.   Ұмтылған ұлы жолға сыры таныс, Қазаққа бұл да біткен ұлы табыс. Хан шатыр, шарықтай бер қарқын қосып, Бүкіл ел болашаққа бірге ұшамыз.   «Астана Опера» Астана – Опера театры ғаламат, Маңдайына қарай қалшы, жамағат: Арғымақтары шапқылаған Аполлон, Қазақстанға келді әлемді аралап.   Өнер төрі мол айқасқа бел буған, Астанаға ажар қосты кең тұлғаң. Ұлттық рухың ұя салған ғажапсың, Әлемде бар кереметтермен тең туған.   Опера деген үздік өнер төресі, Оған әркім жете бермес өресі. Саңлақ әнші бар әлеммен жарысып, Шыңға ұмтылып, сынға түсер жер осы.   Жаңа төрде ән аспаны кеңейсін, Беу, ағайын: «Жолың болсын!» дегейсің. Аққулы елдің «Гәккулері» шарықтап, Күміс көмей Күләштарым көбейсін! Опера деген шын құбылыс шалқыған, Келсін жастар талмай өтер қарқыннан! «Біржан – Сара» өнегесі өрлесін, Қайталанбас қарқынымен таң қылған.   Туды сахна алар сыршыл жан тыныс, Мерейі өсіп, тапсын тағат халқымыз. Жаңа театр! Биік болсын дәрежең! Шарықтасын әнші-қазақ салтымыз!  
сценарийлер » Тәрбие сағаттарына материалдар »