Дуканың достары /әзіл/ Ғабиден Қожамет - құттықтау

Дуканың достары /әзіл/ Ғабиден Қожамет

Дуканың достары       (әзіл әңгіме) Дулаттың достары көп еді.Соның ішінде дені-қыз балалар.Сол қыздардың бір-бір сүйікті жігіті бар.Дулат оларды танымайды.Әйтсе де көшеде кездейсоқ көріп қалса,тап басып танитындығы анық.Себебі қыздар солар жайлы үнемі айтушы еді.Сондықтан бұрын көрмесе де,олар Дулатқа сырттай таныс болып кеткен. Мысалы,Дулат автобуста әлдебір баланы көріп қалып: -Сен осы Ербол емессің бе?-деп сұраса,әлгі бала шошып кетіп: -Я,Ерболмын! Сен мені қайдан танисың?!-дер еді. -Сенің беліңнің тұсында қал бар емес пе? Ана бала одан сайын үркіп кетеді.Мынау бір көріпкел,яки әулие шығар деп ойлайды: -Я,бар! Оны қайдан білесің?! -Жай.. Әлгі бала енді артына жалтақ-жалтақ қарап,сытылып түсіп кетер еді.Бұл-Гүлзаттың жігіті Ербол.Кейде Дулат осы жайлы ойлап отырып,таң қалады: "Гүлзат та тегін қыз емес-ау,көріпкелдігі бар болар,болмаса Ерболдың белінің тұсында қал барын қайдан білген?!" Қыздар Дулатқа көп сұрақ қояды: -Дука,а,Дука,айтшы, ер балалар мұндай кезде не ойлайды? Сен ер баласың ғой,білесің ғой,Дука,айтшы?! Дука өзі танымайтын ер балалардың мұндай кезде не ойлайтынын қайдан білсін? Күмілжіп бірдеңелерді айтқан болады.Қыздар кейде күрделі сұрақ қояды: -Дука деймін,айтшы,ол мені сүйе ме? Қалай ойлайсың,айтшы,Дука,сүйе ме деймін?! Дука әлгі сайтан алғыр баланың бұл қызды сүйетінін,я сүймейтінін қайдан білсін,басын қасып ойланып қалады.Бірақ бұл тығырықтан Дуканы қыздардың өзі құтқарып қалушы еді: "Сүйеді,әрине,сүймесе,жүрмес еді ғой,солай емес пе?!" "Әрине,-дейді Дука мұндайда қуанып кетіп,-сүймесе жүріп несі бар?!" Бірақ қыздар "сүйеді" деген сөздің өзін де қанағат тұтпай жатады: -Дука деймін,айтсаңшы,Дука,ол мені шын сүйе ме?!-дейді.Ол сайтанның баласының шын сүйетінін немесе шын сүймейтінін Дука қайдан білсін? Бірақ кейде мұның да жауабы табылып жатады. Мысалы,Дуканың ұялысы кенеттен безілдей қалатыны бар.Бұл-қоңырау шалып тұрған дос қызы.Қоңырау шалардың алдында,ол жақта мынадай оқиға болған.Қыз бен жігіт қатар отырады.Кенет жігіт қыздың қолындағы телефонды жұлып алады да: -Қане,берші телефоныңды,ішінде не бар екен,көрейік!-дейді. -Туу,әкелші телефонымды! -Тұра тұр,тұра тұр! Мынау кім Дука деген?! -Қайтесің?! Дос бала әшейін! Айтпақшы сені Дукамен таныстырайын ба?! Берші,берші телефонымды! Осыдан кейін қыз Дукаға қоңырау шалып тұр.Дәл осы сәтте телефоннан әлдебір ұшқан құстың қанатының сусылы секілді дыбыс естіледі.Бұл-қызғаныштан әуеге секіріп бара жатырған қыздың жігіті.Сонан-соң байланыс үзіледі.Осы оқиғадан кейін де,қыз көпке дейін мәз болып жүруші еді: "Ол мені шын сүйеді екен,қызғанғаны шын сүйгені ғой". Енді бәрі де түсінікті еді: жүргені-сүйгені,ал қызғанғаны-шын сүйгені. Кейде Дука қыздардың өз сөздерін өздеріне қарсы қолдана қоятыны бар.Бұл әдетте түнгі уақытта Дуканың телефоны сыңғырлап қоя бергенде болып жатады.Қыздар мұндай мезгілде аса маңызды әрі шұғыл жағдайларда ғана қоңырау шалушы еді: -Дука,ұйықтап қалдың ба? -Көзім ілініп..-дейді Дука.-Жайшылық па?! -Екеуміз тағы да ұрысып қалдық. -Өткен аптада ғана ұрысып,татуластыңдар емес пе? Дука да қызық,өткен аптада ұрысқан ғашықтар бұл аптада ұрыспау керек сияқты. "Өзінен,-дейді қыздар мұндайда,-бәрі өзінен..Шаршап кеттім..Қоям-ау деймін осы?!" Дука осы кезде каленьдарға қарайды: -Бұл сөзді бір жыл бұрын айтқансың? Қыздар мырс етіп күледі: "Ішім жақсы көріп тұрады ғой сол.." -Дука,-дейді сонан-соң қыздар,-ол қайда жүр,айтшы,осы кезде қайда жүруі мүмкін?! Дука ол сайтанның сапалағының дәл қазір қайда жүргенін қайдан білсін? Егер Дуканың қолында күллі әлемді көрсетіп тұратын кішкене ғана сиқырлы айнасы болса айтар еді.Бірақ ондай айна Дукада жоқ қой.Сондықтан желкесін қасып ойланып қалады. Осы кезде қыз Дуканың аузына өзі сөз салғандай болар еді: -Қалай ойлайсың,ол ішіп жүр ме,әлде қыздарға барып жүр ме? Бұл өзі-мемлекеттік емтиханның сұрағы сияқты нәрсе.Тек одан айырмашылығы-жауап нұсқасы екеу.Бәлкім,мемлекеттік емтиханда көрсетілетін жауап бұдан көбірек болатын шығар,кім білген.Әйтсе де мына сұрақтың күрделілігі сонда,дұрыс жауапты міндетті түрде дәл табу керек болатын.Иә,мұның өзі "сапёрлар бір-ақ рет қателеседі" дегендей болмақ.Сондықтан да Дука жанұшырып дұрыс жауапқа жүгіреді: -Ішіп жүр,ішіп жүр! Әйтсе де қыздарды да мамалары ақылсыз етіп тумаған ғой.Оның үстіне "Жеті рет өлшеп,бір рет қи" деп үйреткені бар.Сондықтан да қыз Дукаға: -Дәлел?!-дейді.-Дәлелің бар ма?! Ішіп жүргенін қайдан білдің?! Айтсаңшы,жігітімнің ішіп жүргенін қайдан білдің?! Дукада не дәлел болсын? Дука бір арақ-шарап сататын дүңгіршектің сатушысы деймісің? Дука енді жанталасып қыздың өзінің сөзіне жармасады: -Өзің айттың ғой жаңа ғана! Өзің айтқан жоқсың ба?! -Не айттым?!-дейді қыз.-Не айттым жаңа?! - "Ішіп жүр ме,әлде қыздарға барып жүр ме?" дедің ғой. -Я,айтым!-дейді қыз.-Бірақ қыздарға барып жүрмегенін қайдан білдің?! Көрсетер ме еді ана қызға көресіні?! -Қандай қызға?!-дейді Дука таңданып. -Дәл қазір жігітімнің жанында отырған қызға,-дейді қыз.-Өзінің түр дейтін түрі де жоқ,оның үстіне,фу,киімді қалай талғамсыз киген десеңші! Дука осы кезде мәселенің тым тереңдеп бара жатырғанын сезеді.Қылғына айқай салады: -Отырған жоқ! Отырған жоқ ешқандай қыз! -Дәлел?!-дейді қыз тағы да,отырмағанын қайдан білдің?! Дәлелің бар ма?! -Өзің айттың ғой,-дейді Дука құрғаққа шығып қалған балықтай аузымен қармап ауа жұтып. -Не айттым?!-дейді қыз.-Не айттым өзім?! -Өткенде айттың ғой,-дейді Дука,-жігітім мені шын сүйеді демедің бе?! -Я,айттым!-дейді қыз. -Ендеше шын сүйсе,басқа қыздың қасында отырмайды. -Солай ойлайсың ба? -Солай ойлағаны несі,жүз пайыз солай деп есептей бер.Жігіттер шын сүйсе,басқа қызға бармайды. Қыз ойланып қалады. -Демек,ішіп жүр дейсің ғой,солай ма? -Әрине,-дейді Дука. -Оған да шүкір,-дейді қыз. Дука мына сөзге таң қалады: "ішіп жүрген де қайбір жақсы дейсің?". -Рахмет!-дейді қыз сосын.-Рахмет саған Дука! Көңілім енді орнына түскендей болды ғой.Кешір,сенің де ұйқыңды бұздым.Қайырлы түн! Жайлы жатып,жақсы тұр! -Өзің де,-дейді Дука да,-өзің де жайлы жатып,жақсы тұр! Бірақ телефон бес минут өтпей жатып,тағы да сыңғырлап қоя береді.Трубканың аржағынан қыздың жанұшырған даусы естіледі: -Дука деймін! Дука! Сен менің жігітімді ішіп жүр дедің бе?! Дука мұндайда жалтарып кетеді: -Ішіп жүр деген жоқпын,ішіп жүрген шығар дедім. -Бірақ айттың ғой?! -Айттым. -Туу,уайымдай бастадым.Жастыққа жата қойып едім,жігітім ішіп жүріп,бірдеңені бүлдіріп,полициялар алып кеткен сияқты.. -Алмайды,-дейді Дука сенімді түрде. -Дәлел?!-дейді қыз.-Алмайтынын қайдан білдің?! Дука не дәлел айтарын білмей сасқалақтай бастайды."Расында да полицияның бастығына қоңырау шалып,"осындай қыздың жігіті қызымен ұрысып қалып,аздап ішкен екен,бірдеңені бүлдіріп жатса да,бір еркелігін көтеріңдерші" деп айтып қойғандай болдым-ау" деп ойланып кетеді. -Айтсаңшы енді,-дейді қыз,-неге үндемей қалдың,дәлелің бар ма?! -Бар!-дейді Дука жанталасып,-өзің айттың ғой,өзің! -Не айттым?!-дейді қыз,-не айттым сонда?! -Өткенде айттың емес пе,жігітімнің жанындағы жолдастары сенімді,жақсы балалар дедің ғой?! -Я,-дейді қыз,-оның жолдастары сондай балалар. -Ендеше ештеңе де болмайды,-дейді Дука. -Солай ойлайсың ба? -Солай ойлағаны несі,жүз пайыз солай екендігі анық. -Рахмет!-дейді қыз тағы да.-Рахмет саған,Дука! Қайырлы түн! Жайлы жатып,жақсы тұр! -Өзің де,-дейді Дука да,-өзің де жайлы жатып,жақсы тұр! Обалына не керек,Дука сияқты адал достан қыздар да еш көмегін аяған емес.Дуканың басына сәл-пәл бұлт үйіріле қалғандай болса,қарлығаштың қанатымен су сепкендей-ақ жүгірер еді.Себебі қыздар Дука сияқты адал дос ер бала ілуде бір кездесетінін біледі ғой,біледі. Сарғайып күз келеді,күлімдеп бәйшешек-ғұмыр көктем де жетер,одан соң жапырағын жаяр жаз да алыс емес.Бір күні әлгі қыздар да көл бетінен мамырлап көтерілген құстарша қанатын қағып,өзге бір жағалауға қонып жатушы еді,қонып жатушы еді.Сондай ұланасыр тойлардың ішінде Дука да жүреді.Үстел басында отырып алып,көзінің астымен күйеу жігітті бағып,"біздің қыздың тынышын ұрлап,түн ұйқысын төрт бөліп жүрген батыр осы екен ғой" деп жымиып күліп отырар еді. Ғабиден ҚОЖАХМЕТ Қызылорда қаласы  
Той-думан » Әзіл-қалжың »