Аш қасқырдай бізді қамап бар кемдік,От та жақтық, - құттықтау

Аш қасқырдай бізді қамап бар кемдік,От та жақтық,

Аш қасқырдай бізді қамап бар кемдік,

От та жақтық, су да әкелдік, нан көмдік.

Мына өмірге көнтерідей көндігіп,

Келе-келе, бара-бара әлдендік.

 

Қарынымыз қампимай-ақ қойды асқа,

Күнкөрістен болған да емес ой басқа.

Қос кемпірге ере жүріп ербиіп,

Еңбек етіп, тер төктік біз қанша!

 

Еске алатын сәттер рас, көп бүгін,

Борандатқан, дауылдатқан өтті күн.

Жетпіс келіп жайғасқанмен желкеге,

Әлі бізге баяғыша жоқ тыным.

 

Жаса, Жәкем!

Мәуеледің, гүлдедің,

Өзіңменен өле-өлгенше бір демім.

Маған қуат берері хақ қашанда,

Сенің шалқып есен-аман жүргенің.

 

Тағдыр бізден алудай-ақ алды өшін,

Асың – асқа, басың – аман, жан досым.

Жетпісіңмен жолдасыңдай жымдасып,

Сексеннің де басыңа ора сәлдесін.

 

Көп алысқан қатарластың бірі едім,

Саған деген сарқылмайды тілегім.

Жан-жарыңмен, балдарыңмен жарқылдап,

Жүзге дейін соға берсін жүрегің.


Туған күнге тілектер » Туған күнге тілектер »