Айтқа тілек - құттықтау

Айтқа тілек

Иә, Құдайым оңдасын, Оң жолына бастасын. Бір жарылқап тастасын. Жамандыққа жазбасын, Жақсылыққа бастасын! Құдай құлымын дегейсің, Мұхамед үмметімін дегейсің. Шадияр досым дегейсің, Шайтанның сәрінен сақта, Патшаның кәрінен сақта. Намаздың қазасынан сақта, Пайғамбардың туында қыл, Ауызды кәусәр суында қыл. Иман байлығын бер, Деннің саулығын бер. Бір Аллаһ Жаратушы жарылқасын. Ықыласты батамды қабыл алсын!
А, Құдайым оңдасын, Оңдағанның белгісі, Қайырлы етіп басыңа. Бақ-береке орнасын. Дұшпаның үстем болмасын, Маңың үбірлі-шүбірлі болсын. Келген ырыс кетпесін, Жамандық келіп жетпесін. Сапар жүрсең, жолың болсын, Қалтаң толған пұлың болсын. Жарылқасын Қорғаушың, Бейбіт халқымызға заман болсын, Табиғат таусылмайтын ризық беріп, Тартылған дастарханға тағам болсын. Қауіптен ел-жұртымыз аман болып, Көп қылып үйіңізге бала берсін, Оларға таудай талап, сана берсін, Ер жетіп, балаларың батыр болып, Өмірлері қызықты бола берсін. Үйіңе жақсы адамдар келе берсін, Тауфиқты, инабатты келін берсін, Ақ көңіл, ата-анаға жақын болып, Қызығын елі-жұрты көре берсін. «Әумин» - деп үй иесі қол жайғанда, Жақсылап қариялар бата берсін. Әуелі Құдай жарылқасын, Пайғамбардың берекетін берсін, Ұлықманның жасын берсін. Сүлейменнің тағын берсін. Ескендір Зұлқайнардың бақытын берсін. Атымтай Жомарттың даңқын берсін, Дәуіт пайғамбардың даңқын берсін, Ұл берсе, оразды берсін, Қыз берсе, қылықты берсін. Шашы ұзын болсын, Жүзі қызыл болсын.
Адам жаласынан, Бұлт аласынан, Көрінер-көрінбес Мың да бір пәлесінен Құдайым Өзі сақтасын! Мұсылманға дін үйреткен, Алымдардың саламаттығына! Халық қамын жеген, Қарқарадай хандардың Саламаттығына! Ел қамын жеген, Едігедей билердің Саламаттығына! Өз еңбегін өзі жеген, «Құдая шүкір, тәубе», деген Қара бұқара халықтың саламаттығына! Ілгері бастырамын деген, Еңіреген ерлердің саламаттығына! Қой орнына ат берген, Атымтайдай жомарттың саламаттығына! Молдаларға қол берген, Көрпе салып төр берген, Уызы арылмаған байлардың Саламаттығына! Халқы, халайығы қостаған, Орнықты саба ұстаған, Бәйбішелер саламаттығына!
Он сегіз мың ғаламды Жаратушы бір Аллаһ. Әуелі Аллаһым бір Аллаһ. Тілегімді қабыл ет. Ісімді Аллаһ қолдасын Періште болсын жолдасың. Батамыз біздің пәк болсын. Жанұяңа бақ қонсын. Дастарханың асқа толсын. Мың бір атты пәледен Аллаһ сақта. Жүз бір атты қатерден сақта. Тілдінің тілінен сақта Көздінің көзінен сақта. Кезенгеннің кезінен сақта Жер бетіндегі пәле-жаланың Бәрінен Аллаһ сақта. Бақ қонсын, береке келсін, Өшпес дәулет орнасын. Үйдегіні үйде сақта Аллаһ Түздегіні түзде сақта Аллаһ Айдан аман ет. Жылдан есен ет. Жаратушы жан Ием Әрқашанда сізді сақ қылып Кедергі мен кеселден Бір Аллаһ сізді пәк қылып Ниетіңді адал, пейіліңді ақ етсін. Мен бердім бата Қабыл етсін бір Аллаһ! Әумин! Аллаһу Әкбар!
Кигенің кір болмасын, Маңдайың тер болмасын, Аллаһ ойыңда тұрсын, Бұл оқылған аяттар Ай болсын, Сегіз пейіш ортасында Көңілің жай болсын! Іргенекті аралап дау жетпесін, Еліңді аралап жау жетпесін. Сізге бәле ойлағанның Бәлесі өз басынан кетпесін...
Ғұмыр берсең Аллаһ бақытты қып бер, Дәулет берсең қайырлы қып бер. Әйел берсең жұмсақ сөзді, қызықты қып бер, Ұл берсең ұнамды қып бер, Қыз берсең қылықты қып бер, Келін берсең келісті қып бер, Ат берсең жүйрік қып бер, Бала болса ырысты қып бер, Тіршілікте ризық бер, Өлгенде бізге жұмақты нәсіп бер. Осы айтқанның бәрін Аллаһ қабыл ет! Айтушыдан сөз қалған жоқ. Беруді Аллаһ Өзі шешеді. Әумин Аллаһу әкбар!
Аллаһ сені қолдасын! Адал болсаң судай бол - Су кірді кетіреді. Мықты болсаң жердей бол - Жер жаһанды көтереді. Аллаһқа жағам десең азаншы бол Ағайынға жағам десең қазаншы бол Судай таза бол Жердей берік бол Өмірің ұзақ болсын Сөзің халқыңа қуат болсын. Әумин, Аллаһу әкбар!
Жарылқасын Құдайым, Тарттырмасын уайым. Мухаммедтің ақ жолын берсін, Хазірет Омардың күшін берсін, Әбубәкірдің әділдігін берсін, Не берсе де Аллаһ қайырымын берсін! Татулықты – Аллаһ бере берсін,  Ұзын ғұмыр, дәулет берсін! Сарқылмас ризық берсін! Дастарқанға береке берсін! Әумин, Амин Әкбар!

Ресми мерекелерге » Ораза айт / Құрбан айт »