Ораза айтқа - құттықтау

Ораза айтқа

Құрметті әріптестер, Ораза айт қабыл болсын!               Айт күні – аса салтанатты, қуанышты күн. Әр иманды адам осы қасиетті күнге ерекше дайындалып, оны мейрамдап өткізсе нұр үстіне нұр. Мен Сіздерге әлемдегі бар жақсылықты тілеймін.             Айт  арабтың - "әлғид” деген сөзі – мейрам, мереке деген мағына береді. Осы айт күндерді ерекше қарсы алып айтшылайық, құрметті ағайындар. Наурыз мейрамы сияқты той-думанмен қызықтап өткізелік. Барлықтарыңызға осы  қасиетті мейрамды өз үй-ішіңізбен құрметтеп өткізуге жазсын.             Бұрында әжелеріміз, ана-апаларымыз бар тәуір киімдерін, шашақты орамалдарын, әшекейлі мәсілерін сандықтан, шемоданнан шығарып, түрлене киініп, үстеріне әтір шашып (ер адамдар көп түрленбейтін) қыдырушы еді. Әңгіме-дүкенменен, әзіл-ойынменен ел аралап, бір-біріне барынша сый сыйлап, құттықтап, ағайын-туыстарды жақындататын. Болашақ өмірге Аллах-Тағаладан жақсылық тілейтін. Сол көріністер әлі көз алдымда. Жаныңмен, тәніңмен сағынатын тамаша уақыт. Осының бәрі қайтып оралады, балаларымыз ұлтымыздың мейрамдары мен салт-дәстүрлерін көріп біледі, кезінде біз сияқты естеріне түсіріп сағынады деген сенімдемін.              Әлі есімде, 60-шы жылдары жыл сайын бір-ақ рет Рамазан-шәріп, ораза айында Жарапазан келетін - әр жанұяға ізгі тілек айту, оразаны қолдау, қолпаштау ғой деп  ойлаймын. Жарапазаншының қолында сылдырмақ таққан таяғы, таяғының басына таққан үкісі, аяғында былғары етігі, үстінде шапаны, басында ұлттық бөрігі болатын.   Жарапазан айта келдім есігіңе, Қошқардай бір ұл берсін бесігіңе. Мол дәулет, қайтпас ырызық бере берсін, Шалқысын көлдәрия несібіңе.   Тәңірім қажымас қайрат берсін, Ішсе де сарқылмайтын суат берсін.                                                Көңілің көпке деген шалқар болсын,                                                Талабың асқар таудай дарқан болсын.                                                  Тәңірім құт береке бере берсін,                                                Мыңғырған мал өріске өре берсін. Басыңнан бақ дәулетің еш кетпесін, Дос сүйініп, дұшпаның басын исін.   Бақ қонсын, дастарқаның мол болсын, Жолдасың қабағы ашық сайлы болсын. Тасың өрге домалап әрқашанда, Жанұяң бәрі ылайық жайлы болсын   деп осылайша немесе басқа түрде айтушы еді Жарапазаншылар.     Айт құрметімен  Бақыттыжамал.
Ресми мерекелерге » Ораза айт / Құрбан айт »