Құрбан айт құтты болсын, ағайын! - құттықтау
Құрбан айт құтты болсын, ағайын!
Бас мүфти ел халқын Құрбан айтпен құттықтады 2013 жылдың 15 қазаны - Құрбан айт мерекесі! Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН, АҒАЙЫН! Мейірімді, рақымды Алланың атымен бастаймын! Қадірменді мұсылман бауырлар, құрметті отандастар! Баршамызды қуаныш-шаттыққа бөлейтін, құт-берекелі, мұсылман қауымының ұлық мерекесі - Құрбан айтқа аман-есен жеткізген Алла тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын! Әлемнің әр түкпірін мекендеген мұсылмандар бұл күні Жаратушы Иеміздің разылығы үшін құрбан шалып, Алланың мейірім-шапағатына бөленуге тырысады. Адам осындай ізгі амалы арқылы Раббысына жақындай түседі. Ал «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Бұл күні қажылыққа аттанған мұсылман бауырларымыз, отандастарымыз жүздерін Қағбаға қаратып, Арафат тауында еліміздің игілігі мен халқымыздың бірлігін тілеп, екі дүниенің бақытын сұрап, Жаратқанға жалбарына дұға жасайды. Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті, асыл дініміздің жанашыры Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Құрбан айт мейрамын Қазақстан жұртшылығы үшін демалыс күні деп жариялады. Бұл - ұлық мерекені халықтық деңгейде атап өтуге, көпұлтты Отанымызды мекен еткен халықтар достығы мен бірлігін нығайта түсуге септігін тигізіп келеді. Ең бастысы, біз мұны дәстүрлі дініміз Исламға көрсетілген құрмет деп білеміз. Құрбан айтты атап өтудің мәні мен мағынасы зор. Алланы бір, пайғамбарды хақ деп білген мұсылмандар мешіттерімізде айт намазын оқып, дұға жасап, бір-бірін мерекемен құттықтап, мәре-сәре болғаннан кейін құрбандық шалады. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектерге таратылады. Осылайша адамда мейірім, қамқор, кешірім, қайыр-шапағат, сабыр сынды көркем мінез қалыптасады. Бұл - ағайын арасын жақындата түсетін күн. Араздасқан адамдар татуласып, өзара кешірім жасап, туысқандық байланысты күшейтуге итермелейтін ұлық мейрам. Өйткені, Алла тағала:«Сен кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр» («Ағраф» сүресі, 199-аят) деп мұсылмандарды барынша кешірімді бола түсуге шақырған. Құрбан айт күні ағайын-туыстырды, дос-жарандар мен көршілерді айтпен құттықтап, ақ дастарқан басында Алланың бұйырған ризық-несібесінен, құрбандық етінен дәм татқан абзал. Құрбан айт - отбасы құндылығын арттыратын мереке. Ата-анаға, Құдай қосқан жарымызға, бала-шағамызға арнайы сыйлық беру, жаңа киім әперу - мейрамның сәнін келтіріп, мәнін арттырады. Мұндайда өскелең ұрпақ Құрбан айттың қадірі мен сауабын сезініп, ізгілікке ұмтылады, мерекені асыға күтеді. Құрбан айттың мұсылман жамағатын, ұлыстар мен ұлттарды біріктірудегі, өзара бауырмалдықты арттырудағы рөлі орасан зор. Адамдар бір-біріне: «Айт құтты болсын!» айтысып, аман-саулық сұрасып жатады. Бұл күні ерте тұрып, ғұсыл құйынып, хош иіс себініп, мешітте айт намазын оқу - сауапты іс. Құрбандық етінен дәм тату, Аллаға мадақ, пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айту - сүннет амал. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мүбәрак мерекені жоғары деңгейде өткізу үшін бірқатар игі шаралар мен ізгі істерді жүзеге асыру ұйғарылды. Уағыздарда діни тұрақтылық пен бейбітшілік, халқымыздың бірлігі мен ынтымағын нығайту мәселелеріне мән беріліп келеді. Құрбан шалу айт намазынан кейін айттың үшінші күні ақшам намазына аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Егер бұл талап орындалмаса, онда ол садақа саналады. Қой, ешкі, сиыр және түйені құрбандыққа шалуға болады. Сиыр немесе түйені жеті кісі бірігіп, ортақ шалуды шариғатымыз құптайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Соқырлығы анық белгілі соқыр, ауруы белгілі аурушаң, (жүре алмайтындай дәрежеде) ақсақтығы белгілі болған ақсақ және (жілік майы жоқ) өте арық малдар құрбандыққа жарамайды», - деген. Қадірменді ағайын, бауырлар! Алла тағала шынайы ниеттеріңізді, ізгі амалдарыңызды және шалған құрбандықтарыңызды қайырымен қабыл еткей! Жаратушы Иеміз баршамызға екі дүниенің бақытын нәсіп етіп, жүзімізді жарық еткей! Еліміздің мерейі үстем, тәуелсіздігіміз тұғырлы әрі тыныштығы мәңгілік болғай! Бейбіт өмірді мұрат тұтқан мұсылман қауымының ұлық мерекесі құтты болсын, ағайын!Ресми мерекелерге » Ораза айт / Құрбан айт »