Астана туралы шығарма - құттықтау
Астана туралы шығарма
АСТАНА – БІР ӘЛЕМ! Жабал ЕРҒАЛИЕВ, жазушы, Сенат депутаты: Астана – Нұрсұлтан Назарбаевтың өз жүрегіне сыйған тұтас әлемді өз елі мен халқына деген шексіз сүйіспеншілігінің белгісіндей етіп қасиетті қазақ жеріне, өз даласына қондырып, орнықтыра білген өзіндік бір әлемі! Абыройы асқан Астана! Әлемді сүйсіндіріп таңғалдырған Астана! Дүниеге даңқы жайылған Астана! Қазақ елінің бағын жандырған Астана! Сол қазақ елінің бүгінгі елордасы – Астана қаласы жайлы сыр толғар көңіл түкпірінде жатқан осы бір үш ауыз сөздің дәл осы бір сәтте жүректен үн қатарын қайтерсіз! Тарихтың аса бір қысқа мерзімінде бой көтеріп, әлемнің әрідегі замандарында, яғни ғасырлардан асып түсер кезеңдерден бері астана болып келе жатқан талай да талай бір әйгілі де әйдік қалалардан өзінің сәні мен салтанатын да, сәулеті мен дәулетін де асырып, адамзаттың бүгінгі өркениеті алдындағы өзінің тарихи миссиясын да адал атқарып, адам баласының жақсылықтар мен татулық, бірлік пен ынтымақтастық және бауырмалдық үмітінің шырағын жағып келе жатқан Астана даңқы әлемге қазақ елінің даңқы болып жайылғандығын да айтқан ләзім. Дүние жаралғалы әлемде бірде-бір мемлекеттің астанасы қатарымен төрт мәрте әлем діндері лидерлерінің басын қосып көрмегені ақиқат. Міне, сол басқосулар 2003 жылдан бері біздің Астанамызда өтіп келеді. Ұлы тарихтың осы бір ұлы жүгін лайықты көтере білген Астананың бүгінгі күні айдай әлем алдындағы жүзі жарқын, мерейі үстем, абыройы асқақ екендігі тағы да бар. Астана қаласымен аспандаған дүние алдындағы абыройымыз және де осы бір жарқын да үстем мерейіміз үшін біз ең әуелі бір ғана адамға – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымызды айтар едік. – Дүние қайыра бір бөліске түсіп, бодандықтың бұғауынан басымызды енді шығарып ала бастаған тұста, ес жиналып, етек жабылмай жатқан шақта астананы ауыстырмақ түгілі мінген атыңнан ауып түсіп қалмауды ғана ойлар қилы да қиын кезеңде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматыдағы астананы Арқадағы Ақмолаға көшіру жөніндегі ойына әуелде бүкіл ел шошына қарады. Сенбеді, сенгілері келмеді. Ал енді Сарыарқа төсіндегі тәуелсіз қазақ елінің бүгінгі астанасы – Астана қаласына ел тәуелсіздігінің өткен кезеңдердегі орынтағына шығып қарайық та, көз салайық. Айтарға сөзің жоқ ! Таңдай қағып сүйсінесің де, тағы да сол Елбасының өз қолымен өз елінің жаңа елордасын салған, салып та жатқан тағы бір көзсіз ерлігін мойындап, соған бас иер едіңіз!, –деген бұдан бұрын да бір айтқан пікірімізді қайталай отырып, тағы да осы ақиқатқа жүгінгенді жөн санадық. – Біз Алатаудың бауырындағы Алматыға сыя алмай емес, Алматыны қыя алмай кетіп барамыз, – деген Елбасының осы бір ауыз жүрекжарды сөзі ел мен жер тағдыры үшін басын бәйгеге тігіп бара жатқан ердің жүрек лүпілі мен жауапкершілігіндей сезілері бар. «Менің талай жылым Алматымен байланысты. Осында алғашқы немерелерім дүниеге келді. Бұл қала менің өзіме де, отбасыма да жанымдай жақын» деп тұрған Елбасының («Еуразия жүрегінде», 19-бет) перзенттік адал көңілі сол адалдықпен тәуелсіз елдің де жаңадан қалыптаса бастаған тағдырын да кеңінен пішуге мәжбүрледі. Желмаямен желіп жүріп, жер ұйығын іздеген Асанқайғы бабасындай тәуелсіз елі үшін ендігі жер ұйығын іздеген Нұрсұлтан Назарбаев Есілдің бойына ел қондырып, алғашқы қазығынан бастап өзі қағып, бүгінгі айдынды да айбынды Ақордалы Астананы дүние әкелгендігі біздің, яғни қазақ елінің мәңгілік ел бола алатындығын дәлелдеп, осыған ең әуелі өз жұртының да, одан қалды дүние жұртының да көздерін жеткізіп, иландыра білген ұлылығы еді. Енді келіп, ХХІ ғасырдағы қазақ елін және ата-бабаларымыз үшін ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігімізді бүгінгі Астанасыз көз алдыңызға елестетіп бір байқаңызшы! Бұл Астана тәуелсіздігінің лүп-лүп соғып тұрған жүрегі емес пе?! Бұл Астана халқымыздың барлық ұлы мұраттарының Бәйтерек болып тереңге тартқан тамыры, жайқалған жапырағы емес пе?! Бұл Астана дөңгеленген дүниенің қазақ иеленіп отырған қасиетті бір жеріне орнатылған әлемнің төрт бұрышынан да көзге түсіп, көрінер, алтын тұғырлы ең заңғар да, ең биік, ең абзал да, ең бір азбайтын да тозбайтын мәңгілігінің мәңгілігі жолында мың өліп, мың тірілген қазақ үшін соғылған ұлы Ескерткіш! Сол ұлы да қасиетті, киелі Ескерткішті қазақ халқы үшін тұрғызып берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты өз халқының алдындағы перзенттік те президенттік парызына әмәнда адал болып келе жатқандығын және де өз халқы үшін небір көзсіз ерлікке бара алатын, батыл да батыр, дара да дана қасиетін айғақтап тұр. Бұл Астана Елбасына өзінің жеке басының абыройы мен беделін асырып, асқақтату үшін қажеттілігі шамалы екендігін де ескерейік. Назарбаевтың бір басының атағы мен абыройы, даңқы мен беделі әлемге әйгілі, ақылы мен парасаты, сарабдал саясаткерлігі, адамзаттың адал да шынайы жанашыры ретінде биік адами қасиеті, кісілік келбеті дүниеге танылғалы, мойындалғалы қашан! Астана өзінің бүгінгі әлемдік өркениеттің сәулетімен де, шалқыған дәулетімен де, ынтымағы, бірлігі жарасқан әулетімен де, мәңгілік тіршіліктің аспанына ұмтылған заңғар биігімен де, нұрлы дүниеге нұр шашқан самала алау жарығымен де, көрген жанды сүйсіндіріп, жаныңа шуақ құяр жылуымен де, келген жанның барлығын жаңа бір үміттермен жетелей жөнелер көшесімен де, сая болар жасыл бағымен де ең әуелі қазақ баласы – біз үшін, біздің болашағымыздың, біздің тәуелсіздігіміздің мәңгілігі үшін қажет екендігін ұғынатын кез келді! Астана бір әлем болса, сол әлемді танып ала білу үшін әуелі қазақы сезімтал жүрек пен қазақы жүйрік сенім, түйсік керек! Елбасы тарих беріп отырған мүмкіндіктің, яғни тәуелсіздіктің арқасында қазақ даласына сол әлем орнап қалса екен деген бір ғана ізгі мұратты көздегені бар. Әлемнің бір-бір бөлшегін даламызға әкеліп орнатып бере алған Елбасы бүгінгі Астананы салу арқылы барша қазақ жұртын егемендік жолында ерлік жасауға талпындырса, қазақ жұртына айдай әлемді сүйсіндірте білген тағы бір кемеңгерлігі мен ерлігі болғандығын айтқан ләзім! Әне, Ақорда! Көк күмбезінің ұшар басында көк байрағы желбіреп Ақорда тұр! Көне тарихтың көмбесінде қалған, талай шапқыншылықтың шаңы мен топырағының астында көміліп, жермен жексен болған талайғы бір ордалардың орнына тігілген арманды Ақорда ғой бұл! Алтын қыран да қауырсын қос қанатымен жер әлемді көтеріп, ұшып келіп Ақордаға қонып тұр әне! Бұл қазақтың Ақордасының ұшар басындағы алтын қыран сол жер әлемнің үмітін арқалап, ел мен халқымыздың басына қонған бағы ғой! Үркітіп ала көрмейік, көз жазып қалып жүрмейік сол Қыраннан! Мәңгілігін бер осы бір үміт пен тілектің! Әне, «Қазақ елі» монументі! Ата-бабаларымыздың ақталған үміті мен орындалған санғасырлық арманды мақсатындай асқақтап, бүгінгі барлық қазақстандықтардың ақ ниетіндей аспанға бой созып шаншылған шынарындай ақ тұғырдың ұшар басында бар кеңістікке жайған қуатты қанатымен дүниеге әріден көз салып отырған даланың алып Самұрық құсы Елбасының «Дүниеде тәуелсіз Қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көп ұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы – бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар. Сол күнге берік сенім бар!» деген осы бірауыз сөзін әлемге паш етіп тұр! Әне, қазақ елі мен халқының көне тарихының бедерлі белгілерімен өрнектелген «Мәңгілік ел» қақпасы! Сол мәңгілік елдікті ақыл-парасатымен де, айбынды ерлігімен де, кемелді шешен сөзімен де ұстап тұра алған халқымыздың қасиетті би-шешендері мен ерлері де, «Тайқазаны» сынды киелі жәдігерлері де,тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сынды бүгінгінің кемеңгерімен де көріктеніп, көмкерілген сол киелі қақпаны өзімнің Қағба тасымдай сезіндім де, өз немерелерім сегіз жасар Айана, тілдері енді шыға бастаған Ернұрым мен Даниалыммен бірге жеті рет айнала жүрдім. Туған жерлерінің қасиетті топырағын енді басып, өз қадамдарын енді жасаған ұрпақтарым үшін де осы ел, қазақ елі мәңгілік болса екен, сол мәңгілік елдің осы мәңгілік қақпасы арқылы мына қазақ еліне әрдайым тек қана ізгі көңілді достары ғана кіріп жүрсе екен деп тілеп тұрдым! Әмин, солай болсыншы әманда! Әне, еркіндік пен елдіктің мәңгілігінің символына айналған «Бәйтерек!» Бұл «Бәйтерек» барша қазақ жұртын биіктерге шақырып тұрар қуатымен де, өзінің асқақтығымен де, арманды болашағымен де қымбат тұғыр! Елдігіңді, сол елдігіңнің кеңдігі мен теңдігін, арманды болашағыңның бүгіннен де ертеңгі кемелділігін білгің келсе, қасиетті «Бәйтеректің» биігіне шығып тұр әрдайым! Әне, былайғы жұрт «Пирамида» атап кеткен Бейбітшілік пен келісім сарайы! Қазақ жерінде тағдырлары табыстырған барлық ұлттар мен ұлыстардың келіскен ынтымағының, күшейген бірлігінің, бүгінгі барлық қазақстандықтардың нығайған достығы мен абыройының биігіндей, бар ниеттері мен көңілдерінің жарастығы, бәрі-бәрі келіп бір арман мен мүдденің һәм мақсаты үшін түйіскен берік те биік салиқалы рухының айнасындай болып жарқылдап тұр! Әне, «Хан Шатыры!» Сәулелі күннің ақ нұрына малынып, мына кең де байтақ ұлы даланы небір жаугершілік шапқыншылықтан қорғап қалған батырлардың қасиетті хас тұлпарының алтын тұяғындай болып, мына дүние атаулының да, қазақ жұртының да мәңгілігіне нүкте қойып тұрған қалпымен көңіл қуанышына айналды! Әне, қазақтың қасиетті даласының кеңдігі мен теңдігі үшін сан ғасырлар бойы қорамсасына қол салып келген небір батырларымыздың жау шебіне шірене тартқан жебесіндей, болмаса талай бір дұшпанының кеудесіне қадалған найзасының ұшындай болып немесе адамзат жаратылысынан бері жердің тартылыс күшін жойып, қазақ даласынан мәңгілік кеңістікке ұмтылған зымыранның белгісіндей орнай қалған «Минтранскомның» ғимараты да бүгінгі ойы да, ниеті мен мақсаты да бөлек қазақ елі мен Астананың өз биігі! Әне, төрткүл дүниенің төрт бұрышына сақтықпен құлағын түріп тына да тұра қалған қарт қытайдың өзіндей болып Сығанақ көшесіндегі «Бейжің сарайы» да қазақ жеріндегі өзіндік ол да бір әлем! Астана! Өзіңнің құшағыңа тұрғылықты бір перзентің болып кіргелі, яғни Көкшетаудан қоныс аударып, астаналық болған күннен бастап, мен өзіңнің әр көшеңнің, сәні мен салтанаты жарасқан әр сарайыңның, әр үйлерің мен ғимараттарыңның сырын өзімше танып, түсінгім келіп жүр. Сөйтемін де, ой толғаймын. Әне, сайын дала сахарасында бие байлап, қазақтың асыл дәмі қымызын сапырған халқымыздың қастерлеп ұстаған ысталған сабасындай дөңгелене біткен ана бір үйлерді әлдебір «жеті бөшкеге» теңегенше, соларды Алтын саба десек жарасады. Еркіндіктің айдынында жүзіп бара жатқан анау бір алып кемені көрдіңіз бе? Сол ғимаратты «Матрац» дегендері несі екен?! Бұл – «Біз – алыс сапарға бел буып, кемемізді тәуекел дариясына түсірген елміз, елес үмітте емес, ерлік пен елдік мұратын кемеміздің тұғырына ту етіп байлаған елміз» деп Елбасы айтқан тәуекелге бел буып, өз қайығын тәуелсіздік атты мұхитқа салып, үмітті де кемел келешекті бетке алып айдынға шыққан бүгінгі Қазақстанның өзі емес пе?! Дүние мұхитындағы бүгінгі Қазақстанның алып та сәнді кемесі ғой бұл! Астананың әр көпірін қазақ елінің бұлыңғыр өткенінен бүгінгі тәуелсіздік пен сенімді болашаққа өткен өткелдерінің бір нышаны деп танысам, алтын күмбезді мешіттерін даласының нұры, әр баласының иманға толған жүрегі деп сезініп келемін. Күні кеше Астанада өткен «Жаңа әлемдегі Еуразиялық мәдениет» халықаралық форумы қазақ елінің елордасын әуелден «Достастықтың мәдени астанасы» деп таныған әлемнің көрнекті қайраткерлері мен зиялыларының үмітін тағы бір ақтағандай болды. Ел мен жер аралығына шекара сызықтары түскенімен, адамдардың көңілдері мен ниеттерінің, жүректері мен ой мүдделерінің аралығында ешқандай сызық жоқ екендігінің тағы бір куәсі болдық. Талай бір өнер мен мәдениеттің майталман өкілдерінің бір-бірімен жадыраған жарқын көңілдері мен сағынышқа да, әлдебір ізгілікке де толы құшақтарының қауышқандығын көрдік. Адамзат осы бір таза да сағынышты және де адал көңілдерімен табысып, қауышып тұрулары арқылы ғана бүгінгі дүниені де, оның тіршілігін де, өздері мен өз мәдениеттері һәм өркениеттерін де сақтап қала алатындығы жайлы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтып келе жатқан ой мен пікір сөзінің әуелі өз Астанамызда жүзеге асырыла бастауы да қазақ елі елордасының әлемдік деңгейге көтерілгендігінің бір айғағы деп бағалануы керек. Иә, біздің Астана – әлемнің үмітті астанасы!Астана күні » Шығармалар »