Н.Назарбаев барша Қазақстан халқын Астана күнімен құттықтады - құттықтау
Н.Назарбаев барша Қазақстан халқын Астана күнімен құттықтады
Ту көтеру рәсімінде сөйлеген сөзі – Құрметті қазақстандықтар! Астана күніне арналған мерекелік шараларды қала көгіне Қазақ елінің Көк байрағын желбіретумен бастайтын дәстүріміздің барлығын білесіздер. Қазақтың көк Туын Сарыарқаның самалына тербелтіп, көкке көтеру – үлкен мағынаға ие. Қазақ елінің аспан түстес Көк байрағында алтын күнмен астасқан алып қыран қанат керген. Осынау терең мағыналы нышанда кешегі тарихымыз бен бүгінгі биігіміз, ертеңгі ерен істеріміз түгел тоғысқан. Оған біз Қазақ елінің аспанын бұлт шалмасын, қыран бейнелі мәртебесі шырқап, көкке шарықтап, күнге жетсін деген асыл мұратымызды сыйғыздық. Қазақ баласының мызғымас та мұқалмас ерлік дәстүрінің тамыры тереңде жатыр. Халқымыз үшін көкке көтерілген байрақ – қасиетті нышан! Ел шетіне жау келсе, біздің батыр бабаларымыз осы байрақтың түбінен табылған. Азаттық жолындағы арпалыстарда ерлеріміз елдіктің туы еңкеймеуі үшін жандарын құрбан қылған. Ел иесі – ерлеріне «туың жығылмасын» деп бата берген. Біз – бүгінгі тәуелсіз Қазақ елінің азаматтары, осы бата бойына дарыған ұрпақпыз! Егемендік алғаннан бері Көк байрағымызды аласартпай, еліміз тыныш, еңсеміз биік болып, өсіп, өркендеп келеміз». Біз биікте желбіреген Көк байрағымызға күлімдеп қарай алатын жағдайдамыз. Шекарамызды шегендедік. Еліміздің қақ ортасына елордамызды тіктік. – Бұл күндері Астана жастық мерейтойын атап өтуде. 15 жыл бұл – бүкіл халқымыздың шабытты еңбегінің 5 мың 475 күні! Шаһарлардың да, адамдар сияқты, өз тарихы, өз тағдыры болады. Жасөспірім Астананың тарихы – шындыққа айналған ұлттық ұлы арманның шежіресі. Осы жылдар бойында еліміздің барлық өңірлерінен жүздеген мың қазақстандықтар елордамыздың салынуына және еңсе тіктеуіне елеулі үлес қосты. Сондықтан да әрбір қазақстандық үшін Астана – өзінің жан-жүрегіне жақын жаңа Отанымыздың бір бөлшегі. Біз оны өз қолымызбен жаңадан тұрғызудамыз! 15 жыл ішінде бас қаланың өңірлік жалпы өнімі 45 есе өскен екен! Сөйтіп, бұл шаһардың шығаратын өнімінің ауқымы қазір 2,7 триллион теңгеге жеткен. «Бүгінде Астана бүкіл Қазақстанның инновациялық өзегі болып табылады. Бұл жерде отандық өнеркәсібіміздің Қазақстанда ешқашан болмаған жаңа салалары дүниеге келді. Бұлар – тепловоздар, вагондар, тікұшақтар, қозғалтқыштар жасау салалары». Инновациялық салалар қатарында бас қаладағы жоғары білім беретін бір де бірегей ғылым ордасы да аталады. Астанадағы жаңа жоғары оқу орындарында еліміздің инновациялық индустриясы үшін кадрлар даярланады. Астана жаңа мәдени орталыққа айналды. Мұнда «Қазақстан», «Астана-Опера» секілді бүкіл әлем үшін бірегей концерттік залдар бой көтерді. Астана – барша қазақстандықтардың бірлігінің символы! Сондықтан оның 15 жылдығы – Қазақстан халқының жалпыұлттық мерекесі. Астана еліміздің барлық өңірлері үшін «дамудың үлгісін көрсетті»: «Бүгінде барлық облыс орталықтары, барлық қалалар Астанаға қарап, бой түзейді, оған ұқсауға тырысады. Олардың барлығында жаңа нысандар салынады, қалалар абаттанып, ажарлануда. – Туымыз тұғырлы, еліміз ғұмырлы болсын! Азат аспанында алтын қыран қалықтаған мәңгілік еліміздің болашағы баянды болсын!Ресми мерекелерге » Астана күні »