Ұтсаз бен шәкірттің айтысы - құттықтау
Ұтсаз бен шәкірттің айтысы
Ұстаз бен шәкірттің айтысы /"Айқын" газетінің беттерінен/ Бұрындары ақындар айтысу үшін әр тұстан келіп, бір жерге жиналып, өнер көрсететін. Кейін ойларын қағаз бетіне түсіріп, қарапайым хат арқылы сөз алмасатын. Газет бетінде де айтыстың көрігі қызған сәттер аз болмады. Енді электронды ақпараттық технологиялар дамыған тұста ғаламтордың көмегімен электронды пошта арқылы айтысу және ұялы телефонды пайдалана отырып sms-айтыс жүргізу дәстүрге ене бастады. Біз бүгін белгілі айтыскер ақындар Серікзат Дүйсенғазин мен Жандарбек Бұлғақовтың ұстаз бен шәкірт ретінде ой жарыстырып, сөз қағыстырған sms-айтысын оқырман назарына ұсынып отырмыз.Серікзат: Жандарбек, тұра алмаушы ең тағат тауып, Биікке жүрген ұлсың талаптанып. Көзді ашып-жұмғанша төрт жыл өтті, Ұшайын деп жатырсың қанат қағып. Жандарбек: Бұл жерде білім дейтін көк теңіз бар, Бабалар бізге салып кеткен із бар. Төрт жылда үмітіңіз ақталды ғой, Айтыңыз, маған қандай өкпеңіз бар? Серікзат: Бірі едің айтыс қуған серінің сен, Сабаққа көп келуге ерінуші ең. Таңда ғана туатын Шолпан құсап, Сессияның кезінде көрінуші ең. Жандарбек: Осылай қиын енді сөгетінің, Қай жерде болды сізге бөгет інің? Сессияның кезінде көрінсем де, Сабақты кімнен, аға, кем оқыдым? Серікзат: Шәкіртім, астамсу ғой бұл дегенің, Мынаны есте сақта, жүлдегерім: Сен түгіл, даналар да солай айтқан, Әлі де білгеннен көп білмегенің. Жандарбек: Әрине, білгеннен көп білмегенім, Мақсатым – білім іздеу күнде менің. Тек қана қазағымның өзіне тән Өнері өлмесін деп жүрген едім. Серікзат: Жүре бер өнер үшін аман болып, Оқысаң, қалмайсың ғой жаман болып. Мен үшін шықсаң болды Отан үшін Қызмет етер білікті маман болып. Жандарбек: Ұстазым, рақмет тілегіңе, Бұйырса, қызмет етем ұлы еліме. Аман болсам, ешқашан дақ салмаспын Жұмыр жер сыятындай жүрегіңе!Кәсіби мерекелерге » Мұғалімдер күні »