Мектеп-Ана. Алғашқы қоңырау /Ғабиден Қожахмет - құттықтау
Мектеп-Ана. Алғашқы қоңырау /Ғабиден Қожахмет
Мектеп-Ана.Алғашқы қоңырау Мектеп-Ана Кенде етпестен тәрбие,тағылымнан Талай шәкірт ұшырдың бауырыңнан. Сол еңбектің арқасы шығар,бәлкім, Қыздан тәлім байқалса,таным ұлдан. Бөле-жармай бірін де шетке дара, Бердің бе екен қашан да көпке баға. Қай қиырда жүрсе де шәкірттерің, Сен оларға ортақсың Мектеп-Ана. Сендірумен жақсы күн жолығарын, Ақ тілектер арнадың жолына мың. Шалғайларға кетсе де түлектерің, Жадында әлі жүр ме екен қоңырау-үн. Жүрген жері болса да басқа қала- Оңтүстік пе,шығыс па,Астана ма. "Ана пәннен ана ұстаз беріп ед.." деп Бұл күндері,кім білсін,еске ала ма? Бірін кейде ескертіп,бірін ұға, Білім нәрін сыйдырдың ұғымына. Шаттанды ма,ал кейде өкпелі ме- Сен солардың куәсің қылығына. Ізгіліктің қаладың көз ілмеуін, Болмасын деп шәкірттің көзінде мұң. Балалықпен оянған бойындағы Қорғаштадың алғашқы сезімдерін. Санада ұл жаңғыртып бала кезін, Сені ұмытпай жүр ме екен қара көзің. Мейлі,жүзге толса да қартаймайтын Түлек үшін мейірімді Ана-өзің! Сені ойлай ма кешегі бала бүгін, Сыйласа да өмір жол бағалы күн. Өйткені олар өзіңе сонау шақта Кеткен еді қалдырып балалығын. Алғашқы қоңырау Киімі де,сөмкесі де көркем-ді, Білім жолда арманы асқақ желкен-ді. Мектебіне бара жатыр ұлтыңның Әлиханы,Ахметі ертеңгі. Бір-бір үйдің қызы-айы,ұлы-күн, Бола берсін,еркелеу ме бірі тым. Мектебіне барады олар ұлтының Арқалап ап үкілеген үмітін. Өткен дәуір көрсең де өмір бұрқағын, Талай мәрте жеңіс жырын шырқадың. Білім жолға бет түзеді,міне,енді Санасы да,ойы да азат ұрпағың. Ұл-қызым деп ана ұйқысы сан қашты, Бесік тербеп күн мен түндер алмасты. Солар үшін алдағы үлкен өмірдің Соғылады қоңырауы алғашқы. Бөбегінің оятса ана талғамын, Тілейді енді жақсы шәкірт болғанын. Сол бөбегі алып бара жатқандай Ата-ананың жалау етіп арманын. Басталғанда білім жолдың асқары, Қадамдарын үлкендер де қостады. Олар үшін соғылса алғаш қоңырау, Сол қоңырау-ертеңгі өмір бастауы. Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласыОқуға байланысты » Түрлі шаралар »