Екі жасқа тілектер /Ғабиден Қожахмет - құттықтау
Екі жасқа тілектер /Ғабиден Қожахмет
ЕКІ ЖАСҚА ТІЛЕК (сайт бетіндегі өтініш-тілектерге байланысты жазылған өлең-шумақтар) Жалғастырып кеше мен бүгінгіні, Еске сап ата дәстүр-бұрынғыны. Міне,тағы бас қосты ортамызда Екі жас ұнатқан соң бірін-бірі.Бақыт қонып ақ отау түндігіне, Тағы да сезім нұры күлді,міне. Қол ұстасты жұбайлар салтанатпен Жарастығы сай келіп бір-біріне.
Бергеннен соң қос жүрек сенімге ерік, Той жасады тағы да елің болып. Түсіп жатыр,мінеки,біздің елге Іргелі елдің бір қызы келін болып.
Ақ жол болсын үлкеннен бата алғаның, Құтты болсын шаңырақ-отандарың! Жайнай берсін қашанда гүлге оранып Бүгінгі сендер тіккен отауларың!
Ұрпақ ерсін ізетті іздеріңнен, Бақ күлкісі кетпесін жүздеріңнен! Өмірлерің болашақ арылтпасын Әрдайым бақытты осы кездеріңнен!
Тілеймін ырысты отау қаланғанын, Қос жүрек сезім отын жаға алғанын. Қол ұстасқан жұбайлар,құтты болсын Жасаған болашаққа қадамдарың!
Үлкендер көрсін ізет ойлы жастан, Сендерге нұрын төксін айлы аспан! Үнемі тек осындай шаттықпенен Көрейік тойларыңды тойға ұласқан!
Жар сүйіп,болуға отау қам қылыпсың, Қолыңа бақыт құсын қондырыпсың. Осылай дос-жаранды шаттандырып, Думанмен айналаны ән қылыпсың. Ақ неке қиылған соң жұбайыңмен, Біріңе бірің үшін мәңгіліксің!
Жақсы жар жаннан әр кез табылады, Кетсе алыс бірін-бірі сағынады. Бүгінгі көтерілген отауыңның Әр кезде биік болсын шаңырағы!
Отаудың іргетасы босамасын, Берік қып қойсын тәңір босағасын! Жарыңмен қалап алған қол ұстасып, Ел мен ел,дос пен достың қос арасын.
Тілеймін татулықтың сезілгенін, Таусылмай қиындықта төзімдерің. Біріңді-бірің сүйген жүректегі Сөнбесін,лауласын ақ сезімдерің!
Үйреніп жақсылықтың жастан бәрін, Тойларға жайылсын тек дастарқаның! Ағайын,міне,тағы ортамызда Көрдіңіз қуаныштың басталғанын.
Бәрі де тоймен өтіп жыл,айлардың, Көбейсін қуанышы мұңайғанның. Жақсылық алып келіп болашағы, Бағы ассын ақ некелі жұбайлардың!
Сөнбесін сенім-сәуле жүректегі, Болады әр нәрсенің бір өткелі. Бүгінгі тойда айтылған ел мен жұрттың Қабыл боп қалсын бата-тілектері! Ғабиден ҚОЖАХМЕТ
Дәстүрлі тойларға » Үйлену тойы »