Конституция туралы шығармалар - құттықтау

Конституция туралы шығармалар

КОНСТИТУЦИЯ-ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ АЙҒАҒЫ
 
Кеңес жүйесі тарап, Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін 1993 жылы парламент қабылдаған бірінші Конституция Республиканың дамуындағы зор қадам болды. 1993 жылы 28 қаңтарда егеменді тәуелсіз қазақ мемлекетінің тұңғыш Конституциясын Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі бірауыздан қабылдады. Сөйтіп, Конституция – егеменді, ешбір мемлекетпен ортақтаспаған тәуелсіз мемлекеттің Ата Заңы болды.
Ал, 1995 жылы 30 тамызда бүкiлхалықтық дауыс беру негiзiнде екiншi, қазіргі қолданыстағы Конституция қабылданды.
Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Конституция біздің бостандықтарымыздың негізіне айналды. Ол бізге тәуелсіздік алып келген жеңістеріміздің, біздің тапқан табыстарымыздың бүкіл кешенін баянды етті».
         Ата Заңымызды бұлжытпай орындаудың нәтижесінде Отанымыздың бірлігі нығайып, елдегі тұрақтылық пен татулық орнықты. Жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты.
Президент Н.Ә.Назарбаев «біздің Конституцияның бізге берген ең басты құндылығы – таңдау құқығы, басқаша айтқанда, өз өміріңнің қожасы болуы кез келген қазынадан бағалы» дей келе мемлекеттік биліктің қайнар көзі халықтың өзі екенін айқындады. Себебі, Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырды. Ал, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары деп айқындалды. Мемлекеттiк билiктiң бiрден-бiр бастауы – халық. Сондай-ақ, халық билiктi тiкелей республикалық референдум және еркiн сайлау арқылы жүзеге асырып, өз билiгiн жүзеге асыруды мемлекеттiк органдарға бередi.
Конституцияда Республика қызметiнiң түбегейлi принциптерi ретінде қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн демократиялық әдiстермен, оның iшiнде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу белгіленді.
         Осылайша, Ата Заң мемлекетіміздің қуатына айналды. Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі - өнеге.
Ата заңымыздың жетістіктерінің бірі - адам құқығы толық ескерілмеген, қорғалмаған декларациялардан бас тартуы. Ата Заңның «Адам және адамзат» деген ІІ-ші бөлімінде бекітілген барлық заңдар егжей-тегжейлі қарастырылған. Ондағы заңдар адам өмірінің күнделікті өмірінде қолданысқа ие. Сондай-ақ, осы бөлімнің 12 бабында «Адам құқықтары мен бостандықтары әркiмге тумысынан жазылған, олар абсолюттi деп танылады, олардан ешкiм айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады» деп заңның адам мүддесі үшін қызмет ететіні айшықталған.
         Ата Заңның негізгі маңызын айтатын болсақ, дамыған демократиялық мемлекеттерде бірде бір адам өзінің құқығы мен бостандығын Ата Заңсыз елестете алмайды. Басқаша айтқанда, олар күнделікті өмірде өздерінің құқығы мен заңдарын қорғау үшін Конституцияда бекітілген заңнамаларға жүгінеді. Конституция осылайша халыққа қызмет етіп, олардың тірегіне айналады.
Адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын Конституцияда екі маңызды тәсіл бекітілді: сот арқылы және әкімшілік.
Бірінші кезеңде бұл өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғалуына құқығы. Құқықтық мемлекет жағдайында тәуелсіз сот адамның құқығын қорғауының негізгі құралы болып табылады.
         Еліміздің Конституциясы азаматтардың сот төрелігіне еркін қол жеткізуін белгілеп, әрбір азамат өзінің құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауына кепілдік береді. Және де Ата Заңымыздың VII бөлімінде соттар мен сот төрелігі жайлы айтылған.
         Конституция бойынша егеменді елімізде сот жүйесі мемлекеттік биліктің бір тармағы болып танылады.
Қазақстан Республикасында сот төрелiгiн тек сот қана жүзеге асырады. Сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi соттың қызметiне қандай да болсын араласуға жол берiлмейдi, және ол заң бойынша жауапкершiлiкке әкеп соғады. Нақты iстер бойынша судьялар есеп бермейдi. Судья сот төрелiгiн iске асыру кезiнде тәуелсiз және Конституция мен заңға ғана бағынады.
Қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеп отыр. Қазақстан халықаралық қоғамдастықта лайықты орын алып, биік белеске көтерілді. Әрбір қазақстандық келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, өзінің жеке басы мен отбасы үшін де маңыздылығын терең сезінді.
 
Мемлекетіміз бен қоғам тұрақтылығының, болашаққа деген сенім мен халқымыздың ауқатты тұрмысының, лайықты өмірінің кепілі - Ата Заңымыздың мерейі әрдайым үстем болсын!



Шығармалар »