Жеңіс күніне арналған өлеңдер (Мақтай-маршал,Қорға - құттықтау
Жеңіс күніне арналған өлеңдер (Мақтай-маршал,Қорға
Сайын дала...
Сақарасы Торғайдың,
Сайын дала сағынышын толғаймын.
Тоқсан толғау – толағайдай Торғайдың,
Шерін төгіп, сағынышпен сарғайдым.
Сен болмасаң сақараның сайтаны,
Сағым қалқып бұлдыраған байтағы.
Мақтай-шері Сағдиевтің бір ісін
Торғай елі аңыз қылып айтады.
Кермедегі Кеңес кезі кешегі,
Кеңістікте арман желі еседі.
Киіктерше құйғытады құйын ой,
Кейкі батыр елесі боп көшеді.
Ұбақ-шұбақ жалпақ жапан түзді орап,
Ұлан асыр дабылдатқан күзгі орақ.
Айдау жолда астық тасып жөңкілген,
Мың сан әскер мәшинесі мұзбалақ.
Астық...
Айқас...
Желкем күнде шаң борап,
Алқап басын нөпір халық қаумалап.
Сыбдыр-сыбдыр сыр шертіскен сарбалақ,
Егіндерін орып болған саумалап.
Қырық жаста қарағайдай нар биік,
Құйған мүсін – облатком Сағдиев.
Генералға қаратып сөз айтыпты
Қатар тұрған жарғанаттай жарбиып:
- Жолдас генерал!
Жоқты – жоқтай, барымызды – бардай ұқ,
Былтырғыдай биыл қапыл қалмайық.
Оңғарғанда орақ бітті бұл жақта,
Мәшіндерді Жангельдинге айдайық!
....Ал генерал сазарды да бір демде,
- Мен – генерал...
Әскеріме мен бастықпын бұл жерде.
Өзім білем, өзім шешем қайтпекті,
Маған мұнда әмір етпес бір пенде!
....Іс осылай шапты дейсің насырға,
Сөз өтер ме генералдай тасырға.
Жайдың отын төгіп-төгіп жіберген,
Мақтай көзі ұқсап кетті жасынға.
Қатуланып генералға барды да,
Қолтығынан қармап ұстап алды да,
Кең далаға тебіреніп қарады,
Толғаныспен көзді салып арғыға.
- Осы сәтте генералсың.
Нанамын.
Атақ бірақ, таппай қапты адамын.
Мынау жатқан ұлан-байтақ даланың
Баяғыдан мен Маршалы боламын!
Деп Сағдиев жарылды да ағынан,
Жойқын күшпен уызынан дарыған.
Шелтірейген генералды сол жерде
Әдемілеп соқты дейсің қарынан!
Ойпырмай-ау,
Бос-ақ екен қуысы.
Генералдың бітті демде жұмысы.
Сұп-сұр болып қуарды да қызарды,
Тұрып қалды таусылғандай тынысы.
Сәлден кейін есін жиып, ойланып,
Қорлық мына кетсе-дағы бойды алып,
Сағдиевке иді басын генерал,
Жарқанаттан жайдарманға айналып:
- Жолдас маршал! Жеткіздіңіз көзімді.
Майдан үсті.
Не қыламыз сезімді?!
Қол астында болсам сіздей Маршалдың,
- Бақыттымын деп білемін өзімді!
Қарт Торғайдың жырлайтұғын әр шалы,
Мақтан етіп жүретұғын барша ұлы.
Генералға берген сабақ осындай
Кең даланың Мақтай деген Маршалы....
Жеңіс күні » Ресми мерекелерге »