Наурыз туралы - құттықтау
Наурыз туралы
Жадыңызда жүрсін!Әзірлеген Еркеғали Бейсенов
Жыл басында Нұр жауған түн – Қызыр түн
Жыл басының алғашқы суы – Қарғын
Жыл басының қары – Ақша қар, Құс қанаты
Жыл басының алғашқы күні – Ұлыстың ұлы күні
Жыл басының алғашқы желі – жыл айналып жеткен Алтынкүрек
Жыл басының алғашқы төлі – Дүбір аяқ
Жыл басының бірінші сүті – Уыз
Жыл басының бірінші құсы – Жылқышы торғай, Нәуірізек
Жыл басының бірінші көгі – Бәйшешек, Наурызшешек
Жыл басының бірінші асы – Наурыз көже, көп көже
Жыл басының бірінші тілегі – «Ауызды ақтан айырмасын, қызылды уақтылы көрсетсін!»
Жыл басының бірінші құттықтау сөзі – «Жасың құтты болсын!»
Жыл басының бірінші белгісі – көрісу
Жыл басының бірінші сәлемі –
Ұлыс бақты болсын!
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін!
Пәле-жала жерге енсін!
Жыл басының бірінші нысаны – Самалық айту
Жыл басының бірінші сый тағамы – «Ұйқыашар»
Жыл басының алғашқы сыйлықтары – «Діреткізер», «Селтеткізер»
Ұлыстың ұлы күні.....
...көк тұңғиығын қақ жарып бір гуіл өтеді...
...тәнін тазартқан пенделердің Түйсігі түрленеді;
...жанын пәктеген кісілердің Санасы сәулеленеді;
...парасатын Риялаған тұлғалардың Ақылы нұрланады;
...рухын ізгілеген Жәуанмәрттің Жүрегі нәрленеді;
...төрт түліктен Әз дыбысын естіген Қой үркеді, суда жүзген Балық сезіп, бір аунап түседі;
...Көк құты көзін ашады;
...Қап тауының Көк құсы аяғын жерге басады;
...Көк өгіз қара жерді бір мүйізінен екінші мүйізіне ауыстырады;
...кеудесін қақ жарып, Көк атаның Күні шығады;
...кеудесін қақ жарып, Жер ананың Көгі шығады;
...кеудесі беріш қара тасты қақ жарып, Су шығады;
...кеудесі қуыс желмаяны керіп, Жел шығады;
...қиғағы бергек қу жақты серпіп, Сөз шығады;
...жатырды жарып төл шығады;
...емшекті тесіп Сүт шығады;
...Жаратушы Ғаламға бір жылдық ризық шашады;
...тіршілік атаулыға Жан бітеді;
...жерімізге жаңа жыл – Наурыз келеді.
Наурыз сценарийі » Соңғы қосылған дүниелер »