Наурызды қалай тойлаған - құттықтау
Наурызды қалай тойлаған
Қазақ елі Наурызды қалай қарсы алған? Қызыр түні Жаңа жыл табалдырық аттап, үйге енгенде, «жалғыз шала сәуле болмас» деп төрге қос шырақ жағылып қойылады. «Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кірсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады» деген сеніммен Наурызға шейін үй ішіндегі жиһаз-мүліктің шаңы қағылып, жуылып тазартылады.«Жыл бойы ақ мол, дән тасқын-тасқын, жауын-шашын көп болсын» деп Қызыр түні ырысқа (бидай, тары, арпа, сұлы, жүгері т.б.) ыдыс атаулыны аққа (сүт, айран, шұбат, шалап, уыз, т.б.) және кәусар бұлақ суына толтырады.
Бұл түні ауыл бойжеткендері өздері ұнатқан жігіттерге арнап соғымның соңғы етін уызға салып пісіріп, «ұйқыашар» аталатын ерекше дәм дайындайды. Ал жігіттер мен бозбалалар болса, қыздардың қолақысының қарымтасына айна, тарақ, иіс судан тұратын «селт еткізер», «дір еткізер» сыйлықтарын ұсынады.
Бұл дәстүрлі сыйлықтағы айна – пәктік жастықтың, тарақ - әдемілік пен сұлулықтың иіссу – ( бүршігін жаңа жарған жауқазындай) құлпырудың, жайнай түсудің белгісі.
Алдымен ауыл жастары бір асау тайыншаға ашамай ерттеп, үстіне жандықуыршақ мінгізіп, мойнына қоңырау тағып, төбесіне бір шоқ құстың қауырсынын (қарқара) тағып дайындайды. Олар түнгі сағат үште қорадағы малды үркітіп, иттерді шулатып, елді ұйқыдан оятып, тайыншаның басын бос жібереді. Бұл тайынша мінген жандықуыршақ жерімізге келе жатқан Жаңа жылдың бейнесі іспеттес.
Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Ол күні қар не жаңбыр жауса, «нұр жауды», «туар жыл жақсы жыл болады» деп қуанған. Наурыз айында жауған қар басқа қарларға қарағанда ерекше аппақ, үлпілдек мапа болады да, «ақша қар» аталады.Осыған орай тілімізде мінезі балдай, сұлу қызға айтылатын «Наурыздың ақша қарындай» деген теңеу бар. Ұлыс күні туған сәбилерге Наурызбай, Наурызбек, Мейрам, Мейрамгүл, Кіріс т.б. аттар қойылып, оларға бір жас қосылады.
Наурыз күнінің бір ерекшелігі – бұл күн көрісуден басталады. Ұлыс күнінде сәлемдесуге қалыптасқан дәстүрі бар: кісілер бір-бірімен кездескенде:
- Жасың құтты болсын!
Өмір жасың ұзақ болсын!
Ұлыс бақты болсын!
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін!
Пәле-жала жерге берсін! –
деп құттықтап, ер адамдар қос қолдасып, төс соқтырады; ал әйелдер болса, құшақтасады; ерлер мен әйелдер кездессе, құшақ айқастырады. Қос қолдап амандасып, төс соғыстыру – «өмір тірегім – төсім, тіршілік көзім – екі қолым аман-сау болсын» дегенді білдіреді.
Ұлыс күні жеті түрлі заттан – соғымнан қалған сүр ет, қойдың басы, сүт, езілген құрт, бидай (тары, күріш), пияз және қазан толы көпкөже (наурыкөже) пісіріледі. Әр үйдің дастарқанына ақтан (сүт тағамдары), көк ырыстан (дән тағамдары мен жеміс жидектер) және қызылдан (еттен істелген тағамдар) жеті түрлі дәм қойылады.
Наурызкөженің қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі – қыс тағамымен (етпен) қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы – жаз тағамымен (сүт, ақ) қауышудың мәнісін білдіреді. Ал Наурыз көжені тойып ішу – «жыл бойына тоқшылық болсын» деген ұғымға саяды. Әдетте Наурыз түнгі қасиетті дәмнен алыс сапарда жүрген адамдарға, қадірменді ақсақалдарға сыбаға сақталады.
Наурыз күні таңертең ертемен ерлер қолдарына күрек, кетпен, ал қыз-келіншектер құрт, ірімшік, сүт, піскен ет алып далаға шығады. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп қаумаласқан жігіттер айнала төңіректегі бастаулардың көзін ашса, «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын!», «Бір тал кессең, он тал ек!» деген қариялар бұлақ басына тал егеді. Әйелдер атып келе жатқан Күнге тәу етіп, «Армысың, қайырымды Күн-Ана!» деп иіліп сәлем береді, «Кеудесі түкті Жер-Ана, құт дарыт, жарылқа!» деп ашылған бұлақ көзіне май құйып, жаңа егілген ағаштарға ақ бүркеді.
«Ұлыс күні қариялармен көріссем, батасын алсам, болашақ ұрпағыма олардың күш-қуаты дариды» деген сенім бойынша бұл күні жас келіндер көп жасаған, балалы-шағалы, шежіре қарттармен көбірек көрісуге тырысады.
Ежелгі Наурыз тойының символға толы ең бір шешуші сәті ж өгіз сойып, қазан көтеру. Түске таман ауыл адамдары қотан ортасына нарқазан алып шығып, астына от жағады. Жас жігіттер ошақ қасына өкіртіп әкеліп өгіз сояды да, оның бауыздау қанымен ойнап жүрген балалардың маңдайына дөңгелек ою салады.
Ұлыс күні неге міндетті түрде қазан пайдаланылады?
....Ежелгі қуатты Сақ елінің бірлігі бұзылып, ішін ала-ауыздық жайлаған кезінде, ел көсемдері халықтың басын біріктіру үшін үлкен қазан құюды бұйырады. Қазандық мыс жуырмаңда табыла қоймаған соң, сақ сарбаздары жебелерінің мыс масағын жинатып, содан нарқазан құяды. Сол қазанға пісіріліп таратылған тағамнан дәм татқан сақтар өзара өкпе-наздарын ұмытып, қазан асып, от басында қайтадан татуласып, осылайша ел бірлігі сақталып қалған екен...
Қазан мықты болса, ел де мықты. Қазан, шаңырақ сияқты, бүтіндіктің белгісі.
Тарихқа көз жүгіртсек, жылына бір рет ас пісіріп, қалың бұқараға дәм тарттыру дәстүрі қазақ хандары тұсында «шүлен тарту» деп аталған.
Тал түсте ауыл адамдары биік төбенің басына жайылған дастарханға жиналады. Төрдегі қарияларға «бел көтерер» атты өгіздің қос шекесі салынған сыбағалы табақ тартылады.
Ұлыс күні неге өгіз сойылады?
Наурызда өгіздің құрбандыққа шалынуы аспан денелерінің орын алмастыру тәртібінен, Үркер шоқ жұлдызының жоғалып кетуінен алынса керек. Яғни, бұдан оңдаған ғасырлар бұрын өмір сүрген ата-бабаларымыз үшін «Үркер» мен «өгіз» ұғымдары бір мән-мағынаны білдірген.
Қазақтардың Наурызда өгізді құрбандыққа шалуы – олардың қадым замандардан келе жатқан астрономиялық түсініктермен байланысты дегіміз келеді. Ал жас балалардың маңдайына қанмен дөңгелек салу дәстүрі Күнді құрметтеуден туған көне ырым.
Наурыз мейрамында әйелдер жағы жеңсе, жұртшылық неге қуанады?
Ежелгі түркілердің мифологиялық көне түсінігі бойынша жақсылық жаршысы – аспан шамшырағы, Күн бейнелі Ұмай Ана. Сондықтан да қазақ елі жаңа түскен жас келінді табалдырықтан оң аяғымен аттата сала «От-Ана! Май-Ана! Жарылқа! Жарылқа!» деп отқа май құйғызады. Осы ізгі ниетті ақ тілеудегі «От-Ана» - қазақтардың мифологиялық кейіпкері Үт бикеш те, ал «Май-Анамыз» - Ұмай-Ана. Ата бабаларымыздың ұғымынша, «Күн», «Ана», «Құт-береке», «Молшылық», «Мейірім» - барлығы да бір ұғымға саятындықтан, қыз бен жігіт тартысында Жаңа жылдың, қасиетті Күннің құрметіне қыз баланың жеңгенін мақұл көрген.
Аузы дуалы қариялар мен ел басқарған көсемдер Наурыз мейрамы үстінде ұрпақтары ұмытпай айта жүретін бір аталы, ұлағатты сөз артына қалдыратын дәстүр болған екен. Бір күні ойланып, ойлы сөз таппаған адамды көп алдында айыптап, тіптен ағынды өзенге лақтыратын да болған. Осындай сынға ұшырап, қанша ойланса да жүйелі сөз айта алмаған бір батыр суға лақтырылар тұста аузынан «Көп қорқытады, терең батырады» деп сөз шығып, жазадан аман қалыпты.
Әдетте, Наурыз күні адамдар бақай есеп, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ұжданы алдында арылуы керек. «Ұлыс күні алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Жақсылыққа жақсылық – жай адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер жігіттің ісі», «Тас атқанға – ас ат» секілді нақылдарды өзек етіп, ту көтерген билер, ақсақалдар ат құйрығын кесісіп, араға жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған, осылайшы ел бірлігін күшейткен.
Жанұясын тентіретіп жібергендерді қайта қосып, жалғыз-жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау қылған.»Сүйекке дақ, етке таңба болмасын» деп кембағал, мүгедектерді жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған.
Жұтқа ұшырап қалғандарға «дүние кезек», «адам күні адаммен» деп жылу жинап берген. Түрлі жаман әдетке үйір болғандарды халық талқысына салып, дұрыс жолға түсуіне жол көрсетіп, уәделерін алған.
Кеш түсіп, күн батуға айналған мезетте ортаға екі ақын шығып, Жақсылық пен Жамандықтың, Суық пен Жылының, Қыс пен Жаздың күресін бейнелейтін «Өлі мен тірінің» айтысын бастайды. Сондай-ақ ортаға мифологиялық кейіпкерлер – Қалтырауық Қамыркемпір мен оның Ақпан, Тоқпан атты екі ұлы, олармен шайқасатын Ақборан, Әзмырза және Үт бикештер шығады. Айтыста күн ұясына бата өлі жеңіледі, зұлымдық иелері – Қалтырауық Қамыркемпір, Ақпан, Тоқпан, Әзмырзалар тым-тырақай қаша жөнеледі.
Қараңғы түсе екі жерге үлкен-үлкен от жағылады. Жас ерекшеліктеріне қарай топ-топ болып осы екі от ортасынан өтіп бара жатып қолдарындағы басына майлы шүберек ораған таяқтарын тұтатады. «Алас, алас, пәледен қалас!» деп хормен өлең айтып, айнала төңіректі отпен тазалап шығады, жастар жағы жанған оттан секіреді. Оттың киелі қасиетіне сенуден пайда болған бұл тазарту (арылу) рәсімі – «аластау» деп аталады.
Алтыбақан басында жастар түнімен түрлі халықтық ойындар ойнайды, айтысады. Бұл кеште айтылмаған ән, тартылмаған күй, танылмаған шешен қалмайды. Таң ата көпшілік биіктеу төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алады.
Қазақтың астрономиялық түсінігі бойынша, Жаңа жылда Күннің көзі көрінген уақыттан кейінгі екі сағат уақыт «күн сәті» деп саналады. «Егер кімде-кім Ұлыс күннің күн сәтінде күн шұғыласын маңдайымен тосып қарсы алса, оған Наурыздың құты дариды деген дәстүрлі ұғымға сай, Жаңа күнді қарсы алу салты қалыптасқан. Күлімдеп көрінген Күнге иіліп сәлем беріп, «құт дарысын» деп, айнала төңірекке ақ бүркіп үйлеріне тарасады.
Бұрынғы қазақ жұрты Наурыз мерекесін 3 күннен 9 күнге дейін тойлаған. Қазақтың территориясының аумағы өте кең болғандықтан, әр аймағында әр кезде шөп шығып, мал төлдейді, бір шетінде көктем шығып жатқан кезде, екінші бөлігінде қыстың қуаты қайтпай тұрады. Сондықтан Қазақстан тұрғындары 22 март күнін Жаңа жыл деп санағанымен, барлық жерде бірдей осы күні Наурыз тойлана бермейді. Дәлірек айтсақ, Жетісу өңірінде 15 февральда, оңтүстік жылы өлкелерде «жыл басы жылқышы торғайдың» (нәуірзік, наурыз торғай, көктұмсық торғай) ұшып келуімен тұспа-тұс Наурыз тойын тойласа, Батыс Қазақстан топырағында 14 – 15 мартта көріседі, ал Орталық Қазақстан тұрғындары Жаң жылды Үркердің аспанның батыс бөлігіндегі жас аймен тоғысуына қарап кешірек қарсы алған.
Ұлыс тойының тойлану барысында дәстүрлі ұлттық ойындар ойналады: Көкпар, Аударыспақ, Күрес, Қыз қуу, Алтыбақан, Балтам тап, Тең көтеру, Бағанаға өрмелеу, Арқан тартыс, Жаяу жарыс.
ТЕПЕ-ТЕҢДІК. Наурызды қарсы алу мерзімі Күн мен Түн (қараңғы мен жарық), Қыс пен Жаз (ыстық пен суық) тепе-теңдікке келген сәттен бастап тойлануы тегіннен-тегін емес. Осыған орай ата-бабаларымыз Табиғат пен Қоғам, Ел мен Ел және қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтардың ара қатынасында да ТЕПЕ-ТЕҢДІК сақталуын талап еткен.
Қазақ халқының салт-дәтүріне айналған Наурыз тойының қалыптасуына Табиғат пен Қоғамның, Ел мен Елдің, Адам мен Адамның ара қатынасындағы тепе-теңдік заңын бұзбайтын, бастау-бұлақтар мен таланттардың қайнар көздерінің ашылуына мүмкіндік туғызатын және әрбір жеке адамның ар-ұятының тазалығын сақтайтын ұлы өнегелер мұрындық болған.
Наурыз сценарийі » Соңғы қосылған дүниелер »