Ана тілі туралы өлеңдер - құттықтау

Ана тілі туралы өлеңдер

Ана тілі
 Ақыл-ойын дананың,
Ана тілден аламын.
Ана тілі ардақты
Ақ сүтіндей ананың.
Өсірген ой-білімді,
Сүйем туған тілімді.
Мақсат етем әр сөздің
Мәнін терең білуге.
                                                                    Ә. Табылдиев


Тілге тағзым
 
Ана тілі — біздің туған анамыз!
Анамыздай сыйлап, бағып-қағамыз.
Ана  тілін бағаласақ қалай біз,
Өзіміздің сондай болмақ бағамыз.
Ана тілін кім аялай білмесе,
«Анасынан безген ұл!» деп қараңыз.


Сөз құдіреті
Сөз — сабаның көнесі,
Сөз сандықтың іштісі.
Сөз — тарихтың шегесі,
Сөз жансыздың күштісі.
 
Сөз — жандының мықтысы,
Уыттысы уыттың.
Сөз — найзаның ұштысы,
Ең мөлдірі сұйықтың.
 
Сөз зерденің зерегі,
Сөз құрылыстың берігі.
Сөз — керектің керегі,
Сөз — уақыттың серігі.
 
Жүрегімнің алауын
Сөзге орап берсем ше?
Қағаз төзбей, қарағым,
Өртенгенін көрсең ше?
 
 Күйіндей тәтті толқын Тәттімбеттің…
 
Таудағы тас бұлақтың мөлдіріндей,
Даламның қызыл-жасын өндіріндей.
Бәйек боп бауырына  алған бөбек жанын,
Анамның мейірбанды көңіліндей.
 
Күйіндей тәтті толқын  Тәттімбеттің,
Талындай он өрілген тал жібектің.
Гауһардың от шарпыған ұшқынындай,
Өлшеусіз кеңдігіндей жер мен көктің.
 
Аяулы, абыройлы ана тілім!
Өстім саясында қанатыңның
Кетіпті ғазиз анам сені сыйлап,
Жыр болып көкірегімде жанатұғын.
 
 

Жаурасам да, жансам да,
Осы тілде сайрап ем…
Мылқау болып қалсам да,
Осы тілде ойлар ем!
 


Ең алғаш осы тілде «Апа!» дедім,
Со сөзді тілдің басы  атар едім.
Анасын алласынан бұрынырақ
Аялап ауызға алған ата-тегім.
Өзіңнен менің нем бар жасырғандай?
Білерсің жасық не зат, асыл қандай!
Мен тұңғыш өлең жаздым осы тілде,
Бір қызға емшем құрып, есім қалмай.
«Бөпем!» деп өзіңді алғаш, көкем менің,
Өптім де, осы тілде мәпеледім.
Өзіңнің осы тілде тілің шығып,
Тәтті үнмен тұңғыш мені
«Әке!» — дедің.
Бұл тілде көңіл айттым қаралыға,
Бұл тілде мұңым шақтым саналыға.
Туған тіл — тынысың да, тірлігің де,
Жарықтың жұмылмайтын жанары да!
 
 



  Ақылмен ойлап білген сөз
Бойыңа жұқпай сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз
Бар тамырды қуалар.
Абай Құнанбайұлы


Ерлік, елдік, бірлік,  қайрат, бақ, ардың
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың.
Алтын күннен бағасыз бір белгі  боп,
Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!
 


Жарық көрмей жатсаң да ұзақ кен – тілім,
Таза терең, өткір, күшті, кең тілім.
Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа
Ақ қолыңмен  тарта аларсың  сен,  тілім.
 Мағжан Жұмабаев


 
Ана тілі
Ананың құнар сүті ғой,
Ғұмыр бойы сен еметін.
Ана тілі
Халқыңның ырыс-құты ғой,
Игілігіңе кенелетін. 
 Мұзафар Әлімбаев


 
Бүтіндік, бірлік
Ерсі боп,
Жатқанда мал-жан енші боп.
Тіліміз ғана тұрыпты
Елші боп, әрі емші боп,
Сол ғана қалған  бөлінбей,
Бөліске түсер кезде ондай
Сол ғана қалған бөлінбей –
Жүректей,
Күндей,
Ождандай.
 Жұбан Молдағалиев


Қазақ тілі
Күш кеміді, айбынды ту құлады;
Кеше батыр – бүгін қорқақ, бұғады.
Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде,
Қан суынған, жүрек солғын соғады.
 
Қыран құстың қос қанаты қырқылды,
Күндей күшті күркіреген ел тынды.
Асқар Алтай – алтын ана есте жоқ,
Батыр, хандар – асқан жандар ұмытылды!
 
Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың...
Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!
 
Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен-тілім,
Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім.
Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа
Ақ қолыңмен тарта аларсың сен тілім!
М.Жұмабаев
 
 
Үш бақытым
Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын;
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.
 
Ал, екінші бақытым – Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей-кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.
 
Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
 ...Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай-ақ кел-дағы от ал менен. 
 
Түтін түтет,
Өс, өрбі, көгере бер,
Немерелер көбейсін, шөберелер.
Жадыңда ұста,
Жақсылық күтпегейсің!
От емес, оқ сұрасаң менен егер!
 
Үш бірдей бақытым бар алақанда,
/Мені мұндай бақытты жаратар ма!/
Үш күн нұрын төгеді аспанымнан,
Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға!!!
М.Мақатаев
 
 
Қазақ тілі
Ғұндарға дағы,
сақтарға дағы,
ақ сүтін берген арман тіл,
атқанда дағы,
шапқанда дағы
қансырап аман қалған тіл.
 
Жоңғардың сұсы,
шүршіттің мысы
еңсесін баса алмаған,
жүрегін шоқып қырсықтың құсы
соңынан қалмай сарнаған.
 
Өрт шалған тудай жаралы тілім,
желбіреп желмен шалқыдың,
қақ жарып шығып
даланың түнін,
жусан мен қымыз аңқыдың.
 
Фарабилер мен Бейбарыстардың
өсиеті де өзіңде,
Махамбет сынды жолбарыстардың
қасиеті бар сөзіңде.
 
Бабалар өзі байытқан тілім:
«шұбарладың деп сен мені»,
бұйырар болдың айыпқа бүгін,
парықсыз біздей пендеңді.
 
Қайғыға қалай бауыр баспайын,
ертерек туып,
кеш қалсам
күлкімді мұңға айырбастаймын,
ана тілімді еске алсам.
 
«Құрыған тіл!» – деп табандағанның,
деймісің кетпес түгі де,
тілімді сонша жамандағанның
шоқ түсер әлі тіліне.
Ұ.Есдәулет
 
 
Сүйемін туған тілді – анам тілін
Сүйемін туған тілді – анам тілін,
Бесікте жүргенде-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутымнан
Құлағыма сіңірген таныс үнім.
 
Сол тілмен шешем мені әлдилеген,
Еркелеткен «құлыным, жаным» деген.
Сол тілменен бірінші  білгізілген,
«Апа» деген сүйгендік сөз әм менен.
 
Сол тілменен үйрендім нәрсе аттарын,
Сол тілменен дінді әдетті мен жаттадым.
Ең бірінші сол тілмен сыртқа шықты,
Сүйгенім, жек көргенім, ұнатқаным.
 
Тілімде әдебиет, жаныма азық,
Әм болардай көңілге намыс – қазық.
Терең ойлар, дүниеге қарастар бар,
Қанекей сынап байқап, тапшы жазық.
С. Торайғыров
 
Мен қазақтың тілімін
Мен қазақтың тілімін,
Беретін көп білімім.
Достасатын сендермен
Жаңа пәннің бірімін.
 
Үйретем тіл заңдарын,
Сөзіме құлақ сал бәрің.
Менімен тез іске асар,
Ойға алған арманың.
О.Асқар
 
Үйрен ана тіліңді
Өз тіліңсіз көрсең де өз күніңді,
Өз тіліңсіз болсаң да асқан білімді.
Өз халқыңа бола алмайсың азамат,
Білмей тұрып туған ана тіліңді.
 
Әлде қалай жоғалтса ана баласын,
Бала іздеп таппай ма өз анасын.
Өгей шеше секілді өзге тіл де өгей,
Өз тіліңмен ертерек тап жарасым.
 
Сенде айып жоқ, тілің де емес кінәлі,
Ешкімнің жоқ болса да оған күмәні.
Үйренбесең, өз тіліңді білмесең.
Жазықсыз-ақ жазғырып ел тұрады.
 
Қаның жаның, қазақы ұлттық түрің бар,
Сенен үлгі алар қызың, ұлың бар.
Перзентісің еркін, азат халықтың,
Тәуелсіз ел, мәртебелі тілің бар.
О.Асқар
 
   Бір досқа
Өзге тілді белгенге,
Білімді боп билейсің.
Кергенменен құр кеуде,
Өз тіліңді білмейсің.
Төс қаққанмен күнде сен,
Демес халқың «құлыным».
Өз тіліңді білмесең,
Неге керек білімің?!
Ә.Табылды
 
 
Ана тілі
Қымбат маған ана тілім, бал тілім,
Қымбат маған дана тілім, ар тілім.
Ақ сүтімен бірге сіңген бойыма,
Ана тілім ардақ тұтар алтыным.
 
Ана тілін жырлап өткен талайлар,
Жырлап өткен Ыбырай мен Абайлар.
Қасиетті менің ана тілімде,
Өшпес мәңгі алаулаған арай бар.
 
Өлең-жырмен арайланса, тау күліп,
Ардақтымды жырлап өтем ән қылып.
Мағжан, Қасым, Мұқағали жырларын,
Жалғастырып жаза берем мәңгілік.
 
 
Аманат
Ізгілікті іздеші,                                          
Үміттерді үзбеші.                             
Үлкендерді ардақтап,                      
Құрметтеші, «Сіз» деші.
Жаман сөзге ермеші,
Намысыңды бермеші.                      
Ел сенімін ақташы,
Абыройды сақташы.
Ата-анаңды аяла,
Жақсыларды саяла.
Адалдықты сақтағын,
Достарыңды сатпағын.
Осы саған аманат,
Жоламасын жаман ат.
Ә.Ысқақ

Ана тілім - айбыным! » Соңғы қосылған дүниелер »