Ана тілі туралы шығармалар - құттықтау
Ана тілі туралы шығармалар
АНАМНЫҢ ТІЛІ –АРДАҚТЫМ МЕНІҢ
Анамыздың ақ сүтімен бойымызға
дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл
ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту.
Б.Момышұлы
... Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, қатынас құралы. Тіл болмаса сөз болмайды. Сөз болмаса адамзаттың тірлігінде мән-маңыз болмайтыны белгілі. Демек, тілдің, сөздің орны ерекше. Міне, осы орайда ана тіліміз жайлы терең ойлану әрқайсымыз үшін парыз. Жыл өткен сайын ана тіліміздің мәртебесі өсіп, абыройы арта түсуде.
Тіл – халықтың жаны. Тілі құрыса, халық та жер бетінен жоғалады. Адамзат тарихында көптеген өркениетті елдердің өшіп кетуі алдымен тілді жоғалтудан басталғанын ғылым дәлелдеп отыр. Бүгінгі қазақ қоғамындағы мәңгүрттіктің басы да өз тілін тәрк етуден туды. Ана сүті сіңбеген, бесік жырынан нәр алмаған ұлттық қасиет тана сүтімен кірмейді. Тілі мен дінінен айырылған ондай жан рухани кемтарлығын, адамдық болмысын түсінбей, көлденең көк аттының қолжаулығына айналады. Ана тіліміздің тағдыры үшін күресте халқымыз қам-қарекетсіз болған емес. Жиырмасыншы жылдары тіл тәуелсіздігін ту етіп көтерген Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Мұхтарлар, сексенінші жылдардың аяғында бостандықтың лебі білінісімен басталған бүкілхалықтық қозғалыс соның айғағы.
ХХ ғасырдың ұлы жемісі – қазақ халқы үшін Егемендіктің көк туы желбіреуі. Ата-бабаларымыз көксеген, армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ендігі мақсатымыз - ұлттық рухты, түскен еңсені көтеру. Ұлттық мінез, ұлттық намыс, ана тілі жоқ жерде – ұлт та жоқ.
О, туған ана тілім! Тас бұлақтың тұнығы да сенде, ана сүтінің жұғымы да сенде, райхан гүлдің жұпары да сенде, қыран құстың жанары да сенде, назды сұлудың нәзіктігі де сенде, сахара даланың жазықтығы да сенде...
Халқымыздың аса бай рухани қазынасы – туған ана тіліміз. Ол – қазақ тілі.
Қазақ тілі - өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап еркін есіп тұрады. Қазақ тілінің биязы мақамы – домбыраның күмбір қаққан сазындай. Асқан әуезділігі – шырқап салар әндей. Туған тіл біздің бірінші бақытымыз, бірінші ырысымыз, біз сондықтан “Ана тіліміз” дейміз. Қазақтар “Ананың тілі” деп ерекше құрметтейді. Басқа тілді білу - әрине, мақтаныш. Әйтсе де өз ана тілін аяқ асты етуге болмайды.
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте, – дейді талантты ақын Қадыр Мырза Әли ағамыз.
Анамның тілі – ардақтым менің. Адамның атасы, әкесі мен шешесі сенсің. Сен менің кішкентай кезімде әкем болып мойныңа отырғызып қуандың, ат үстінде алдыңа алып, мені көкке секірттің. Жел болып кекілімнен сипадың.
Тілім, ана тілім менің, адамзатымның тілі, сен менің анам болған кезіңде көкірегіңе жабысып, төсіңнен ақ сүтіңді емдім. Сен менің ағам, інім, әпкем, қарындасым, бауырларым болған кезіңде мен сені одан әрмен түсініп, ұғынғым келді. Адамзаттың Абай мен Мағжан сынды асқар алыптарын туғызған, әкелері мен аналары болған ұлтымыздың тірегі сенсің, туған тілім. Бірақ, менің терім “туған тілім” сен үшін ғана төгілсін, менің өмірім сен үшін ғана өрілсін! Олай болса, ана тілімізді алдымен өзіміз құрметтейік, ардақтайық! Сонда ғана туған тіліміздің туы биіктерде желбіреп тұратын болады...
Ана тілі
Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың өткені, бүгінгісі, болашағы.
Қазақ тілі өзінің даласындай бай. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап, еркін есіп тұрады. Қазақ тілі қасиетті қазақ домбырасының үнімен үндесіп жатады. Ана тілі – бұл әкенің тілі, туған халықтың тілі.
Ана тілін біз кішкентай кезімізден әке-шешемізден, әжеміз бен атамыздан біле бастаймыз.
Ана сүтіндей бойымызға біртіндеп сіңеді. Халықтың тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Дүниедегі барлық халық тәуелсіздікке ұлттық қадыр-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады.
Сондықтан кез келген мемлекет өзінің аумағында салт-дәстүрін, ана тілін айрықша қорғайды.
Еліміз Қазақстан Республикасы егемен ел атанды. Ана тілімізге мемлекеттік мәртебе берілді. Тіл туралы заң қабылданды. Президентіміздің 2003 жылғы 15 қарашадағы жарлығымен қыркүйектің үшінші жексенбісі Қазақстан Республикасы халықтары тілдерінің күні ретінде атап өтілетін болды.
Тіл адамдар арасындағы қатынас құралы, өйткені адамдар қоғамдық өмірде бір-бірімен тіл арқылы сөйлеседі, пікір алмасады, ойын жеткізеді.
Тіл арқылы біз оқып, білім аламыз, қалаған мамандықты игереміз.
Тіл арқылы даналар сөзін оқып білеміз, одан ғибрат аламыз. “Өнер алды – қызыл тіл” деген осыдан шыққан болар. Тіл халықпен бірге жасайды, дамиды, өркендейді.
Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі не?
Себебі, тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз – қазақ тілі.
Әр халықтың өзінің ана тілі бар. Тіл – жеке адам ойлап тапқан туынды емес, ол барша ұлтқа ортақ, соның төл перзенті. Сол халықтың мәдени әлеуметтік өмірінде өзіндік мәні бар киелі ұғым.
Тіл – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Тіл – еліміздің іргетасы, «Ұлттың қуаты тілінде».
Тілдің адам өмірі үшін мәні айрықша. Тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем». «Тіл – асыл ойдың бұлағы». «Тіл –құдірет». «Тіл - тәуелсіздік тұғыры». «Тіл – ұлттың жан дүниесі».
Тіл құдіреті - ерекше. Оның бітпесті бітіретін, жетпесті жеткізетін, үзілгенді жалғайтын мүмкіндігі бар. Бір ауыз сөз опық жегізіп, өмір бойы өзегіңді өртесе, бір ауыз орынды айтылған сөз жадында жатталып, бақытқа жеткізеді.
Тіл – ұлттың жан дүниесі. Расында қазақ халқының басында талай қиын нәубет, зұлматтың, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі. Сондай ауыр сәттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы – ана сүтімен санасын дарыған ана тілі ғана.
Халқымыздың тілге беріп жүрген бағасы бұл ғана емес, ана тілге деген мейірім, махаббат сезімін білдіретін сөздер көп-ақ. Оған жүздеген мысалдар келтіруге болады. Осы сияқты ой тұжырымдардың баршасы ел аузына түспей, ғасырлар өтсе де ұрпақ жадында сақталған қанатты сөздер.
«Тәрбие басы - тіл» деген осы күнге дейін мән-мағынасын жоғалтпаған қанатты сөз XI ғасырдың ұлы ойшылдарының бірі Ахмет Иүгінекидің есіміне қатысты.
Үзілмей келе жатқан осындай даналық дәстүрінің жалғасын біз бүгінгі ұрпақтан да көреміз. Ана тіліміздің айтып жеткізуге болмайтын асыл қасиеттерін тап басып танып, қанатты сөздерге айналдырған зиялыларымыз да баршылық.
Бүгінгі қазақ тілінің тағдыр мен болашағы Елбасын аз толғандырып жүрген жоқ. Сондықтан да болар Ел басының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы» деген сөзі бар. Ал кейінгі 2005 жылғы жолдауында айтылған «Біз барша қазақстандықтарды біріктіруші басты факторлардың бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек» деген уәжінде қазақ тілінің Қазақстан халықтарының басын біріктіруші ұйытқы болуын көздеп отыр.
Қай қоғамда да тіл мәселесі болатыны белгілі. Біздің ұлтта да тіл өзекті мәселе болып отыр. Қазақстанда қазақ тілі –мемлекеттік тіл. Солай бола тұрса да бізде қазір көптеген қазақтар үй ішінде, сыртта, қоғамдық орындарда орысша сөйлеп, қазақ тілінің сөйлеу өрісін тарылтып, қолданылу аясын әлсіретеді, тіпті жоғарғы жақтағы басшылардың өздері орыс тілінде сөйлейді, қазақша сөйлегеннің өзінде шұбарлап сөйлейді. Басты кемшілігіміз – осы.
Қазір көптеген жастар ана тілін дұрыс білмейді. Ауылдық жерде жақсы, қалалық жерлерде тіл құнарлылығы сұйыла түскен.
Қазақ тілінің жанашыры болған сатирик ақын Шона Сымаханұлының бір шумақ өлеңінде осындай жағдайды сипаттайды:
Қазіргінің баласы,
Көп білем деп көкиді.
Әкесінің жазғанын
Аудармадан оқиды.
«Ұлттың тілі – ұлттың ділі» демекші, қандай ұлт пен ұлыс болмасын ең басты байлығы – ана тілі. Тілін жоғалтқан халықтың жеке мемлекет болып басқа елдермен терезесі тең дәрежеде тұра алмайтындығы тарихтан белгілі. Сондықтан сан ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, егеменді ел болып жатқан сындарлы кезеңде мемлекетіміздің нышаны ана тілімізді бүкіл тіршілігіміздің түп қызығына айналдыру – әрбір ұлтжанды азаматтың басты міндеті.
Ата-бабамыздан қалған асыл қазына тілімізді сақтаудың тиімді жолы – отбасында ана тілінде сөйлеп, айналадағы дүние туралы сол тілде айтып, сол тілде қуаныш ренішіңді бөлісіп, өзіңді, өзгені жұбату болып табылады. Бұл - ана тілінің қадір-қасиетін арттыра түсері даусыз. Ақын Оразақын Асқар «Тәуелсіздік тартулары» жинағына енген өлеңінде:
Көрінесің көзге шыққан сүйелдей,
Сұрақтар да шаншу болып тиер кей.
Құтылмайсың барлық тілді білсең де,
Өз тіліңнің көмегіне сүйенбей...
Ана тілінде ата-баба сыры бар,
Аудармадан түпнұсқадай кім ұғар.
Өсе келе құстың тілін білсең де,
Ана тілсіз оның қандай құны бар, - деп өлең жолдарында өз тілің өзге тілді үйренуге басты тірек екенін баяндаған.
«Тілден асқан байлық жоқ» тон-торқа, мал-мүлік, алтын-күміс байлығы түпкілікті емес. Күндердің күнінде сарқылады, тозады. Халықпен бірге мәңгі жасайтын тіл байлығы екенін ұмытпайық.
Ана тілім - айбыным! » Соңғы қосылған дүниелер »