Туған елім. тірегім/жалғасы - отан жайлы жазбалар - құттықтау
Туған елім. тірегім/жалғасы - отан жайлы жазбалар
Сол арада тағы бір есі кіріп, бойына қайратын жинаған Бақай батыр ақырғы өсиетін айтады.- Біз өрбіген арғы атамыз Тәңірберген қартайған шағында дүниеден өтеді де, адам аспас асқар шыңға айналған екен. Сондағы мақсаты- еліне қорған болу. Сөйтіп, төбесіне көз жетпейтін заңғар шың болып, ел шетінде тұр. Елі осы заңғарды Хан Тәңір атап кетіпті. Мен де туған жерімнің бір шетінде асу бермес мәңгілік қорған болып қалуға тиіспін.
Алма қыз және оның батыр ағалары Бақай мен Матай.
Ертегі. Толыбаев Қ. Сырлы Арал.
Қазақ – Алтай мен Атырау арасын жайлаған еркін ел еді. Айналдырған қырық – елу жылдың ішінде бүрісті де қалды. Кешегі Әз Тәуке ханның «жеті жарғысы» да ұмытылды. Заң мен мен низам онда – мұнда көшкен Болат ханның ордасымен бірге құйын – дауылдай күніне сан құбылады. Сондағы темірдей тегеурін әлі күнге дейін тек момын мен нашардың ғана иығынан арылар емес. Бытыраған шұбырынды үркен ел аядай жерде айран – асыр. Ұлы жүз ойрат боданында қалса, Сыр мен қырдың арасындағы Кіші жүз бен Орта жүз бірде ойраттың, бірде қалмақтың, бірде орыстың, бірде қызылбастың, бірде башқұрттың шабуылына ұшырауда.
Сматаев С. Елім- ай. Роман трилогия Т2.
(«Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама»
оқиғасынан кейінгі қазақ халқының тағдыры
туралы.)
Жалғанда қазақтан асқан жомарт елді көрген де, естіген де емеспін. «Өзім дегенге өзегін суырып береді» деген әсірелеп айтылған сөз шығар. Ал өзі жаяу қалса да астындағы жалғыз атын түсіп беретіні құдайдай шындық. «Сый қылсаң сыпыра қыл» дейді, қазақ. Бұл қазақ біреуді шын сыйлағысы келсе барын базарға салады. Тереңде жатқан асылын да, ардақтысын да бетке шығарады.
Тұрлыбайұлы Ж. Райымбек батыр. Роман.
Қазақ жеріне, оның ұлы Даласына кісен түскелі қашан? Бүгін мына ұлы Даладан кісен сыңғырының дамылсыз жылаған аш баладай дауысы естіледі. Ол құлақты аздырады. Жүйкені тоздырады. Бұл кісенді жерден де, елден де алатын жол – кілт бар ма?! Болса ,ол Сырым Датұлы, Жоламан Тіленшіұлы, Көтібар – Арыстан аталарың бастаған азаттық жолы болар.
(Ресей патшалығының бодандығында болған қазақ халқының тарихы туралы)
Төреханов Т. Кісенделген дала.
Деректі тарихи роман – трагедия.
Біз туған ел, туған жер деп өлетін елдің баласымыз. Бізде екі Отан болмайды. Зәушайтан тағдырдың салған шырғалаңымен тамашалаң түсіп аббар көшіп, шет жайлап кеткендер бұрын да біздің халқымызда болған. Бірақ солар арада ғасырлар, дәуірлер өткен соң да қайта Отанына көшіп келген, ондай тарих тағылымын тартқандар аз емес. Олар, көлін көксеген бұлүйректей бүгін кеткенімен ертең болмаса бүрсүгіні кірін жуып, кіндігін кескен, атасының бейіті бар жеріне, бетінде атасының кейпі бар еліне қайта оралмай қоймайды. Бұл жеті ата, жеті пұсты, түптұқиян ғұрпы, дәстүрі.
(1930 жылдардағы колхоздастыру, сондағы жіберілген асыра сілтеушілік, ашаршылық. 1937-38 жылдардағы қуғындау, жазалау жайлы жазылған роман.)
Қыдырбекұлы Б. Алатау: Роман (2 кітап)
Айнабұлақ! Мыңбұлақ! Өмірге тұңғыш келгенімде дүниеде теңдесі жоқ нәрлі суымен мені шомылдырған, мені жуындырған бұлақ. Мен алғаш суын ішкен, мені әлдилеп сүйген, маған сенген, туған жерім Мыңбұлақ...
Біз де сүйек, еттен жаралған жанбыз. Біздің жанымызды тебіренте соққан жүрек болаттан құралған емес, бірақ біздің жүрек отты жүрек. Оның оты болатты ерітіп, жаңқадай жандыратын от. Біздің жүрегіміз – де қауіп – қатерді көтеріп, өлімді жеңетін бір жарақ, - ана сүтін ақтап, туған елді, Отанымызды сүю сезімі. Бізде ер атасы- махаббат, өмір тасы- халық, ел намысы- ер қолында, ер намысы- ел қолында. Біз намысты елдің ұлымыз.- Жеңілмес күшіміз сонда.
Момышұлы Бауыржан.
Москва үшін шайқас. Роман.
Мен жастықты қорғадым. Мен өзіміздің шаттық өмірімізді қорғадым. Менің өз Отанымнан сұлу, өз Отанымнан ғажап дүние бар ма екен?! Жоқ , болған да емес, болмайды да. Мен қазір шығысқа қараймын. Онда менің туған елім, сүйікті жарым бар. Маған самал жел еседі.
О, шіркін туған жер, сенен артық не бар дүниеде!
Ақшолақов Т. Қызылгүл. Әңгіме. Жеңімпаздар. Ұлы Отан соғысына қатынасқан Қазақстан жазушыларының естелік әңгімелері.
..... Менің ойнап берген музыкамның орындалуына таң қалғандары соншалық, қатты ризалық білдіріп, көпке дейін қол шапалақтап, қайта шақырып, бірдеңелерді айтып айқайлап, сахнадан жібермей қойды. Олар үшін мұның өзі үлкен жаңалық болып табылатынын мен жаңа түсіндім. Өйткені қайдағы бір жабайы азиат саналатын елдің адамы, алыс түкпірдегі Европа музыкасын соншалық шабытпен, асқан шеберлік танытып орындап бергеніне сенулерінің өзі қиын еді.
Ендігі жерде өзім скрипкаға арнап өңдеген қазақтың халық әні «Елім - ай» ды орындадым. Тыңда, Европа, тыңда, Германия, барлығыңда тыңда, менің бәрінен артық көретін елімді тыңда, қазақтың халық әні «Елім- айды» тыңда!...Ақырғы қайырмасын қайталап тартарда, залға көз салып едім, көпшіліктің маған аянышпен қарап, мені түсініп, жанашырлық танытып отырғандарын сезгендей болдым.
(Ұлы Отан соғысы жылдары неміс әскерінің тұтқынына түсіп, кейіннен Мұстафа Шоқай бастаған Түркістан легионында болған қазақтың алғашқы кәсіпқой скрипкашысы Айткеш Толғанбаев туралы.
Толғанбаев А. Қатал тағдыр тәлкегі
/ Өмірлік баяндама.- Алматы : 2001.- 133б.
Туған жердің қәдірін туғалы түзге шықпаған елдегі адам қайдан білсін?
Туған жердің кәдірін алыс жерге ұзатқан, ұзатқанына әлде талай жыл өткен қыз білмесе, кім білсін?
Туған жердің қымбатын ғылым іздеп, шет жайлап, кітап қарап сарылып, көзінің майын тауысқан, көшенің шаңын көп жұтқан шәкірт білмесе, кім білсін?
Туған жердің артығын, жазатайым іс етіп, күштілерге күш етіп, еріксіз елден айырылған, шеттен дәмі бұйырған, жаттан сыйлау көрмеген ер білмесе кім білсін?
Туған жердің асылын қараңғы үйге қамалып, қара нан мен қара шай жүрегін кесіп жатқанда, қазы, қарта, сары қымыз көзінен бір – бір ұшып есіл елін сағынған, бір көруге зар болған тұтқын білмесе, кім білсін?
Туған жердің кәдірін әлеуметтік ісіне басын байлап жегілген, кеңседе қағаз кемірген, күйіп – пісіп, көбеп боп, еңбегінің жемісін көрсем – ау деп телмірген, тар көше мен тар үйде бойы бір сергіп көрмеген азамат білмей, кім білсін?
Ыстық қой, шіркін, туған жер! Туған жерге жеткенше, қайтіп дәтің шыдайды? Кім сағынбас өз қағын? Кім сүймесін өз жерін?
Сүймесе сүймес зердесіз, шерсіз жүрек, тілеуі бөлек жетесіз...
Аймауытов Ж. Қартқожа романы.
Мен табиғатты сүйемін. Мен шынайы поэзияны сүйемін.
Абай мен Қасымды қанша оқысам да менің сусыным қанбайды. Қайталап оқи бергім келеді, оқи бергім келеді. Мен Құрманғазы мен Дәулеткерейдің күйлерін тыңдағанда өзімді өзім ұмытып кетемін. Махамбет жырының әр сөзінің астынан дүрсілдеген ат дүбірін, қарыш- құрыш сілтескен найза, қылыш үндерін естігендей болам. О, қасиетіңнен айналайын, қазақ жері. Осының бәрі сенің топырағыңда өсіп, өнген кереметтер емес пе...
Қазақы ауыл және ауылдың қара домалақ баласы жайлы.
Соқпақбаев Б. Менің атым Қожа.
.... Қайран Ата мекен!!!!
Ата мекенім, сенде менің барым қалды. Нәрім қалды. Сенен барыңды алдым, нәріңді алдым.
Ата мекен, мен сені бір перзентің ретінде бар жәнтәніммен сүйдім, күйдім, еркеледім, еріңе отырдым! Сенде кешегі империя әкелген аштығым қалды.
Ата мекен, ақ мекен, киелі мекен, ұранды мекен, қыранды мекен жатсам – тұрсамда есімнен бір шықпайды! Көде бозды, ақ бидайлы, күреңселі, еспе бидайықты, көк сақал шилі, бозғанақты көлді, күрең тобылғылы, нар қамысты, исі мұрныңды жарып, кеудеңе гаусар тыныс беретін жусаны мен қызыл көк шағыры жарыса өсетін, аққу –қазы қалықтаған сенің ұлылығыңды көзім тірісінде сүйемін, құшақтаймын, аунаймын!
(Толғау) Төреханов Т. Адам әлемі.
... Ел тұтас дүние, сом жартасқа ұқсайды, адам үшін қадірі өте зор. Тағдыры жермен байланысты. Туған жердің күллі сипат – сыны, құдірет –құны өзін мекен тұтқан халықтың тұрмыс – салты арқылы басқаларға құндылығын танытады. Өзі өрбіген елге, туып - өскен жерге деген адам махаббатының, алаулаған сағынышының қаншалықты тасқынды екенін, асыл қасиетін шалғай шетте, ел ішінен амалсыз шығандап, қиырға қара үзіп кеткендер, қайта орала алмай алыста жүргендер ғана айырықша анық, бұлдырсыз айқын сезінеді, қадір – құнын жетік біледі.
Жерден қасиетті, жерден киелі дүние жоқ. Жер бар жерде ел бар. Ел – ер – азаматтың думанды ортасы. Жер – жарық дүниеге көзін ашқаннан тербеткен бесігі.
Қазақстан жерінің тамаша табиғатын суреттейтін шығарма.
Толыбаев Қ.Сырлы Арал.
Ақ бас таулардың айнадай тұнық, кіршіксіз мөлдір аспанмен астасқан жалтыр мұзды қадау – қадау шыңдарының осы бір таңғажайып тұрпаты менің көкейіме, көкірегіме ертегідей ұялаған. Оның құдіретін құт санап, құрметпен бас иемін! Ұлы таудың адамды тамсантқан ұлы қасиетіне өмір бойы тағзым етіп келемін!
Дүние жүзінде зәулім таулар көп қой. Бірақ баурайында гүлдей жайнаған сәлетті қаласы бар, зілзала салатын ішкі түтігі жоқ Алатауға не жетсін!..
Оңтүстік Америкадағы Анды таулары да Африкадағы Килиманджоро асқары да, Еуропадағы Альпі жоталары да өз перзенттері үшін ыстық – ақ шығар. Егер біз сол тауларға аз ғана күнге саяхат жасап бара қалсақ, қашан қайта айналып келіп өзіміздің ақ жал Алатауымызды көргенше кеудеміздегі сағыныш жалыны жанар таудай атқылап, лапылдап жанып тұрар еді...
Біз үшін дүниеде Алатаудан қасиетті, Алатаудан киелі ешбір тау жоқ !
Ол қазақ үшін қастерлі, қасиетті.
Толыбаев Қ. Сырлы Арал.
Қайран, Тарбағатай !
Сен тау болып жаралғалы, құтты қоныс қойнауың мал мен жанға талай толып, талай солды ғой. Не ықылым оқиғалар өтпеді сенің сонау адыр- қырқа белдеріңде?! Сен екеуміз білетін сыр қанша, жыр қанша?!
Қазақ даласының қара шаңырағы Қаратаудан кейін тарих көшін басынан көп асырған шежіре тау – сен – ақ шығарсың, Тарбағатай !
Бір халықтың екі түрлі тағдырын қос бүйіріңе теңдеп алып, сол орныңда тапжылмай жатыр екенсің – ау, жарықтығым. Бақыт пен сордың арасын осылайша қақ бөліп, туған елдің шығыстағы бір қамалындай, осы қалпыңда мәңгі мызғымай тұра бер, қайран алтын босағам!
Жұмаділов Қ. Атамекен. Роман.
Жүздесу: Жас жазушылардың таңдамалы әңгімелер жинағы.- Алматы : Жалын,1979.-432 б.
Құрманғали Қ. Қоңыр күз күмбірі.-Алматы: Санат,2002.- 472б.
Ораз Н. Талқандалған тарихат. – Астана : Фолиант, 2003.- 488б.
Рыскелдинов Т. Ұлы көш. Роман. Екінші кітап. Астана : Елорда, 2003 . – 328 б.
Смайыл А. Арқаның Бетпақ деген даласы бар. Повестер. Астана : Елорда, 2000. – 320 б.
Ысқақов Қ. Ақсу – жер жаннаты : Роман. – Алматы : Жазушы, 1989. – 528 б.
Тәрбие сағаттарына материалдар » Соңғы қосылған дүниелер »