Алматыда Спорт күніне арналған велошеру өтті

Алматыда «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында өтетін апталық велошеру Спорт күніне арналды.

«Нұрлы Тау» бизнес орталығынан басталып ҚР Тұңғыш Президенті саябағында аяқталған 9 шақырымдық қашықтықты 400-ге жуық адам бағындырды. Мәреде қатысушылардың арасында бағалы сыйлықтар мен велосипед ойнатылып, флэшмоб ұйымдастырылды. Нәтижесінде 14 жасар алматылық Абдуғани велосипедтің иесі атанды. 

- Мен бұл велошеруге екінші рет қатысып отырмын. Өте ұнады. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Осы сыйлықты ұтамын деп ойламаған едім, енді қалдырмай келуге тырысамын, – деп ойымен бөлісті Абдуғани Серік. Сонымен қатар қатысушылар ырғақты би билеп, арнайы «Спорттық Алматы» сыйлықтары мен EXPO көрмесіне арналған билеттер ойнатылды. 

Айта кетер жайт, Қазақстанда «Спорт күні» тамыздың үшінші жексенбісінде жыл сайын атап өтіледі. Ал 20 тамыз күніне жоспарланған велошеру әуесқойларға арналған «Tour of World Class Almaty» кәсіби веложарысының өтуіне байланысты болмайды.   

«Спорттық Алматы» бағдарламасы мегаполистегі бұқаралық спортты дамыту мақсатында жүзеге асырылуда.

khabar.kz