Қазақстан Президенті Беларусь еліне сапарлайды

Астанада ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев пен Беларусь Премьер-министрі Андрей Кобяков келіссөздер жүргізді.

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды. «Екі елдің арасындағы қатынастар достық пен ынтымақтастық рухында қарқынды түрде дамып келеді. Осы орайда біздің елдердің көшбасшыларының рөлі айрықша. Қазіргі кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Минскіге сапарына дайындалып жатырмыз. Атап айтқанда, дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мемлекет басшысының сапары Қазақстан-Беларусь қатынастарын дамыта түсуге елеулі серпін береді деп болжап отырмыз», – деді Бақытжан Сағынтаев. 

Өз кезегінде Беларусь Премьер-министрі Андрей Кобяков Қазақстан тарапының қонақжайлылығы үшін алғысын айта келе: «биылғы жыл елдеріміз үшін мерейтойлы болып отыр, яғни 25 жыл бұрын біз дипломатиялық қатынас орнаттық. Осы жылдарда біздің ынтымақтастығымыз стратегиялық мәнге ие болды. Қазақстан – біз үшін маңызды әрі уақытпен тексерілген сенімді серіктесіміз. Сіздермен екіжақты, сондай-ақ интеграциялық тұрғыда әрі халықаралық ұйымдар аясында жоғары деңгейдегі өзара іс-қимылдарды қолдап келеміз», – деді.

khabar.kz