«Сығанақ тарихы» музейі ашылды

Расында да өскелең ұрпақтың отансүйгіштік қасиетін қалыптастыруда «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Туған жер» бағдарламаларының мәні зор. Көненің көзі тарихтан сыр шертеді.

Қазақ жерінде әлемге таралған түркі мәдениетінің алтын қазығы саналатын көне шаһарлар көп. Соның бірі – сан ғасырлық тарихты бүккен Сығанақ. Қаратаудың етегіндегі ортағасырлық қала орны ашық аспан астындағы археологиялық паркке айналмақ. Жақында «Сығанақ тарихы» музейі ашылды.

Сығанақ – X ғасырлардан бергі кезеңде қазақ даласының сауда және қолөнер орталығығына айналған шаһар. Алтын орда, Ақорданың құрамында болған. XV ғасырда қазақ хандығының негізгі саяси-экономикалық қалаларының бірі саналды. Дүркін-дүркін жоңғар шапқыншылығынан шежіре шаһар тіршілігін тоқтатты. Археологиялық зерттеулер көрсеткендей, мұнда түркі өркениетінің тұтас тарихын айғақтайтын қазба ескерткіштердің барлық түрі кездеседі.

Әлімжан Ержанов, тарихшы:

-Сауда байланыс болған. Тіпті Сығанақ теңгелері қазіргі Ресей территориясынан табылып жатыр. Сығанақ теңгелері Еділ бойындағы көне Алтын орда қалалары Сарай, Гүлстаннан шығып жатыр. Ең соңғы халық мұнда 19 ғасырда өмір сүрген. Кейін қазіргі Жаңақорған аумағына қоныс аударады.

Бүгінде көне қаланың мешіт-медресесі қайта қалпына келтірілді. Орыс саяхатшысы Якубовскийдің 1927 жылғы фотосуретіндегі үлгісі бойынша жаңғыртылды. Дешті Қыпшақ, Ақ орда, Қазақ хандығының астанасы болған шаһарды енді әлемге таныту қажет.

Сұлтан Сартаев,  ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:

-Өзіміздің тарихи жерлерімізді елге таныстыруымыз керек. Мынау Сығанақ – өте ескі қала, қазақ хандарының орталығы болған жер. Сығанақты қазақ халқы туған жеріндей көретіні сол. Өйткені біздің Тәуелсіздігіміздің басы осы Сығанақта жатыр.

Жалпы аумағы 80 гектарды құрайтын қаланың басты нысандары анықталып, табылған жәдігерлер «Сығанақ тарихы» музейіне қойылды. Жүзден астам құнды қазба және жазба дерек дәуірлер жаңғырығын жалғап тұрмақ.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов, Руслан Айтмамбетов

khabar.kz