Батыс Қазақстан облысының диқандары майлы дақылдар өсірмек

Былтыр Батыс Қазақстан облысының диқандары соңғы 7 жылда болмаған мол өнім жинаған еді. Биыл да табиғат мәрт мінез таныта ма деген үміт мол.

Күні бүгін өңірдегі егіс алқаптарының 60 пайызына тұқым себілді. Облыс шаруалары майлы және мал азықтық дақылдар өсіруге баса көңіл бөлуде. 

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

-Дәл қазір дала төсінде қарбалас шақ. Көктемнің әр күні жылға азық екенін жақсы түсінетін диқандар уақытты ұтымды пайдаланып, тұқым себу науқанын өткізіп жатыр. Облыстағы астықты аудандардың бірі – Бөрлі. Биыл аудан бойынша 52 мың гектарға тұқым себу жоспарланған.

Ас атасы нанның даладан дастарханға қандай бейнетпен баратынын басынан кешкендер ғана біледі. Күзде жер жыртып, қыста қар тоқтату, тұқымды улап, тыңайтқыш қолдану, арамшөпті отау сынды агротехникалық шараларды сақтағанда ғана мол өнімге негіз бар. Осындай тынымсыз тірлікке үйренгендердің бірі – бөрлілік Мұсағали Тілегенов. Кәнігі диқан арпа, бидай, жоңышқа себуді аяқтап, енді мақсары, қонақ жүгері егуді бастамақшы. 

Мұсағали Тілегенов, шаруа қожалығының жетекшісі: 

-Май зауытымен келісім жасаса, қанша болса да аламыз деп жатыр. Сатуы оңай болғасын сафлорды егейін деп жатырмын.  500 гектардай жыртылған жеріміз бар. 

Орал өңірінде аптап ыстық пен аңызақ желдің салдарынан астықты алқаптар қурап, қамбаның құр қалуы соңғы жылдары жиі қайталанып жүр. Сондықтан шығар шаруа құрылымдарының көпшілігі мал шаруашылығына ден қойған, қуаңшылыққа төзімді дақылдар егуге көшкен. 

Жаңабай Қаналин, Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары:

-Қуаңшылыққа байланысты арпа, бидайды азайтып жатырмыз. Соңғы 10 жылда ауданымызда егін шықпай қалды ғой. Бәрі майлы дақылдар егіп жатыр. 

Биыл облыста жалпы егіс көлемі 480 мың гектар болса, соның 170 мыңын мал азықтық өсімдіктер құрамақ. Өңірдегі май зауытының бірнеше жылғы үзілістен кейін жұмысын жандандыруы да майлы дақылдар алқабының артуына әсер еткен. Облыс диқандарына көктемгі далалық жұмыстарға 12 мың тонна арзандатылған жанармай бөлініп отыр.  

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Р. Ғазезов

khabar.kz